Әлеуметтану ғылымының ең негізгі және ауқымды терминдерінің бірі болған «жамағат» сөзінің пайда болуы адамзат тарихынан бар. Бұл тұрғыдан тарихи және саяси процестердің кезеңінде түрлі құрылымдық формаларды иемдене алады. Жамағат түсінігі әртүрлі адамдардың өзара ықпалдасуының нәтижесінде пайда болған қоғамдық құбылыс ретінде айтуға да болады.
Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың дүниеден озуының нәтижесінде көптеген сұрақтар жауапсыз қалды. Мұсылмандардың өз арасында бір-бірлерімен соғысудың нәтижесінде пайда болған бөлінушілік күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Пайғамбардың кезеңіндегі бір ғана Ислам, уақыт өте келе, географияның кеңеюімен, яғни Ислам дінінің әлемге жайылумен әртүрлі халықтарға қарай өзгеріп отырған. Исламға шақыру үшін Исламның өзгеше формаларымен «Жәннатқа барғың келсе менің жолыммен жүр», «Жәннатқа жетелейтін жол» деген қағидаларды ұстанатын әртүрлі мазхап пен фырқалар, сонымен қатар тариқаттар, түрік жамағаттар белсенділігін арттырады.
Түрік жамағаттарының арасында қолдаушылардың саны көп болмаса да, ең белсенді жамағаттардың бірі, Түркия Республикасының мәдени астанасы Стамбул қаласының әйгілі Фатих ауданында орналасқан – Махмұтшылар жамағаты. Бұл топтың екінші аты – Исмаил аға жамағаты. Жамағат есімін басшысы болған Махмұт Ұстаосманоғлұдан алады.
Түркия Республикасын құрушы Мұстафа Кемал Ататүрік өзінің зайырлы елді қалыптастыру мақсатында 1925 жылдың 13-желтоқсанында жамағаттардың жиналатын жері мен медреселерінің жабу науқанын бастайды. Түркиядағы қазіргі жамағаттар сол кезеңде бастан өткізген ең қаралы күндер болатын. Алайда жамағаттар үшін бұлттар сейіліп, күн жарқыраған кезең – Тұрғыт Озалдың басшылық кезеңі болады.
Махмұт түрік жамағаты Нақшибандия тариқатын ұстанушы, әңгімелері мен іс-әрекеттерін ескілікке тірейтін жол ретінде танымал. Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін рухани жағынан бос кеңістіктері болғандықтан көптеген дін мен діни ағымдарға, тариқаттарға есігін ашты. Бастапқыда олардың дінді уағыздау, насихаттау әрекеттері тек оң жағынан көрініс тапса, уақыт өте келе шынайы пиғыл мен мақсаттары көріне бастады. Сүлейменшілер мен Нұршылар секілді Махмұтшылар да қазақ жеріне келген болатын. Өздерінің ерекше киім үлгілері мен хожа, яғни ұстаздарының сөздерін екі етпестен, бұлжытпай орындау сынды ұстаз-шәкірт арасындағы байланысты тасауфтан (сопылықтан) алған бұл элементті жая бастады.
Түркияда пайда болған Махмұтшылар саяси мақсаттарын көрсетпеуге тырысады. Исмаил аға жамағатының медресесі орналасқан Фатих ауданы құдды бір Сауд Арабиясының қалаларының біріне ұқсайды. Медресе аумағында тек араб үлгідегі киімдер тігіліп, сатылуда. Олардың медреселері халықаралық статусқа ие болғандықтан шәкірттері көбіне ТМД елдерінен келіп оқуда.
Әрбір жамағат, мазхап, тариқаттардың өзіндік қағидалары мен заңдылықтары бар. Осы орай жамағаттың түр-сипаттарына тоқталатын болсақ:
- Исмаил аға жамағатының мүшелері бірдей киім үлгісінде жүреді. Бастарына сәлде, үстеріне шапан, өте кең болған шалбар киеді;
- Сақал өсіру міндетті;
- Әйел адамдар әурет көрінбейтін дәрежеде, тек жүздерін ғана ашып қоятын, араб үлгідегі қара түсті, кең көйлек киеді;
- Медресеге жаңадан келген шәкірттің есімі Нұржан, Ержан, Бағлан, Бауыржан, Бақытжан секілді арабшаға қатысы болмаса, есімін Оспан, Нұрулла, Дәуіт, Али секілді Ислам тарихындағы адамдардың атымен басынан азан шақырып ат қояды;
- Тек өздерінің баспасынан жарық көрген кітаптармен ілім-білім үйретеді
Бұл жамағаттың қоғамымызға тигізер кері әсеріне тоқталып өтсек:
- Шетелден келген діни жамағаттардың біздің еліміз үшін ең басты қаупі ол - сырттан басқарылуы. Яғни шын мәнінде басшыға бағынуды сөз жүзінде ғана қолданады.
- Қаражат көздерінің жабықтығы, қаржыны қалай, қай жақа жұмсалғандығы туралы еш мәлімет жоқ.
- Тек өз имамдарын пірлерін ғана тыңдап, дінді тек өз ұстазының түсінігімен шектеліп қалады. Басқа имам-ұстаздардың сөзіне құлақ асуы екі талай. Бұл да бір бөлінушілікке алып келетін сипаттардың бірі
- Түріктендіру саясатын қолдауы.
- Өз имамдарын пайғамбардан кейінгі дәрежеге көтереді.
Жалпы алғанда, әрбір жамағат немесе тариқат ертеңгі күні мазхапқа айналмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Бүгінгі таңда өздерін қоғамнан оқшаулаған, бөлектеніп бір мектеп болған тариқаттың болашағын болжау –оңай. Өйткені бүгін олар өзіндік заңдылықтары мен қағидалары болса, ертең өздеріне тән сенім негіздері болары, ал одан әрі «мутацияланатын» болса дінге де айналу қаупі бар.
«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»
бөлімінің маманы Н.Әмзеев
Махмұт түрік жамағатының қоғамға теріс әсері