Кереғар ағымдардан арылу қажет
Кереғар ағымдардан арылу қажет
03.03.2025
350
0

Ақпараттық-технологиялардың дамуы халықтың интернет арқылы кереғар ағымдардың құрсауына түсу қаупін арттырды. Адамдардың деструктивті діни ағымдарға тартылуы көбіне олардың діни көзқарастарының әлі толық қалыптаспағандығынан, діни сауаты болмауы және ықпалға оңай түсуінен болып отыр. Сонымен қатар, жас адам әрекет етуге мәжбүр болатын тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени жағдайлар да жастардың радикалды және экстремистік топтарға тартылу қаупін арттырады.

Бүгінгі таңда кез келген ақпарат өзгеріске ұшырауы мүмкін және қоғамдық пікірге әсер ету міндеттерін орындау мақсатында белгілі бір мүдделер үшін сәтті пайдаланылуы мүмкін. Осыған байланысты ақпараттың негізгі идеясын анықтау, оны тексеру, бақылау және тарату арналарын бақылау қажеттілігі артып келеді.

Жастарды кереғар ағымдарғатарту үрдісі елімізде 1990 жылдардан бері байқалып келеді, бұл бір жағынан қоғамның қарапайым рухани-адамгершілік қажеттіліктеріне, екінші жағынан әртүрлі, жиі өзара қайшылыққа түсетін діни бірлестіктердің жандануы мен өскелең ұрпақтың діни білімінің жетіспеуіне байланысты болды. Халықтың діндар бөлігінің санасының радикалдануына ықпал ететін тағы бір жағдай белгілі бір дәрежеде кейбір азаматтардың (әсіресе жастар арасында) қажетті теологиялық білімнің жоқтығы болып табылады.

Шетелдік діни орталықтардың қызметі қолданыстағы мемлекеттік жүйеге қарсы бағытталған деструктивті діни қауымдастықтарды құруы және қолдауы діни ахуалға қауіп төндіреді, қоғамдық тәртіпті бұзумен қатар, Қазақстан тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтіреді.

Сонымен қатар, кейбір жалған діни ұйымдардың заңсыз жолмен алынған материалдық және қаржылық ресурстарды кеңінен пайдаланудан тұратын қылмыстық әрекеттері, сондай-ақ осы діни ұйымдардың басшыларының заңсыз әрекеттері (жарияланбаған қайырымдылықтарды заңмен тыйым салынған мақсаттарға бағыттау, алаяқтық, моральдық және физикалық зиян келтіру және т.б.) қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына төнетін қауіптердің біріне айналуда.

Адасқан ағымдардың арасында ажырасу, талақ айту, ата-анасын кәпірге шығару, бейіт басына құран оқымау, ас беру рәсіміне қатыспау, құран бағыштауға қарсы болу, дұға қылғанда алақанды жаймау және бет сипамау, сақалды бей-берекетсіз өсіру, балақты қысқарту, намаз оқығанда аяғын кең ұстап, қолын кеудесіне қойып оқу сынды көптеген белгілері бар. Бұл белгілерінің барлығының шығу тегі Құран және сүннет біздің жолымыз деп, өзгелерді ширк, бидғатпен айыптау.

Кереғар ағымдардан сақтауы үшін өз бойыңызда 3 қасиетті дамыта біліңіз:

  1. Білім алуға көңіл бөліңіз. Үнемі білімге ұмтылыңыз. Білім – радикализм мен экстремизмге қарсы күрестің қуатты құралы. Ислам діні мен мәдениетін жақсырақ түсіну үшін ислам тарихы, философиясына және этикасына тереңірек үңіліңіз.
  2. Ұлттық мәдениетіңізді меңгеріңіз. Ұлттық құндылықтар – белгілі бір халықтың тарихи қалыптасқан рухани, мәдени және әлеуметтік байлығы. Бұл құндылықтарға тіл, дәстүр, әдет-ғұрып, өнер, әдебиет, дін, моральдық нормалар мен қоғамдағы қатынастар жатады. Олар халықтың бірегейлігін айқындайды, оны басқа ұлттардан ерекшелейтін болмысы.
  3. Ақпаратты сыни тұрғыдан бағалаңыз. Қазіргі уақытта ғаламтор мен әлеуметтік желілер ақпарат айдынында басты орынға айналды. Дегенменде, алынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалаңыз. Деректердің сенімді екеніне және оның Исламның шынайы ілімдеріне сүйенетініне көз жеткізіңіз. Асығыс қорытында жасамас бұрын немесе күмән келтіретін ақпаратты қабылдамас бұрын оны дұрыс талдап, түсінуді үйреніңіз. Деструктивті діни ағымдар көбінесе діни мәтіндерді бұрмалап түсіндіруге негізделгенін есте сақтаңыз.

Әрбір адам өмір бойы даму үстінде болады және оның денесімен бірге ішкі жан дүниесі де дамуға тиіс. Сонда ғана ол адам деген ардақты атқа лайықты, жан-жақты жетілген, жеке тұлға болып қалыптасады. Адамзат қоғамының өзі жеке адамдардан тұрады, олай болса қоғамның дамуы, оның әрбір мүшесінің дамып жетілу сапасына байланысты болады. Біз жеке адамдардың өмір салтының рухани жан-жақты дамуына жете көңіл бөлуіміз керек.

 

 

   А.Сейдуәлі

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                              

 

 

 

 

 

0 пікір