Соңғы кездері, жастардың «дінге» деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Десек те дінді жетік түсініп үлгермеген жас жеткіншектердің сенгіштігін пайдаланып, өзінің арам пиғылын іске асыруға тырысатындар да жеткілікті. Дінге бет бұрып құран, намаз оқуды жаңадан үйреніп келе жатқан жастар бағыт-бағдарды кімнен алады? Жастар құран мен намазды мешіт имамдарынан емес, ғаламтордан үйренуді неге жөн санайды? Баласының, я болмаса қызының дінге бет бұрғанын байқаған ата-ана неге медресседен білім алуға апармайды? Көкейді кернеген түрлі сауалдардың жауабын зерттеуге тырыстым.
Қарап отырсақ, цифрландыру жүйесі дінді де айналып өтпегені байқалады. Ғаламтор арқылы құран және намаз оқу, дәрет алу, дін туралы ілім, діни салт-дәстүр және тағыда басқа да дінге қатысты ақпаратты оңай табуға болады. Интернет желісі арқылы діни ақпарат алу үшін бар болғаны іздеу жүйесіне өзіңізді қызықтыратын сұрақты қойсаңыз жеткілікті. Ал, ғаламтор ары қарай сіздің іздеген сұрағыңыздың бірнеше жауабын шығарып береді. Өзіңізге қажетті ақпаратты оқып немесе видеосын көруіңізге де болады. Өкінішке орай, бұл ақпараттардың арасында жасырын арам пиғылын асыру идеяларын іске асырғысы келетіндер де толып тұрады. Сонымен қатар, баласының «дінге» деген қызығушылығы оянғанын байқаған ата-ана оның білімін жетілдіру үшін діни кітаптарды берудің орнына интернеттен ақпарат алуға жағдай жасайды. Оң мен солын танып үлгермеген жас жеткіншек діни білімді ғаламтордан қалай алсын? Интернет ақпарат алудың ең оңай жолы, көкейдегі әрбір сұраққа жауап алу да қол жетімді. Бірақ, осы ғаламторға көп сенудің қажеті жоқ екенін естен шығарып алатынымыз өкінішті-ақ! Радикалды дінді жақтаушылар өздерінің теріс пиғылын интернет арқылы іске асыратынын білсек те, баланы өз қолымызбен аждақаның апанына енуіне жол ашып бергенін кейбір ата-ана білмей қалса керек. Діни білімін жетілдіргісі келген баланы жетектеп медресеге, я болмаса мешіт имамынан білім алуға ертіп баруға ата мен ана уақыт таппайды. Ал, баласы радикалды діни ағымның жетегіне ерген кезде өзгені кінәлі санайды. Қандай білім алса да, сол білімнің алғашқы кірпішін қалауға үйрететін баланың әкесі мен шешесі. Ата-ана көрсеткен жолмен бала білім алатынын естен шығармағанымыз абзал.
Бүгінгі таңда еліміздің жас азаматтарының басым көпшілігі радикалды діни ағымдардың ықпалына ұшырау қауіпінде жүргені белгілі. Жастарымыздың радикалды діни ағымдардың ықпалына еріп кетуі олардың жеке ой-түйсігінің әлі де толықтай қалыптаспағандығы. Сондай-ақ, жастардың санасына жат ағымның оңай әсер ететіні анық. Жастардың радикалды діни ағымның жетегіне тез еруінің бірнеше себебін зерделеп көрдік.
Бүгінгі таңда еліміздің болашағы – жастар. Біздің жастарымыз түрлі себептермен жат діни ағымның жетегінде кетіп жатқаны қынжылтады. Жастардың радикалды діни ағымның жетегінде кетуінің салдарынан қаншама отбасының шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, берекесі қашты. Жастарды былай қойғанда, орда бұзар жасқа жеткен жігіт ағасының білімсіздігінің салдарынан әйелі мен бала-шағасы да сезімнің сергелдеңіне түсіп, темір торға тоғытылғандар да бар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ананың «нағыз ислами» өмірді іздеп үй-жайын, бала-шағасын, елін, жерін тастап, шекара асып, қиырдағы шет мемлекетке кетуі де діни білімнің жоқтығы. Әйел затының «нағыз ислами» ордасы «отбасы» екенін естен шығарып алса керек. Осындай теріс пиғылды содырлардың сөзіне еріп, шетел асып із-түссіз кеткен ұлы мен қызынан айрылған қаншама ата-ана зар илеп қалды десеңізші?!
