Қазіргі таңда мешіттер тек құлшылық ордасы ғана емес, рухани, мәдени және ағартушылық орны ретінде дамып келеді. Әсіресе жазғы уақытта ұйымдастырылатын сауат ашу курстары – мешіттердің қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсететін маңызды жобалардың бірі. Мешіт – мұсылман қоғамының рухани тірегі ғана емес, тарихи тұрғыдан білім мен мәдениеттің, әлеуметтік үйлесімділіктің ошағы және өз қызметін заман талабына бейімдей отырып, жастардың білімді, парасатты, иманды азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосуда.Ислам үмметі «Оқы!» деген алғашқы аятпен жаратылыстың мағынасын ұғынуға, білімге ұмтылуға міндеттелді. Ислам тарихында мешіттер Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дәуірінен бастап білім беру мен тәрбие орталығы болғаны белгілі. Бүгінде мешіттерде:Тәпсір, хадис, ақида, фикһ дәрістері өтеді;Балаларға жазғы сауат ашу курстары ұйымдастырылады;Әйелдерге арнайы уағыз-сабақтар оқытылады;Жастарға арналған мотивациялық кездесулер өткізіледі.Сарапшылар мешіттегі курстардың радикализм мен жат ағымдардың алдын алуда үлкен маңызға ие екенін алға тартады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мәліметтеріне сүйенсек өткен жылы, яғни 2024 жылы әр түрлі діни сауат ашу курстарына жалпы 22 300-ден аса адам қатысқан.- 15789 адам – намазды үйрену курстарына;- 6050 адам – құран жаттау курстарына бағытталған «Мұғалім сәни» және «Намаз үйрену», «Имандылық әліппесі» кітаптары арқылы оқыған.Мешіттер тек жазда емес, жыл бойы мынадай бағыттарда ағартушылық қызмет жүргізуде: Үлкендерге арналған діни сауат курстары (әйелдерге де арналған топтар), жастар клубтары мен семинарлар, отбасылық кеңес беру орталықтары, дәстүр мен діннің үндестігіне негізделген дәрістер.Бұл курстарда балаларға: Құран әліппесі (Мұғәлім сәни), намаз негіздері, пайғамбарлар тарихы, әдеп-ахлақ сабақтары, Отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтар тақырыптары түсіндіріледі.Қала ортасындағы мешітке кірсеңіз, таңертеңгі сабаққа асыққан шәкірттерді, ересектер тобындағы ақсақалдарды, ата-анасының қолынан ұстап келген кішкентайларды көруге болады. Бұл – мешіттің бүгінгі болмысы. Ол тек намаз оқып шығатын орын емес. Мешіт – бүгінгі қоғамның жүрегі, ағартушылықтың тірегі.Жазғы сауат ашу курстары – мешіттердің қоғам алдындағы ағартушылық миссиясын жүзеге асырудағы маңызды тетік. Бұл курстар балаларды дінге дұрыс көзқараспен тәрбиелеумен қатар, ұлттық рухты қалыптастыруға, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға жол ашады. Ғылыми деректер мен мониторинг нәтижелері көрсетіп отырғандай, мешіттердің бұл бағыттағы жұмысы – тек діни міндет емес, мемлекет пен қоғам үшін рухани қауіпсіздік пен мәдени бірегейлікті сақтау жолындағы стратегиялық міндет. Ал қоғамның міндеті – осындай игі істерді қолдап, ортақ болашақ үшін бірігіп әрекет ету.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім маманы