Адам баласының өмірі – сенім мен күдік, үміт пен қауіп, тыныштық пен қауіпсіздік арасындағы нәзік тепе-теңдік. Біз тыныш өмір сүріп жатқандай боламыз, бірақ кез келген сәтте күтпеген жағдай орын алуы мүмкін. Бұл мақал адамды үнемі сергек, сақ болуға, әр қадамын ойланып басуға үндейді. Қазіргі заманда жау ұғымы өзгерді. Енді ол тек соғыспен, қарумен келмейді. Жаудың беті күлімдеп тұруы да мүмкін. Ол – сенімге селкеу түсіретін ақпарат, отбасылық татулықты бұзатын сөз, қоғамды бөлетін пікір, жастардың санасын улайтын жат идеология.Бүгінгі қоғамда қауіптің сипаты күрделі. Цифрлық технология дамыған сайын адамдар ақпараттың құрсауында қалды. Бір ғана жалған жаңалық жүздеген адамның санасын өзгертіп, шынайы болмысты бұрмалауы мүмкін. Міне, осындай кезде сақтық – басты қорғаныш. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, анонимді дереккөздер, барлығы да екі жүзді құрал. Бұл құралдар ақпарат таратушы да, улаушы да бола алады. Сондықтан да әр адам өзіне келіп түскен кез келген мәліметке сын көзбен қарап, шындыққа жетуге ұмтылуы қажет.Мектептегі тәртіп, қоғамдық ортадағы заң талаптары, ішкі тәртіп ережелері барлығы бекер орнатылмаған. Олар қоғам тұрақтылығы үшін қажет. Жастайынан жауапкершілікке, ортақ ережені сыйлауға тәрбиеленбеген ұрпақ ертең заң мен тәртіпке бағынуды менсінбейді. Ал бұл елдің ішкі әлсіздігін көрсетеді. Мемлекет тек сыртқы шекарамен емес, ішкі тәртіппен де мықты болады.Жар астындағы жау кейде адамдардың өз бойынан табылады. Адамның бойындағы жалқаулық, немқұрайлық, өзін-өзі алдау, уақытты бос өткізу, бұлар да ішкі жаулар. Бұндай жағдайлар адамды баяу түрде құрдымға жетелейді. Ал адам – қоғамның бір бөлшегі. Бір бөлшек әлсіресе, бүтін де сыр бере бастайды. Бұл «бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» деген секілді.Бейбіт өмірде қауіптің жоқтығына сену – табиғи нәрсе. Бірақ өмірдің тосын сыйы көп. Қауіп тек сырттан келмейді. Адамның жанынан, отбасы, жұмыс, оқу ордасынан да басталуы мүмкін. Сақтық – сес көрсетіп өмір сүру емес, алдын ала ойлау, саралау, қажет кезде шешім қабылдай білу қабілеті. Бұл – азаматтық сананың көрсеткіші.Сондай-ақ, бұл мақал адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да қатысты. Сенімді досың, жақының, бір сәтте сенімнен шығуы да мүмкін. Сондықтан да адамдармен қарым-қатынаста да сергек, шынайы болу керек. Жалған уәдеге сену, көркем сөзге алданып қалу. адам өміріне айтарлықтай әсер ететіні анық.Қазақ даналығы – терең. Осындай мақал-мәтелдердің ар жағында тұтас өмірлік тәжірибе жатыр. «Жау жоқ деме, жар астында»қауіпке емес, қырағылыққа үндейтін ұстаным. Бұл сөз – қорқыту емес, ескерту. Ол – сенімді жоғалту емес, ақылды сақтау. Өмірдің қай бұрылысы қандай сынақ алып келетінін ешкім болжай алмайды. Бірақ сақтық пен ақыл кез келген қиындықтың алдын алуға сеп болады.Қорытындылай келе, қазіргі әлем – күрделі. Әлемде бейбітшілік орнағанмен, тұлғалық деңгейде, ұлттық деңгейде, ақпараттық деңгейде күрес тоқтаған жоқ. Бізге енді жау шекарадан емес, сана мен сенім шекарасынан өтеді. Сол үшін де бұл мақал бүгінгі таңда бұрынғыдан да өзекті. Әр адам осы сөздің мәнін терең түсініп, өмірінде қолдана білсе, қоғам да берік, келешек те жарық болмақ.М.Серікұлы
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ – нің теолог маманы