Елдің амандығы мен тыныштығы бәрінен қымбат. Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген Қазақстан үшін діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Өйткені отан – баршамызға ортақ. Ендеше, ондағы ауқымды мәселелерді еңсеру – тек үкіметтің немесе қандай да бір салалық құрылымның ғана емес, жалпыхалықтық міндет. Бүгінгі күні көпшілік назарын алаңдатып отырған мәселелердің бірі «Жат ағымдарға неге заңмен тыйым салмайды?». Бұл тұста халықтың негізгі міндеттерінің бірі – кез келген орынсыз жағдаяттар мен қалыптасқан жағымсыз ахуалдарға қатысты өзінің пікірін, жанайқайын білдіріп, атқарушы биліктен мәселені оңтайлы шешуді талап ету әрі оған көмектесу орынды. Бұлай болмайынша ел жұрттың күдігі де, қаупі де сейілмейді.
Әрине, соңғы кезде радикализм мен экстремизм және терроризмнің жиірек көрініс беруі әлемдік қоғамдастықты ерекше алаңдатып келеді. Елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін, бейбіт халықты қанға бояп, үрейлендіретін кез келген террорлық әрекеттің артында жат пиғылдағы белгілі бір топтың немесе терроршыл ұйымның тұратыны анық. Мұны бейбітшілік пен тұрақтылыққа жасалған шабуыл деп қабылдаған жөн. Осыны ерте бастан білген елдер іс-әрекеті күмәнді шетелдік құрылымдар мен ұйымдардың өз елдері аумағында қызмет етуіне тыйым салып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар.
Осыған қатысты елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданып, бірқатар діни ағымдардың қызметіне шектеу қойылды. Яғни, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ бірқатар халықаралық келісім шарттарды орындау мақсатында халықаралық террористік ұйымдардың республика аумағында әрекет етуіне тыйым салынды.
Қазақстан Республикасы аумағында сот шешімімен 2004 жылдан бастап лаңкестік ұйымдарға тыйым салынды. Әлемде 500-ге жуық ірілі-ұсақты террористік және экстремистік топтар бар. Ал Қазақстанда құйтырқы әрекетімен танылған 23 жат ұйым анықталып, қара тізімге енгізілді. Басым бөлігі діни ұйымдар екені белгілі болды. Елімізде олардың қызметіне және идеяларын насихаттауға заң аясында тыйым салынды. Ондай ұйымдардың көбі – шетелде құрылып, ықпалын жан-жаққа таратып жатқан деструктивті бірлестіктер.
Қазақстанда тыйым салынған террористік құрылымдардың біразы ел аузында көп айтылып жұрген уахабилік және псевдосалафилік идеологияға қатысы бар деп айтуға болады. Мысалға «Ихуан муслимин» (Мұсылман бауырластығы), «Джунд-аль-Халифат», «Ат-такфир уаль-хиджра», «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) т.б. Бұған дейін аталған ұйымдар кейбір алыс-жақын шет елдердің аумағында да лаңкестік ұйымдар деп танылып келген. Қазақстанда террористік деп танылып отырған ұйымдардың қызметін мемлекеттік тұрғыда Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Пәкістан сияқты бірқатар елдерде террористік ұйымдар деп танылған. Сондай-ақ, аталған ұйымдардың кейбірінің қызметтері Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдері аумағында да тыйым салынған террористік, сепаратистік және экстремистік ұйымдар тізіміне енгізілген.
Қорытындылай келе, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы діни ахуал тұрақты деп айтуға болады, тұрақты деп отырғанымыз, елде дінаралық араздық және теракт қаупі жоқ. Бірақ халықтың бойынан осыдан 10-15 жыл бұрынғы қауіп толық сейілмегенін байқаймыз. Олардың қызметіне тыйым салынғанымен діни радикализмнің ықпалы әлі де бар екенін білеміз. Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік құрылымдардың басым көпшілігі шетелде құрылып, сырттан басқарылатындықтан өз ықпалын ғаламтор кеңістігінде таратып отыр.
Шын мәнінде, соңғы жылдары жат ағымдар ғаламтор арқылы белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Соған орай көптеген жастарымыз интернет алаңында отырып түрлі діни ақпарат алады. Мысал ретінде, қазір тыйым салынған ұйымдардың бірі «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) жақтаушылары әлеуметтік желілерде радикалды ислам идеяларын таратып, жұртты өз жағына тартып, саяси мақсатын жүзеге асырып отыр. «Осыған алданған біздің азаматтар елінен кетіп жатыр» – дейді МАМ Дін істері комитеті Интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасының басшысы.
Жыл сайын елімізде жалған идеология мен деструктивті діни ағымдар туралы ақпарат тарататындар әшкереленіп, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалады. Мұндай фактілер біздің облыста да бар, сондықтан бұл мәселелерде заңды күшейту қажет. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шеңберінде киберқадағалау жүйесінің арқасында интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі, арнайы бағдарлама экстремистік материалдарды, бейнероликтерді, радикалды уағыздаушылардың дәрістерін анықтайды. Бірақ бұл өте күрделі жұмыс. Көп адам Үкіметтен «Барлық экстремистік контентті жойып тастасын» деп талап етеді. Бірақ іс жүзінде бұл өте қиын. Себебі әлеуметтік желілер – шетелдік жеке компаниялардың меншігі, және олар өз ережелерімен жұмыс істейді және күнделікті интернеттегі ақпаратты толық бақылау қиын дейді мамандар.
Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы таралып отырған кез келген ақпарат көздеріне қырағалықпен қарау қажет, әсіресе діни контенттерге.Тексерілмеген саяси, діни, фейк ақпараттар отбасыңызға үлкен қасірет алып келуі мүмкін.Сондықтан кез келген материалдың сыртқы формасына ғана емес, ішкі мәніне, құрылысына сыни көзбен мән беруі керек деп ойлаймын.
А.Дүйсен
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы