Жастарды жат ағымнан арашалайық
Жастарды жат ағымнан арашалайық
31.07.2024
468
0

Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісілік қасиеттерге үгіттейтін дін. Сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Ал сол дүниелерді жүзеге асырып қолға алатын ұлттың болашағы сол жастар. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иық тіресе қызмет етулері тиіс. Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі, ішкі тұрақтылығы мен ауызбіршілігіне байланысты. Қоғам ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында  кез келген қиыншылықтарды жеңеді. «Байлық байлық емес, бірлік байлық»,- демекші қазақ халқының басына түскен талай қысыл таяң кездерде осы бірліктің арқасында шешімін тауып отырған.                 

Ал жастар болса коғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден бастау алады. Қазірде ислам атын жамылып халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың  қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Себебі, жат ағым өкілдері таратқан түрлі ақпараттардан дәстүрлі діни сенім мен ұлттық салт-санамызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанушылары көбейе бастады. Осылайша дәстүрлі дін мен ағымның арасын ажырата алмаған жастарымыз жалған ағымның жетегіне еріп кетуде. Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін, өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудыртып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайтын жәйттерді көзіміз көріп жүр.   

Зайырлы мемлекетіміздегі дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып толық кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін баршамыз бірлікте қызмет етуіміз қажет.    

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыратыны рас.

Сонымен қатар елімізде діни экстремизмді, этносаралық алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни, әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда. Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатсыздықтарының салдарынан желіде мақсатты түрде жалған немесе бұрмаланған ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, «лайк» басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып отыр. Яғни, ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жалған ақпараттардың таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор. Сонымен қатар жастарымыздың жат ағымға еруіне бірнеше факторды көрсете кетсек:

1. Діни сауатының төмен болуы не болмаса дінге деген қызығушылық, шала сауаттылық, сезіміне ерік беріп өзінің қалай адасқанын білмей жат ағым ықпалында кетіп жатады.

2. Отбасындағы тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы. Көпшілігіміздің ата анамыз күнкөрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт тапшы болып жатады. Ең бастысы осы балаларым қатарынан қалмай, киімі бүтін, жаңа, тамағы тоқ, қалтасында қымбат смартфоны мен құлағында құлаққап болса болды деп материалдық жағына басымдық беріп жатады, бұл болса дәстүрлі емес діни ағым мүшелері  үшін орасан зор пайда.

3. Ғаламтордағы теріс уағыз насихат, түрлі посттар мен арандатушылықтар жастарды жарға жығуға итермелейтін күшті белсенді фактор.

4. Жұмыс орны мен араласатын ортасы. Қазақ даналығында «Ортаң түзу болсын!» деген керемет дағды бар. Жалпы дәстүрлі емес діни ағым мүшелері  мемлекеттің құзырлы  жұмыс орындарынан бас тартып, сауда саттықта береке бар дегенге басымдық беріп, сауда саттық, құрылыс заттары мен түрлі дүңгіршектерде, жағдайы жеткендер жеке кәсіп пен айналысқанды жөн санайды.

Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, отанды сүю, бейбітшілік пен тыныштық басты мұратымыз, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін кереғар діни ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуден шаршамайық. Негізгі әрбіріміздің білуіміз керек нәрсе, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Ислам адам баласын бейбітшілік пен бірлікке тәрбиелейді. Сол себепті бізге берілген осындай ұлан-байтақ даланың еркіндігімен тыныштығын бірге сақтайық. 

 

 Е.Ештай

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы                                                                                   

0 пікір