Мәдениет пен ұлттық құндылықтардың үндестігі
Мәдениет пен ұлттық құндылықтардың үндестігі
03.03.2026
458
0

Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани мәдениетін сақтаған, оларды ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған халықтың өркениетті ел ретінде болашағы жарқын.

Ұлттық құндылық – бұл ата-бабамыздан мирас болған тіліміз, дініміз, діліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тарихымыз, рухани мұрамыз. Ал осы құндылықтар арқылы тәрбиеленген ұрпақ қана еліне, жеріне, ұлтына адал, арлы азамат бола алады. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өнеге жолы бар. Батыр бабаларымыз ел үшін жанын қиғанда, ақын-жырауларымыз ұрпаққа ақыл-өсиет айтқанда, бәрінің түпкі мақсаты – ұлттың болашағын сақтап қалу еді. Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны тәрбиенің негізгі тетігі ету – әрқайсымыздың міндетіміз. Жас ұрпақ тек білімді, технологияны меңгерген заманауи азамат қана емес, ұлттық рухы биік, өткенін ұмытпаған, тарихын қастерлейтін, дініне берік тұлға болып қалыптасуы тиіс. Ұлт тәрбиесі – ең алдымен отбасынан басталады. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»  дейді.  

Ал дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Дін өмірдің мәні мен мақсатын ашады, адамның ішкі жан дүниесін байытып, өнегелі көзқарас пен әрекет қалыптастырады. Ал, қазақ үшін имандылық тәрбиесі ата-бабасынан ұласқан, жанына жақын, қанына сінген, ұласпалы ұғым, педагогикалық тұщымды категория.

Балаға ұлттық құндылықтарды сіңіруді ертеден бастау қажет. Бала ана тілін, ата дәстүрін, салт-санасын, тарихын құрметтеп өссе, оның бойында ұлтжандылық қасиет қалыптасады. Абай атамыз: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп текке айтпаса керек. Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесінде кемшілік болса, оған ата-ана, мұғалім, қоғам, қысқасы баршамыз жауапты боламыз.

Біз ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ғана жастарымызды теріс әрекеттерден, дәстүрімізге жат мәдениеттен, дінімізге қайшы жат ағым мен адасудан сақтай аламыз. Ұлттың болашағын қа­лыптастыратын ең маңыз­ды құнды­лық­тар­дың бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ұлағатты ұрпақ тәрбие­леу – баршамыздың ор­тақ асыл міндетіміз. Өйт­кені өскелең жас буын­ның бойындағы рухани дағдарысты болдыр­мау – бүгінгі күннің өзек­ті мәселесінің бірі. Сонымен қатар ата-ана әрдайым өз перзенттері үшін игі дұғада болу. Олардың тәрбиелі, салиқалы болуы ата-анасының дұғасына тікелей қатысты. 

Жер бетіндегі миллиондаған адамның түбі бір – барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі – берік, келешегі – кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнің айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі – Жаратушының әрбір халыққа берген нығметі.

Қазақ халқы замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Өзінің мәдениеті, тілі, ділі, салт-дәстүрі, бабалар салып кеткен діни бағыты бар.

Қазақ халқының рухани мәдениеті Ислам құндылықтары мен қазақы салт-дәстүрге негізделген десек артық айтқан болмаймыз. Оны дамыту мен жаңғыртуға үлкен үлес қосқан қазақ жерінен шыққан ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының Ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында Исламның рөлі басым әрі маңызды екендігін дәлелдей түспек.

Қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам әлемі мен өркениетінің ажырамас бөлшегі екендігін көруге болады.

Ендеше, мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Қос асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлағаттаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз. Сондықтан өз халқымыздың дәстүрін бекем ұстап дәріптей білуіміз қажет.

 

Д. Аманов

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                             

 

 

0 пікір