Жастар неге жат ағымдарға ереді?
Жастар неге жат ағымдарға ереді?
17.06.2025
699
0

Бүгінгі таңда «жастар жат ағымдарға неге ереді?» деген сұрақ әрбір ата-ананы, ұстазды, тіпті ел болашағына алаңдайтын азаматты алаңдатады. Қоғам дамыған сайын, оның алдында тұрған қауіп-қатерлер де түрленіп, күрделеніп келеді. Соның ішінде жастардың радикалды, деструктивті немесе бөтен діни ағымдарға тартылуы – аса өзекті әрі күрделі мәселе. Осы орайда аталған өзекті тақырыпқа  жауап беріп көрелік.

1. Жастардың рухани ізденісі мен бос кеңістігі

Жастық шақ – тұлғалық қалыптасудың шешуші кезеңі. Бұл кезеңде адам өз орнын іздейді, «Мен кіммін?», «Өмірдің мәні неде?» деген терең сұрақтарға жауап іздей бастайды. Міне, дәл осы рухани ізденіс пен болмыстық сұрақтар жастарды кейде жеңіл, дайын жауаптар ұсынатын топтарға итермелейді. Олар қарапайым, қысқа уағыз арқылы бүкіл өмірінің мәнін табуға ұмтылады. Өкінішке қарай, кей жастар бұл жауапты отбасынан, мектептен немесе мешіттен емес, интернеттегі беймәлім біреулерден немесе әлеуметтік желідегі күмәнді аккаунттардан тауып жатады.

2. Отбасы рөлінің әлсіреуі

Келесі байқалатын басты себептердің бірі – отбасындағы рухани, эмоциялық суықтық. Баламен сырласпайтын, тек талап ететін, шектеу мен жазаны ғана қолданатын ата-аналар баласының ішкі жан дүниесін түсінбейді.

Жасөспірім өзін естілмеген, керексіз сезінген кезде, ол өзін қабылдайтын, тыңдайтын кез келген ортаға ұмтылады. Өкінішке қарай, мұндай орта кейде жат ағымның мүшелері болады. Бірнеше жыл бұрын бір бозбала маған осылай деді:

«Үйде ешкім мені түсінбеді. Бірақ олар (ағым мүшелері) мені тыңдады, құрметтеді, бауыр деді…» Міне, баланың ішкі күйі осылай. Сырттай бәрі дұрыс көрінуі мүмкін, бірақ іште жанайқай бар.

3. Жалған діншілдік пен діни сауатсыздық

Жастардың дінге бет бұруы – жақсы құбылыс. Бірақ бұл бұрылыс діни білімсіздікпен үйлессе, адасу қаупі зор. Әлеуметтік желіде, YouTube-тағы «шала» уағызшылар немесе өзін шейх атап жүрген адамдар көбіне дінді үстірт, қате түсіндіреді. Жат ағымға кеткендердің көбі имаммен бетпе-бет сөйлесіп көрмеген, нақты діни білім алмаған, тек онлайн ортадағы агрессиялы, біржақты пікірлерге сеніп қалған. Діннің мазмұны – ізгілік, кешірім, сабыр мен мейірім, ал олар барған ағымдарда тек қатаң шектеу, күмән, жек көру, тыйым ғана бар.

4. Қаржылық және әлеуметтік факторлар

Бірқатар жастар қиын әлеуметтік жағдайдан шығудың жолын діннен іздейді. Кей ағымдар оларға «біз сені жұмысқа орналастырамыз», «үй, киім, жол қаражат береміз» деп қызықтырады. Сондай-ақ жалған діни ағымдар жастарға «сен ерекше адамсың, сен таңдаулысың» деген сезімді беріп, олардың психологиялық әлсіздігін пайдаланады. Бұл – психологиялық манипуляция. Жас адамның әлі қалыптаспаған «Мен-концепциясына» әсер ету – олар үшін тиімді тәсіл.

Бұл үдерістен жастарымызды қалай сақтаймыз?

Жастардың жат ағымдарға еруінің алдын алу – тек бір мекеменің немесе отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл күрделі мәселенің шешімі де кешенді болуға тиіс. Алдын алудың жолы – жастардың ішкі жан дүниесін түсініп, оларға рухани, әлеуметтік, білімдік және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Бұл жұмыс тыйыммен емес, тыңдай білумен, жазғырумен емес, жанашырлықпен жүзеге асады.

Алдымен, отбасыдан бастайық. Жасөспірімнің алғашқы тұлғалық іргетасы үйде қаланады. Отбасында ашық қарым-қатынас, мейірім мен сенім болмайынша, бала өзін бөтен сезіне бастайды. Сырттай бәрі жақсы көрінуі мүмкін: тамағы тоқ, киімі бүтін. Бірақ баланың жан дүниесі бос, оған жылы сөз жетпей жатады. Дәл осы ішкі жалғыздық оны өзіне «бауыр», «бауырмал орта» ретінде көрінетін жат ағым өкілдерінің құшағына итермелейді. Сондықтан ең бірінші және ең маңызды алдын алу шарасы – ата-ананың баласымен дос бола білуі, оны тыңдауы, түсінуі және шынайы қабылдауы.

Екінші үлкен фактор – білім. Жастар көбіне дінге қызығушылықпен бет бұрады, бірақ олар бұл жолға діни білімсіз күйде түседі. Қате ақпаратты интернеттен, күмәнді уағызшылардан тыңдайды. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап жастарға дін туралы сауатты, өмірмен байланыстырып жеткізілген, ұлттық дәстүрмен астасқан білім берілуі керек. Бұл міндет тек дінтану сабағында ғана емес, бүкіл тәрбие жүйесінде көрініс табуы қажет. Имамдар, ұстаздар, психологтар – бәрі бірлесіп жастарға діни көзқарас пен өмірлік бағытты ұштастыра алатын ашық алаңдар ұсынуы тиіс.

Осы тұста қоғамдағы үлгі болатын тұлғалардың рөлі ерекше. Жастар кімді тыңдап, кімге еліктейтінін білмей қалатын сәтте, әлеуметтік желідегі танымал, бірақ деструктивті идея таратушылар олардың сенімін жаулап алады. Алдын алу үшін жастарға бағыт-бағдар көрсете алатын, заманауи тілде сөйлей алатын, рухани тереңдігі мен адами жылуы бар тұлғаларды ақпарат алаңына шығаруымыз қажет. Олар тек дін өкілдері ғана емес, ұстаз, өнер адамдары, блогерлер, психологтар, жазушылар, қарапайым өмірде үлгі бола алатын тұлғалар болуы мүмкін.

Тағы бір маңызды нәрсе – жастардың бос кеңістігін пайдалы мазмұнмен толтыру. Өзін таба алмай жүрген жас адам көбіне бос уақытта зиянды орталарға түседі. Ал егер сол уақытты пайдалы ортада өткізсе – спорт секциясы, өнер үйірмесі, еріктілер тобы, жастар клубы – ол ішкі әлеуетін дұрыс бағытта дамыта алады. Осы бағыттағы жұмысты мемлекет те, қоғамдық ұйымдар да жүйелі түрде қолдауы қажет.

Бұдан бөлек, психологиялық қолдаудың рөлі ұмыт қалмауы тиіс. Жат ағымға ерген жастардың басым көпшілігі – ішкі күйзелісте жүрген, өзіне сенімсіз, махаббат пен қолдауға зәру жандар. Оларға өмір туралы лекция емес, жанын түсінетін адам керек. Сондықтан мектептер мен ЖОО-ларда жастармен жұмыс істейтін психологтар мен кеңесшілердің саны мен сапасы артуы керек. Психологиялық сауаттылық тек мамандарда емес, ата-аналарда да болуға тиіс.

Және, ең соңында, дін мен дәстүр сабақтастығын тереңірек насихаттау қажет. Біздің бабалар дінді қатаң тыйыммен емес, ізгілік, ақыл мен әділет арқылы ұстанған. Қазақтың имандылығы – ол  тек ғибадат емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет, табиғатқа қамқорлық, сөзге тоқтау, уәдеге берік болу секілді кең мағыналы ұғым. Осы ұлттық сипаттағы дінді жастар санасына сіңірсек, олар жат пиғылды, шет елден келген қатігез идеологияларға қарсы тұра алады.

Қорыта айтқанда, алдын алу – ол насихат емес, тәрбиенің өзі. Ал тәрбиенің жүрегі – сүйіспеншілік. Жас буын өз орнын, өз тамырын, өз болмысын тапқанда ғана бөгде ағым оған жат көрінеді. Жас адам өзін бағалағанда, өз дінін, өз дәстүрін түсінгенде ғана ол бөгде бағыттың алдамшы уәдесіне ермейді. Сондықтан жат ағыммен күрестің ең мықты құралы – шынайы тәрбие, терең білім және шексіз мейірім.

Жастарды адасудан сақтау – бүгінгі бізге артылған үлкен аманат!

 

  Н.Әбухан

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                           

 

 

0 пікір