Жүз жасаған Жәкеңнің аманаты...
Жүз жасаған Жәкеңнің аманаты...
09.02.2021
703
0

Кеңес үкіметі орнап, дінсіздік саясатын діңгек еткен кезеңде де біздің халқымыз наным-сенімінен толықтай айырылып қалған жоқ. Коммунистік идеологияның ұрда-жық саясатына қарамастан, қазақ қоғамы әртүрлі салт-жораларын сақтап, ұлттық болмысын жоғалтпауда маңызды функцияларды тұрмыс-тіршілігімен ұштастырып өміршеңдігін жалғастыра білді. Оның айғағы сол уақыттарда да баланың туылуымен атқарылатын діни, дәстүрлі жоралғылар, тәрбиелеу, үйлену тойы, жерлеу рәсімі сынды дәстүрлер ұлттық және отбасылық ғұрыптардың дінмен етене жүргендігі.

Кеңес үкіметінің Құдайсыздық ұстанымы орнағанға, яғни 1920 жылдардың ортасына дейінгі қазақстандық мұсылмандар ислами білімдерін алып, шариғат нормаларын кедергісіз орындады. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы ислами дәстүрлердің өміршеңдігі діни нормалардың қоғамдық және индивидуалдық санада терең сақталуына ықпал етті. Сондықтан кеңестік кезеңдегі діндарлық типін криптодіндарлық ретінде сипаттауға болады. Қатаң идеологиялық қыспақта тұтас қоғам мен жеке адам өз діндарлықтарын жасыруға, байқатпауға талпынды. Осы жағдайда ислам дәстүрлері ғасырлар бойы жинақталған рухани әлеуетті сақтап қалды.

Ал біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Жамбыл бабамыздың шынайы діндарлық тұлғасының қалыптасуы ХХ ғасырға дейін іргесі нығайған болатын. Сондықтан да біз бүгін осы уақытқа дейін мүлде айтылмай келе жатқан Жамбыл атамыздың дінге, соның ішінде исламға деген көзқарасына тоқталмақ ниеттеміз.

Өкінішке орай Кеңестік дәуірде қазақ халқының тарихы, мәдениеті, дін ғылымы салаларына тәуелсіз зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмеді. Кеңестік дәуірде дәстүрлі мәдениеттің барлық іргетасын түбегейлі өзгертуге бағыт алды. Діни мазмұнның түбегейлі атеизммен байланыстырылуы, қоғамның мәдени өміріндегі дінге және оның функцияларымен өзара қатынасының өзгерген заманы болды. Тиісінше бұл кешегі Абай һәкім мен Жамбыл Жабаев секілді тұлғалардың діни көзқарастарын зерттеуге өзінің теріс ықпалын тигізбей қоймады. Идеологияның ықпалынан шыға алмаған зерттеушілер жоғарыда аталған тұлғалардың еңбектерін тек біржақтама түсінуге және соны өзгелерге түсіндіруге тырысты.

Тақырыбымыздан ауытқымай биылғы жылы туғанына мерейлі 175 жыл толып отырған, ғасырлық ғұмыр кешкен, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың діни ұстанымына, еліміздің сол кезеңдердегі діни ахуалына шолу жасап көрмекпіз.

Алдымен Жамбыл бабамыздың жеке тұлғасына, соның ішінде оның шығу тегіне тоқталып өтсек. Себебі, кеңестік идеология Жәкеңнің діни көзқарастарын жасырумен қатар оның шығу тегін де солақай саясатпен бұрмалап, кедей таптан шыққан адам ретінде танытуға тырысты. Себебі халық арасында кедей таптан шыққан азаматтар беделді болуы керек деген ұстаным қалыптасқан болатын.

«Жамбылдың арғы атасы Ыстыбай атағы алысқа кеткен, керегесін кеңге жайған дәулетті, айтқанын екі еткізбейтін ел басқарған жан болған. Әкесі Жапа батыр да батыл, өжет екен. Алдында бес жүзден астам кілең боз жылқысы, отар-отар қойын өргізген елдің аузында, көптің алдында жүрген айтулы азамат болыпты. Сарыбай би Айдосұлымен иықтас жүріп, үнемі оң жақ тізесінде отыратын, кеңесетін кеңесшісі екен. Кеңес өкіметі заманында Жамбылды «кедейдің баласы» деп бұрмалап көрсеткен. Иә, кәрі тарих, таразы уақыт бәрін орын-орнына қояды» - дейді, академик, профессор Н.Қапалбекұлы.

Ал, Жамбыл бабамыздың діни көзқарасының қалыптасуына туған ағасы – Тәйтінің ықпалы зор болған. 1840 жылы өмірге келген Тәйті Ыстыбай ұрпағының ең бай болған ұқыпты баласы екен. Жәкеңнің ағасы Тәйтінің екі рет қажылыққа барғандығын, оның біріншісінде қарадан шығып хан болған Құнанбаймен сапарлас болғандығын ескерсек, жоғарыда академик Н.Қапалбекұлы ағамыздың келтірген дерегі шындыққа жанасады деген сөз. Себебі сол заманда Меккеге қажылық сапарына бару екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт екендігі айтпасақ та түсінікті дүние. Сонымен қатар сол кезеңдегі бай-бағландар өз руының, ауылының, болыстығының ортасында міндетті түрде медресе, діни білім беретін мұғалім ұстайтындығы біздің тарихымыздан белгілі. Бұл дегеніміз Жамбыл бабамыз да өз ауылындағы ислам діні өкілдерінен, молдалардан тәлім алғандығына тағы бір дәлел бола алады.

Жамбыл бабамыздың ағасы Тәйті қажы Меккеге алғашқы барғанында Орта жүздің тобықты руынан Құнанбай Өскенбайұлымен және Кіші жүз Әлім руының Төртқара атасынан шыққан Мырқы деген қажымен танысады. Меккеден қайтқан қажылардың ішінде Тәйті, Құнанбай, Мырқы үшеуі дос болыпты.

Үшеуі ұзақ сырласып әңгімелеседі. Құнанбай «Бәрекелді, біз дос болдық. Үшеуіміз үш жүздің баласы екенбіз. Осы Меккеге қазақтар көп келеді. Қазақ қажылары ауызбірлік танытып, Меккеде тақиядай болса да бір мешіт салдырайық. Келген қазағымыз өз мешітінде тоқтасын, - дейді.

Құнанбайдың сол сөзін үшеуі де және басқа қажылар да толық қолдап, «осыдан елге барғанда ендігі келетін қазақтарға да аманат етіп айталық» деп уәделеседі. Осы үшеуі Меккеге баратын қажыларға «Меккеге мешіт салатын болдық» деп үгіт таратады.

Тәйті екінші рет Меккеге барғанда шапырашты руынан Құдайберген болыс, Қисыбай болыс, Асылбек болыс, Қайқы сары, Исабек Кеуілбай, Шыбыл Сәуірбай, Дәулетбақ деген кісілер қажыға бірге барады. Олар Құнанбай, Тәйті, Мырқылардың бастауымен Меккеде салдырған мешітіне «Тақия мешіт» деп ат қойған.

Жоғарыда аталған деректерді академик Н.Қапалбекұлы Ж.Жабаевтың ең сүйікті немересінің бірі Әлімқұл Жамбыловпен болған естелік сұқбатында тілге тиек етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин өзінің кітабында аталған деректерді толықтай растаған.

Ел аузында жүрген Жәкеңнің тағы да бір ерлікке пара-пар әс-әрекеті қылышынан қан тамып тұрған Кеңестік үкіметтің билігі қолында тұрған Сталиннің алдында Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі аясында Мәскеуге барғанда намаз оқуы. Әрине арғы-бергі тарихымызда ондай қадамға барған азаматтың іс-әрекеті есімізде жоқ. Кремль тұрмақ қара танып, Құран ұстауға жарайтын мұсылман баласы саясаттан үркектеп, мешітке аттап баса алмай қалған заманда, Георгиев залында намаз оқуға кімнің жүрегі дауаласын?! Сол бір оқиғаны Жәкеңнің исламға деген сенімі, Аллаға деген шексіз махаббаты деп түсінгеніміз абзал. Алланың шын ықыласы түскен, Жаратқанның шапағат нұры ерекше жарқыраған тұлға. Кейбір дереккөздерге жүгінсек Жәкеңнің намаз оқығанын Сталин бастаған ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс саясибюро мүшелері түгел көреді. Жәкеңнің еденге бел­беуін шешіп жайып тас­тап, намаз оқып отырғанын бәрі көріп, үн-түнсіз қалады. Сталин ғана қорқорын саусағына тықылдатып: «Әр ұлт өзінің дінін құрметтеуі керек» – депті күлімсірепті. Жәкең асықпай намазын бітіріп, белбеуін буынып, бері бұрылып:

– Ассалаумағалейкум, Стеке! – деген екен.

Жамбыл Жабаев әрбір өлеңін, жыр-қисса­сын бастарда Аллаға бір сиынып алады, сөзімнің басы бісмілла, бісмілләсыз іс қылма, деп отыратын – деседі көзін көргендер.

Жәкеңнің Кремльде намаз оқыған оқиғасын ерлікке балауымыздың себебі де жоқ емес. Сол кезеңде қазақ даласында Кеңес Одағының коммунистік үкіметінің қатты қолдауы мен атеизмді насихаттауының арқасында діни ой-пікірлерді жаныштап басу жүзеге асты. 1917 жыл мен 1939 жылдар аралығында 140 000 мұсылман дін қызметкері қамауға алынды, елден қуылды, тіпті халық жауы ретінде өлтірілді де.

Екінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында, большевиктер мешіттер мен мұсылмандық мектеп, медреселерді жаппай жауып, ғимараттарын тартып алуға, дін адамдарын қудалауға және аяусыз жазалауға кіріскен. Бұл кезеңдегі діни саясат 1917 жылдың қарашасындағы большевиктердің «Ресей мен Шығыс еңбекші мұсылмандарына Жолдауы» және 1918 жылдың 23-қаңтарындағы Халық комиссарлары Кеңесінің «Мемлекеттің діннен және мектептің шіркеуден ажыратылуы» туралы жарлығы аясында жүзеге асты.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда 1917 жылы Қазақстандағы тұтас халықтың саны 9 миллионнан асып, оның 88,4% мұсылман болған. Кеңес үкіметі орнап, діни ұйымдар мен мұсылман қызметкерлерін және шариғат соттарын және ислами білім саласын бақылап отырды. Ал, сол уақыттағы толық емес мәліметтерге қарағанда елде 26 мыңнан астам мешіт жұмыс істеген.

Алайда, арадан ширек ғасыр уақыт өтер-өтпестен даламызда бас-аяғы 30-40 қана мешіт қалған. Ол туралы Халық комиссарлары кеңесінің 1944 жылғы 19 желтоқсандағы «Діни ғибадат ғимараттарының ашылу тәртібі туралы» қаулысынан кейін 1945 жылы Қазақ КСР-нің Алматы, Семей, Павлодар, Орал қалаларында, 1948 жылы Ақмола, Жамбыл, Шымкентте, жалпы алғанда тіркелген 30-ға жуық мешіттерде намаз оқуға ресми түрде рұқсат берілгендігі айтылады. Тіпті аймақтардағы исламды орталықтандыру мақсатында кеңес билігі Уфа, Баку, Ташкент қалаларында мұсылман діни басқармаларын құрды. Алайда Қазақстанда осындай мекеменің ашылуын коммунистер тиімсіз, керексіз деп санаған.

Екі ғасырдың куәсі Жәкеңнің жүрегіндегі Жаратқанға деген шынайы сенімін патшалық Ресей билігі мен Кеңестік идеология сөндіре алмады. Олай дейтін себебіміз Жамбыл бабамыздың өзі көзі тірісінде сол кезедгі Қазақстан басшысы Жұмабай Шаяхметовке барып:

–                   Қарағым, мен ғұмыр бойы бес уақыт намазымды үзбей оқыған адаммын. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барған. Сондықтан менің обалыма қалмай, өлгенде мұсылманша жаназа шығартып, өзімнің бағымның ішіне жерле. Соған уәдеңді бер. Әйтпесе, Сталиннің өзіне айтамын бұл өтінішімді, - деп «қорқытқан» көрінеді. Сол тілегін басшылар орындады. Елге көрсетпей, коммунистерге жария етпей, Алматының бас қазиі Шәріп қажы мен Қарғалы мешітінің имамы Әбдіқадырға жаназа шығартты. Оған еліміздің ақын, жазушыларынан Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов секілді тұлғалардың қатысқандығы тілге тиек етіледі.

Жәкеңнің тікелей араласуымен Шә­ріп қажы 1944 жылы Сталиннің рұқсатымен Меккеге қажылыққа барып қайтқан адам еді. Қарғалы мешітінің имамы Әбдіқадыр Иминовтың да осы орынға отыруына Жамбыл атамыз демеу болған деседі. Сөйтіп, ешкімнен қаймықпай, өмірінің соңына дейін ораза ұстап, намаз оқып өткен Жәкең жеке басының ғана емес, дін адамдарының да жанашыр, арқасүйер тұлғасы болғандығына, бүкіл ғұмырында ақиқат жолын ұстанғанына, саясаттың салқын қабағына қарамастан, иманының кәмілдігіне куә боламыз.

Бүгін біз осы мақаламыз арқылы жүз жасаған Жәкеңнің бір қырын ғана тарқатып беруге әрекет еттік. Жәкең дәуірлер қатпарында, ұлттың тарихында, сананың түбінде жатқан нағыз сыр-сандық, жыр-көмбе. Уақыт өткен сайын біз оның түрлі қырлары жайлы қалам тербеп зерттеулер, естеліктер жазамыз. Қазақ деген ұғыммен қатар жүретін ұлы Жамбыл жайлы талай-талай еңбектер жазып, егемендік деген бейбіт заманда кеңестік кезеңнің тар қыспағынан шығып, Жәкеңді жаңаша көзқараспен қарап, ақиқатты аршып, құндылығын бағаласақ игі!

 

 

Медет Мұзапбарұлы Халықов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

директор орынбасары, дінтанушы.

0 пікір