Конфессияаралық толеранттылық пен келісім
Конфессияаралық толеранттылық пен келісім
24.11.2025
364
0

Бұл тақырып қазіргі жаһандану дәуірінде аса өзекті болып отыр. Әлемде орын алып жатқан этникалық және діни сипаттағы қақтығыстар бейбітшіліктің қаншалықты нәзік әрі маңызды ұғым екенін дәлелдейді. Сондықтан қоғамда тұрақтылық пен өзара түсіністікті қамтамасыз етудің басты шарты – конфессияаралық келісім мен толеранттылық мәдениетін дамыту.

Конфессияаралық келісім – бұл әртүрлі дін өкілдерінің өзара құрмет пен түсіністік негізінде бейбіт қатар өмір сүруі. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл ұғым діни сенім бостандығын қамтамасыз етуді, рухани құндылықтарды мойындауды және діни қақтығыстардың алдын алуды көздейді. Діни және этностық келісім – ел болашағының кепілі. «Келісім бар жерде – келешек бар».

Конфессияаралық келісімнің  мақсаты:

–       Діни қақтығыстардың алдын алу;

–       Әр діннің құндылықтарын мойындап, сыйлау;

–       Қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілік орнату.

Қазіргі таңда, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерінің ұлттар мен діндер бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Қазақстанда әртүрлі конфессиялар – ислам, христиандық, иудаизм және буддизм өкілдері – бейбіт өмір сүріп келеді. Дүние жүзінде осыншама көпэтносты және көпконфессияның бастарын қосып тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекеттер саусақпен санарлықтай.

Толеранттылық термині латын тіліндегі «tolerantia» сөзінен шыққан, мағынасы – төзімділік, сабырлылық, өзгені қабылдау. Толеранттылық – қоғам мүшелерінің мәдени, діни және ұлттық айырмашылықтарға сыйластықпен қарауы. Ұлы дана халқымыз: «Адамның адамдығы – сыйластықта», – дейді. Адамгершілік пен рухани биіктік өзара құрметтен туындайды. Бұл қасиет тек жеке тұлға деңгейінде ғана емес, мемлекеттік саясат пен қоғамдық сана деңгейінде де маңызды рөл атқарады. Адамзат тарихындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі Махатма Ганди: «Толеранттылық – әлсіздіктің емес, күштің белгісі»- деп түсіндірді. Нағыз төзімділік – рухани беріктіктің көрінісі.

Қазақстан Республикасы – конфессияаралық келісім мен толеранттылықты тиімді жүзеге асырып отырған мемлекеттердің бірі. Қазақстанның Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» екені нақты көрсетілген. Бұл норма діни ұйымдардың тең құқылы қызмет етуіне және азаматтардың наным-сенімін еркін ұстануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы діни ұйымдардың құқықтық мәртебесін реттеп, қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, елімізде тұрақты түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізіледі. Бұл форум әлемдік деңгейдегі діни диалог пен бейбітшілік идеясын нығайтуға бағытталған бірегей алаң болып табылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы да осы бағытта маңызды институттық рөл атқарып келеді. Ол этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтау, қоғамда толеранттылық мәдениетін қалыптастыру ісінде тиімді құралға айналды.

Білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдары да толеранттылық пен өзара құрмет құндылықтарын насихаттауда ерекше орын алады. Жастардың бойында рухани мәдениет пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру – елдің болашағына инвестиция болып табылады.

Қорытындылай келе, конфессияаралық келісім мен толеранттылық – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Бұл құндылықтар еліміздің ішкі бірлігін сақтап қана қоймай, халықаралық деңгейде Қазақстанның бейбітшіл имиджін қалыптастырады.  Әлемдік сахнада Қазақстан мемлекеті ешқашан діни негізде қақтығыстар болмаған елдер қатарына кіреді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамыту арқасында Қазақстан ұлтаралық, дінаралық тұрақтылыққа жетті. Осының арқасында Қазақстан бүгінде көптеген әлем елдеріне үлгі өнеге деп айтсақ артық болмас. 

Қай заманда да ынтымақ пен бірлік бар жерде ғана береке болған. «Бейбіт елде береке бар,  Келісті кеңес ерде бар, Қымбат қазына жерде бар»-деп тек тыныштық орнаған қоғамда ғана даму мен өркендеу болады. Сондықтан біз, толеранттылық идеяларын қолдап, діни және мәдени келісімнің дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Тек өзара сыйластық пен түсіністік арқылы ғана тұрақты әрі рухани бай қоғам құра аламыз.

 

  А.Дүйсен

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                

 

0 пікір