Дүниеге келген әрбір пенденің ең тартымды әрі ең белсенді кезеңі және адам бойындағы күш-қуатың артып, ернеуінен тасып отыратын кезеңі – жастық шағы. Бұл жаста адам баласы зерттелмеген жаңа дүниелерді білуге, биік мақсат армандарға жетуге ұмтылатын бұл кезең тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Сонымен жастық шақ адам өмірінің ең бір сындарлы кезеңі. Бұл кезеңде балалықты артта қалдырып, жауапкершілігі мен ауыртпашылығы көп үлкен өмірге қадам басады. Міне осындай құбылмалы кезеңнен өту үшін жастарға дұрыс жол көрсетіп, қолдау білдіру әрбір аға буыннның қашанда болсын міндеті. Өйткені бүгінгі жас ертеңгі ел тізгінін ұстар аға буынға айналары сөзсіз. Қазақ халқында осыған негізделген нақыл сөздер бар: «Болар бала он – бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер». Әрине, адам уақытын қалай өткізсе де өз еркі. Алайда, уақытты текке жұмсау – ол берілген аманатқа жасалған қиянат, адамның өз өміріне қарсы жасалған орны толмас нұқсан. Ешбір кәрі адам өзінің мән-мағынасыз ойын-күлкімен өткізген өмірімен мақтанбайды және ешбір адам ізгілік жолында өткізген өз өміріне өкінбейді. Жастық шақты білім, ғылымға арнап, уақыттың қадірін түсіну жайлы Абай атамыз былай деген:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тескермедім
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Кез келген халықтың болашағын жастарының қай жолда жүргенімен бағалауға болады. Егер жастар ғылым, білім, салауатты өмір салтын ұстану жолында болса, онда ол елдің кемелдене дамып алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарынан көрінері анық. Керісінше жастықтың албыртымен нәпсі жетегінде кетіп, кері жолды таңдар болса болашағы бұлыңғыр ел болары баян. Халық даналығында: «Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда, сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ болады, ал қалғандары жәй ғана қисық таяқ болады» демекші, әрбір жас жеткіншек қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып, болашаққа нық қадаммен бекінуі керек. Жастық шақта көңіл көтеріп, ойнап күлуге, өмірден ләззат алуға болмай ма деген түсініспеушілік тумау керек. Әсте, олай емес. Адамгершілік, моральдік қағидаларға қайшы келмесе, өз өміріне және қоршаған ортаға зиянын тигізбесе, неге ойнап күлмеске.Адам баласы осы бір кезеңде зейінін арттырып, ұлттық идеологиясын қалыптастырып болашаққа нық қадам жасауы керек. Бұл жайында Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз жастық кезең жайында былай өлең шумақтарын арнаған:
Үш-ақ түрлі өмір бар; бәрі де мас,
Бір рәуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегенің – ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.
Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артыңда адам атың.
Өмірдің басы – бала, ортасы – адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.
Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды деген. Сол үшін жастық шағымызда еліміз үшін, отанымыз үшін қызмет ету мақсатымыз болуы керек. Осы себепті хадисте айтылғандай «Кәріліктен бұрын жастық шақтың қадірін біл» деп анық көрсетілген. Сондықтан да адам баласы үшін өлшеп берілген алтын уақытымызды, оның ішінде жалынды жастық шағымызды жастықтың албыртына алынбай, салғырттыққа салынбай бойымызда даналыққа ұмтылыс жасайтын өзіндік қасиеттеріміз болуы керек. Атап айтқанда, имандылық, отансүйгіштік, уақыттың қадірін білу, денсаулықтың қадірін білу, жақсы жолдас, жарасымды жанұя, білім мен өнерге ізденіс сынды қолымызды кеш сермеп, кешігіп қалмас үшін жас кезімізде ілімге талпынып, еңбекке талаптанар болсақ, сонда ғана біздің өзімізге де, ортамызға да, отанымызға да берер пайдамыз мол болады. Егеменді еліміздің ертеңі болар жастарымыз дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалануы әркімнің өз қолында. Тек жастық шақта жалындай алса болғаны.
Е.Ештай
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Жастықтың жеті қыры