Дәстүрлі емес жат діни ағымның жетегінде кетудің басты себептерін атап айтар болсақ – ол адамның діни сауатсыздығы. Олай дейтініміз, діни ілім алмаған адам, ілімді өз бетінше ғаламтор арқылы іздейді. Дінге шала сауатпен келген жас жеткіншек өзінің қалай адасқанын аңғармай қалады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін олар жақсы біледі. Ал, мұсылман дінінде білімнің маңыздылығы ерекше екенін ұмытпағанымыз жөн.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын түсініксіз әрі жат діни ағымды жақтаушылардың жасырын пиғылын насихаттайтын таралымдардың тым көптігіне байланысты. Олар өздерінің түсірген видео, немесе ақпаратарына «лайк» және қоңыраушаларды басқан адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Сөйтіп, өздерінің желіқолданушыларына бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді, өзгеше контенттерді ұсынады, осындай арбаушылардың парақшасына жазылудың салдары жастарды адастыратыны хақ. Қызықты ақпаратты қызыға қараған жасөспірім өзінің санасының қалай уланғанын байқамай да қалады?!
Қарап отырсаңыз, мектеп қабырғасын аттаған баланың қолына ұялы телефон әперіп, интернетке емін-еркін кіріп, өзінің қалағанын көруге жағдай жасап қойғанбыз. Ұялы телефонсыз жүрген жасты көрсек, таңырқап қарайтынымыз жасырын емес. Жастар интернетте жарияланған «дұрыс» немесе «бұрыс» діни мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, сол ақпаратты өзгелерге бөлісуді үрдіске айналдырған. Әлеуметтік желіде жарияланған осындай мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да бар. Қатарынан қалмасын деп балаңызға ұялы телефон алып бергенен кейін, оның күнделікті көретін ақпаратынан да хабардар болуымыз керек.
Отбасында дәстүрлі дін мен радикалды діни ағымның салдарын ажырата білмеген бала, өскенде көкейінде жүрген діни сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, ғаламтордан немесе көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, олардың тұзағына оп-оңай түседі. Отбасындағы тәрбие мен діни сенімнің ұштасып тұрғанын естен шығармаған жөн.
Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы және жұмыссыздық. Жағдайы төмен немесе жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар әлеуметтік желідегі әртүрлі жарнамаларға тез сенеді. «Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман» демекші лаңкестік идеологияға бой алдырған адамдардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың басым бөлігінің баспанасы жоқ, тұрмыстық деңгейі де төмен. Жұмыссыздықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан шаршаған адам айналасындағылардан көмек сұрайды. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері өз пайдасына асырып, қаржыдан қысылған адамға көмек қолын созып өздерінің айтқанын жасауына мәжбүрлейді. Соңғы кездері, радикалды дінді жақтаушылар «таргет» арқылы өздерінің ақпараттарын жарнамалауға көшкен. Жастар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтың жауабын білу үшін таргет жарнамасын көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары-қарай радикалды діни көзқарас пайда болады. Олар адамды қызықтыратын сұрақтар мен әңгімелерге тарту арқылы өздерінің тобына кіргізіп алады. Әрбір ата-ана әлеуметтік желіні пайдаланатын баланың осындай күмәнді сілтемелерге кіруін қадағалап отыруы керек.
Мамандардың айтуына қарағанда, психологиялық күйзеліске ұшыраған адам да жат діни ағымның жетегіне тез еріп кетеді. Себебі, қоғамнан шеттеп қалған жастар өздеріне жақын жандарды жат санап, өзіне жылы сөйлеген бейтаныс адамды жақын санайды. Арбаушылар әлеуметтік желі және сөйлесу арқылы психологиялық күйзеліске ұшыраған адамның сеніміне кіріп, оның санасын улай бастайды. Біз күйзеліске ұшыраған адамды психолог маманына көрсетудің орнына оны әркімнің айтуы бойынша емдейміз. Осындай бейтарап емдеудің нәтижесінің салдары орны толмас өкінішке алып келіп соқтырады.
Жастардың бойындағы патриоттық және дәстүрлі дінге деген сезімді қалыптастыру қажет. Себебі, 2000 жылдары көше кезіп, үй-үйді аралап өзге дінді насихаттап кітаптар мен жадынамалар таратып өзінің арам пиғылын іске асыратындардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Олай дейтінім, олар «ислам» деген қасиетті атты жамылып, өзінің теріс діни ағымдарын үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы насихаттап жұмысын жүзеге асырып жүр. Олардың басым бөлігі, ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылығымызды жоққа шығару. Сондай-ақ дінді дәстүрге қарсы қоюға әуес. Олардың бұл әрекеті, әсіресе, діни сауатын жаңа ашып жүрген жастар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Қазақтың байырғы құндылығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын түсінбейтін жастар жат ағымның жетегіне тез ереді. Сондықтан, әрбір ата-ана баласына жастайынан қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын, әдет-ғұрпын үйретсе нұр үстіне нұр болар еді...
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы
Жастар теріс ағымның жетегіне неге тез ереді?