Кітап – білімнің қайнар көзі
Кітап – білімнің қайнар көзі
08.04.2025
470
0

Кітап  – адамзаттың ең құнды қазыналарының бірі. Ол ғасырлар бойы ой мен білімнің, мәдениет пен тарихтың сақтаушысы әрі таратушысы болып табылады. Кітаптар арқылы адамзат барлық жетістіктерін, ғылым мен мәдениеттің дамуын, тарихи оқиғаларды келесі ұрпақтарға жеткізді. Әр кітаптың бетінде адамзаттың ақыл-ойы мен тәжірибесі жинақталған, сондықтан да кітап білімнің қайнар көзі болып табылады.

Кітап – бұл тек жазбаша ақпараттың жинағы ғана емес, ол адамзаттың өмір тәжірибесін, оның рухани және мәдени дамуын білдіретін құнды мұра. Бүгінгі таңда кітаптың мәні айтарлықтай өзгергенімен, оның маңызы ешқашан азайған емес. Тарих, ғылым, әдебиет, философия, әлеуметтік және табиғи ғылымдар саласындағы барлық білімдер кітаптарда жинақталған. Адам баласы оқып, білім алып, зерттеп, өзінің дүниетанымын кеңейтеді. Бұл өз кезегінде адамның рухани және интеллектуалдық дамуына ықпал етеді.

Темірді тат басқаны секілді азғындық та адамды құрдымға кетіреді. Ал оған қарсы иммунитет болып саналатын руханият кітап оқу арқылы беріледі. Тіпті, адамның психикалық әлеуетін дамытудағы рөлі орасан зор. Кез келген жаңалықтар уақыты келіп ескірсе, адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған жауһарларын өзінде қамтыған кітаптар ешқашан ескірмейді. Ел болашағы саналатын жастарды ұлттық құндылықтар жолында тәрбиелеуде кітаптан асқан қуатты құрал жоқ.  Түрлі тақырыптар мен мәселелерді өзінде қамтыған құнды еңбектерді оқу арқылы дүниеге деген көзқарасымыз өзгеріп, оған ой жүгірту үшін берілген санамыз арта түспек. Қаншама ғұлама ғалымдар кітапқа ғашық болу арқылы жетістіктер мен кемел адам дәрежесіне жеткен. Бір ғана мысал, Қазақстан халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, әңгіме жанрының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов кітап оқу жайлы: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,- деген пікірі сөзімізге дәлел болмақ. Расымен де, кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Оны таңдап-талғап оқи білу, түсіну мен сезіну, алған әсеріңді өмірлік қажеттілікке жарата білу – әрбір жанның біліктілігі мен білімін арттыра түседі.

Кітап оқу – адамның рухани және мәдени дамуына әсер ететін маңызды фактор. Әдеби кітаптар, поэзия мен философия – тек білім беріп қана қоймай, адамға өмірлік құндылықтарды, адамгершілік қағидаттарын ұғындыруда үлкен рөл атқарады. Кітаптар арқылы біз жақсылық пен жамандықты, әділеттілік пен әділетсіздікті, адалдық пен алдауды түсінеміз. Олар адамгершілікке, рухани байлыққа, батылдық пен шынайылыққа тәрбиелейді. Мысалы, классикалық әдебиеттер мен философиялық шығармалар адамның ішкі әлемін ашуға, моральдық сұрақтарды қарастыруға мүмкіндік береді. Оқырман әрбір шығарма арқылы өзін таниды, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Сонымен қатар, кітаптар адамның эмоциялық әлемін байытып, сезімдерді тереңірек түсінуге септігін тигізеді.

Қорытындылай келе; Кітап – білімнің қайнар көзі. Ол адамзаттың барлық жетістіктері мен тәжірибесін жинақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізеді. Кітап оқу арқылы біз өзіміздің білімімізді арттырып, рухани дамуға, жаңа идеяларды игеруге жол ашамыз. Кітап – тек ақпарат көзі ғана емес, ол біздің дүниетанымымызды кеңейтетін және ішкі әлемімізді байытатын маңызды құрал болып табылады. Сондықтан кітаптың құндылығы мен маңызы ешқашан төмендемейді.

 

 Ә.Болат

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы:                                 

0 пікір