Қазіргі қоғамда адамдардың тағдырын бір сәттік шешімдер өзгертіп жатыр. Бір ауыз сөзге еріп, бір сілтемені басып, бір уәденің жетегінде кетіп, өмірлік жолынан жаңылғандар аз емес. Асығыс қабылданған шешім – көбіне тығырыққа тірейтін соқпақ. Ал ол тығырықтан шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Асығыстық – адамның ойлау қабілетін тұмшалап, салдарын бағалауға мүмкіндік бермейтін қауіпті күй. Асыққан адам «Неге?», «Соңы не болады?» деп ойланбайды. Ол тек сол сәттегі эмоцияға, ашуға, қорқынышқа немесе жалған үмітке еріп әрекет етеді.
Өмірде талай мысал бар: бір сәттік ашумен айтылған сөз – жылдар бойы түзелмейтін қарым-қатынасты бұзады, тез байимын деген оймен жасалған қадам – қарызға батырады, «Шын жол осы» деген желеумен ойланбай ерген ағым – адамды отбасынан, қоғамынан, тіпті өз болмысынан алыстатады.
Қоғамда жиі айтылатын бір тіркес бар: «Білмедім». Алайда өмір заңдылықтары білместікті кешіре бермейді. Заң алдында да, тіпті тағдыр алдында да адам өз таңдауы үшін жауап береді.
Білместік – көбіне ізденбеуден, сұрамаудан, ойланбаудан туындайды. Ал ойланбау – немқұрайлылықтың белгісі. Немқұрайлылық болса, адамды кез келген бағытқа оңай бұрып әкетеді. Деструктивті діни ағымдар дәл осы әлсіз тұсты нысанаға алады. Олар күрделі діни мәтіндерді қарапайым адамның түсінігіне сай бұрмалап, «Біз ғана ақиқаттамыз», «Қалғаны адасқан» деген қара-ақ ойлауды қалыптастырады. Мұндай ортаға түскен адам сұрақ қоюдан қалады, күмәнданудан қорқады. Ал бұл – ақылдың тұтқындалуы. Дін – ойсыз еру емес, саналы сенім.
Дін – адамды ойлануға, білімге, сабырға шақырады. Ал деструктивті ағымдар керісінше, ойлауды тоқтатуды талап етеді. «Көп сұрақ қойма», «Басқаны тыңдама», «Бізге қарсы – бәрі жау» деген ұрандар – қауіпті белгілер.
Қауіпті шешімдер көбіне бастапқыда тартымды көрінеді. Олар оңай, жылдам, ауыртпалықсыз болып сезіледі. Бірақ дәл осы «жеңіл жолдың» соңы – ең ауыр салдарға әкеледі.
Деструктивті ағымға қосылған адам біртіндеп өз ортасынан алыстайды. Алдымен досынан, кейін отбасынан, соңында қоғамнан оқшауланады. Оның ойлау жүйесі өзгереді, төзімсіздік пайда болады, ал бұл – агрессияға, заң бұзушылыққа, тіпті қайғылы жағдайларға дейін апаратын жол.
Тығырық – бір күнде пайда болмайды. Ол – ұсақ, бірақ қате шешімдердің жиынтығы. Әрбір «өлшемсіз кесудің» нәтижесі. Деструктивті діни ағымдардың алдын алудағы ең мықты құрал – білім мен сыни ойлау.
Сонымен қатар, қазіргі таңда интернет арқылы ақпарат алу, қаржылық операциялар жасау және байланыс орнату жеңілдеді. Дегенмен, осындай мүмкіндіктерді пайдаланғанда асығыстық пен салғырттық үлкен қауіпке әкеліп жатқаны баршамызға белгілі. Жеке деректерге қатысты сақтық қажет. Банк картасының нөмірі, құпия сөздер мен SMS-кодтар – аса құнды ақпарат. Оларды бермес бұрын кімге және қандай мақсатта беріліп жатқанын анықтап алу қажет. Көп жағдайда алаяқтар адамдардың сенгіштігі мен жылдам әрекет етуіне сүйенеді. Интернеттегі сілтемелер мен сайттарға да абай болу керек. Сырттай ресми көрінгенімен, жалған сайттар көптеп кездеседі. Ақпарат көзінің сенімділігіне көз жеткізбейінше, жеке мәлімет енгізбеу – қауіпсіздіктің басты шарты.
Өмірде бәрін қайта бастауға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан әр шешімнің алдында жеті рет өлшеп, бір рет кесу – өз болашағыңа деген ең үлкен құрмет.
М.Серікұлы
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ маманы
Жеті рет өлшеп, бір рет кес

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru