Кішкентай кезімде үлкен кісілерден еститін, халық арасында жиі айтылып жүрген сөз бар: «Үш нәрсе қайтып келмейді: сөз, уақыт және мүмкіндік». Жастық шақ – өмір-өзендегі ең тәтті де балауса, бал шақ. Қазір, XXI ғасыр – жаһандану дәуірі, технология ғасыры. Бұл заманда көбірек ақпарат білген адамдар қатары бағаланады. Қазіргі таңда көптеген жастардың заман талабына сай смартфон, интернет, әлеуметтік желілер адам өмірін жеңілдеткенімен, жастық шақтың мәнін өзгертіп жібергені жасырын емес. Бүгінде виртуалды әлем жастардың уақытын ғана емес, ойы мен армандарын да өзіне баурап алуда.
Қазіргі таңда виртуалды әлем адам өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналды. Әсіресе қазіргі жас таңын телефонмен бастап, түнін экранмен аяқтайды, тіпті күнделікті тіршілігін интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз елестетуі мүмкін емес. Әлеуметтік желідегі мінсіз өмірлер, жасанды күлімсіреу, өтірік бақыт – жастарды өз өмірімен салыстыруға мәжбүр етеді. Соның салдарынан қанағатсыздық, өзіне сенімсіздік, ішкі күйзеліс пайда болады. Бұл –виртуалды әлемнің көзге көрінбейтін, қауіпті тұсы. Алайда осы виртуалды кеңістік жастық шақтың ең қымбат сәттерін байқатпай жалмап жатқанын көпшілік аңғармайды.
Бұрын жастық шақ – достармен шынайы әңгіме, далада өткен ойындар, кітаппен сырласу, армандарға толы уақыт еді. Ал бүгінгі жастардың көп уақыты телефон экранын шұқылаумен, виртуалды өмірді шынайы өмірден жоғары қоюмен өтуде. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасындағы лайк пен қаралым жастар үшін жетістік өлшеміне айналып барады. Бұл – қауіпті құбылыс. Виртуалды әлем адамның ойлау жүйесіне де әсер етеді. Жастар ақпаратты терең талдаудан гөрі, дайын контент пен материалды тұтынуға үйреніп қалды. Бұл өз ойын еркін жеткізуге, шығармашылық қабілетті дамытуға кедергі келтіреді. Сонымен қатар, интернетке тәуелділік психологиялық мәселелерге, жалғыздық сезіміне, күйзеліске алып келуі мүмкін.
Ең өкініштісі – виртуалды әлем шынайы қарым-қатынасты әлсіретіп жатыр. Бір бөлмеде отырған адамдардың өзі бір-бірімен сөйлеспей, әрқайсысы өз телефонына үңіледі. Жастық шақта қалыптасуы тиіс достық, сыйластық, өмірлік тәжірибе виртуалды кеңістіктің көлеңкесінде қалып барады. Әрине, виртуалды әлемнің пайдалы жақтары да бар. Ол – білім алу, ақпарат іздеу, өзін дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Бірақ мәселе оны қалай және қаншалықты пайдаланып жүргенімізде. Егер виртуалды әлем адамды басқарса – бұл қасірет, ал адам виртуалды әлемді басқарса - бұл мүмкіндік.
Жастық шақ – қайта келмейтін алтын кезең. Оны бос виртуалды әлемге құрбан етпей, шынайы өмірдің әр сәтін бағалай білуіміз керек. Технология бізге қызмет етуі тиіс, біз оған тәуелді болмауымыз қажет, қателесіп, үйреніп, өмірді сезінетін кезең. Алайда виртуалды кеңістікте өскен жас шынайы қиындықтармен бетпе-бет келуге дайын емес. Себебі интернет бәрін оңай етіп көрсетеді: дайын жауап, дайын эмоция, дайын жол. Ал шынайы өмір сабыр мен төзімді талап етеді.
Тағы бір алаңдатарлық мәселе – уақыттың бағаланбауы. Сағаттап телефон қарау, мәнсіз видеолар көру жастық энергияны сарқып, болашаққа салынар іргетасты әлсіретеді. Жастар өз қабілетін дамытуға емес, виртуалды әлемде «жоғалып кетуге» бейім болып барады.
Алайда виртуалды әлемді түгелімен кінәлау дұрыс емес. Ол тек құрал. Мәселе оны қалай қолдануда. Егер жастар интернетті білімге, өзін дамытуға, мақсатқа жетуге пайдаланса – бұл үлкен артықшылық. Ал егер ол уақытты ұрлайтын әдетке айналса – жастық шақтың жауына айналады. Халық даналығында: «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дегендей қазіргі заманда күш емес, білім маңызды. Сондықтан интернетті ойын-сауыққа емес, білім алуға пайдалану керек. Жас келсе – іске. Жастық шақ әрекет ететін, ізденетін кезең. Уақытты виртуалды әлемде бос өткізу емес, болашаққа қадам жасау маңызды. Адамның қамал бұзатын шағы, от кезі, шоқ кезі, кез-келген нәрсені қопарып өтетін кезі бұл, жастық шағы болғандықтан ұялмайтындай өмірге нық қадам басу керек. «Жас кезіңде алған білім тасқа басқан мөрмен тең, қартайғанда алған білім құмға жазған жазумен тең».
Қорытындылай келе, жастық шақ – қайтып келмейтін алтын кезең. Виртуалды әлем – адамзаттың үлкен жетістігі болғанымен, жастық шақтың ең қымбат сәттерін үнсіз жалмап жатқан құбылысқа айналып барады. Әлеуметтік желілер мен ойындар уақытты ұрлап қана қоймай, шынайы қарым-қатынасты әлсіретіп, армандар мен мақсаттардың кейінге шегерілуіне себеп болуда. Виртуалды әлемді басқару керек, оған тәуелді болу емес. Себебі болашақ –желіде емес, нақты өмірде құрылады.
Е.Ештай
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы
Жастық шақты жалмаған виртуалды әлем

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru