Жат ағымның жастарға әсері
Жат ағымның жастарға әсері
23.05.2023
1612
0

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазіргі таңда ислам атын жамылған түрлі жат ағымдар жастарымыздың санасын улауда.  Ал осы жат ағымның шырмауына түскен жастарымыз хақ дін мен теріс ағымның арасын ажырата алмай жүр. Бұл еліміздің болашағы үшін де, қоғам үшін де ойланатын үлкен мәселе. Жат ағымның алдын-алу мәселесінде біздің ел — күшпен емес, біліммен, идеологиямен жеңуді көздейді. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағы бойынша дін істері басқармасы жұмыс істейді. Басқарманың өзінің көптеген функциялары бар. Ал сол функцияның бірі – осы жат ағымның жетегінде кеткендерді кері қайтару. Оларды бақылауда ұстап, оңалту жұмыстарымен айналысу секілді түйткілді  мәселелерді ортаға қояды.                                                                                                 Жастардың жат ағым жетегінде кетуінің бірнеше себептерін келтіре аламыз. Оларға:

  1. Діни сауатсыздық. Жат діни ағымның жетегінде жүргендердің санының артуы қарапайым халықтың діни сауатының аздығынан немесе жоқтығынан туындайтыны хақ. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Жат ағымдарға алданушылардың көпшілігінің мүлдем діни сауаты жоқ. Ал, дінімізде білімнің маңыздылығы ерекше. Тіпті Құранның ең алғашқы түскен аяты да «Оқы» деумен басталады. Құранда Нәхл сүресі, 43-аятында: «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар»,  Зүмәр сүресі 9-аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?»,-деп білімнің адам өмірінде алатын орнының қаншалықты маңызды екенін ерекшелеп көрсетіп тұр.
  2. Интернеттің ықпалы. Интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Интернетте шетелдегі псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың уағыздары бұрынғыға қарағанда біршама бәсеңсіді. Жастар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған. Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, от басып жатқандары қаншама.
  3. 3.     Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық. Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман демекші  лаңкестік идеологияға бой алдырғандардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ, біразының баспанасы жоқ, біразының тұрмыс деңгейі төмен болған. Адам кейде жоқшылықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан айналасынан көмек сұрайтын сәттер кездесіп жатады. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері ұтымды пайдалана біледі. Дереу қаржылай қолдау білдіріп, жұмыс орындарын ұсынып, өзінің тобырына тартуды көздейді
  4. 4.     Психологиялық күйзеліске ұшырау. Ең танымал, ең оңай тәсілдердің бірі – адамның жан-дүниесін түсініп, сезіммен, психологиялық шабуыл жасау.

Ең алдымен ата-ана баланың ғаламторда отыру мәдениетін қадағалап отыруы керек. Сонымен қатар жастар ҚР Қоғамдық даму министрлігі және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рұқсат еткен сайттарға ғана кіруі керек. Адамда идеологиялық ваккум деген нәрсе болмайды. Адамдар сол ваккумды бір нәрсемен толтырғысы келеді. Діни сауатын ашқысы келетін жастарға тек дұрыс жолды нұсқауымыз қажет. Діни сауалдар туындаған кезде діни жоғары білімі бар мемлекеттік саяси немесе мемлекеттік бағытта Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының нұсқауымен ұсынылған ұстаздардан ғана білім алу қажет.                                                                                    Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен дәстүрлі діндерді аяқ асты ететін радикалды ұйымдардың өз ойларын әртүрлі алдап-арбау тәсілдерімен жүзеге асыратынын жастар біле бермейді. Мұның соңы ел ішіндегі ынтымақ пен қоғамның тыныштығына, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, лаңкестік әрекеттердің орын алуы әбден мүмкін.                                               Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

 

 

Түркістан облысы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"

КММ-нің бөлім басшысы                                                                   А.Тағай

0 пікір