Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.Бүгінгі таңда Қазақстанның халық саны 19 миллионға жеткендігін және 4,2 миллионнан астам адам (немесе 23 пайыздан жоғары) жалпы алғанда – бұл 14 жас пен 29 жастар аралығындағы жастар екендігі мәлім.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз және де қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.
Тәуелсіз еліміздің кішкене ғана ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге еніп келеді. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз.
Өкінішке орай, теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың саны бір кездері күрт өсті. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу, жастарда патриотизм сезімін арттыру қажет. Өскелең жас ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, сананы көтеру – рухани-ағарту саласындағы басты мақсаттардың бірі.
Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы, ненің ақ? ненің қара? екенін ажырата алмай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ.
Келесі бір жастарымыздың адасуына себепкер – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда.
Теріс жолға түсіп кетпеудің, идеологияның құрбаны болмаудың тағы бір өзекті мәселелерінің бірі – отбасыдағы тәрбие. Әке-шешенің, туған-туыстың беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың, жан жылулығын жанұядан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күн-көрістің қамымен жүріп, күйбең тіршіліктің соңына ілесіп, балаға тәрбие беруге келгенде өкінішке орай, салғырттыққа салынып жатырмыз. Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» - деген даналық сөзі еріксіз еске түседі. Ұяда дұрыс тәлім-тәрбие ала алмаған бала, ұшқанда тағдырдың қатал қатпарларына соғылары анық.
Жалпы қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы және жұмыссыздық. Тұрақты табыс көзі жоқ азаматтар, арам пиғылды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің құрығына тез ілігеді. Жұмысқа тұрғызу, қаржылай көмек беру, баспанамен қамтамасыз ету секілді тұрмыстың жақсаруына себепкер болатын дүниелерді ұсынып, өздерін жақсы көрсетіп, қарапайым халықтың адасқан екендігін түсіндірумен әлек болып жатады. Тұрмыстық тауқыметтің ауыр кезеңінде қол үшін берген азаматтардың қандай да бір өтінішін немесе бұйрығын орындау ол азаматқа түкке тұрғысыз оп-оңай іс болып қалады. Өзін лаңкес санап, түрлі жан түршігерлік оқиғаларға барып жатқан азаматтарды мысалға келтіре аламыз.
Тағы да бір әсер ететін фактордың бірі – психологиялық күйзеліс. Жас кезінде алған кейбір психологиялық соққы, болашағының бұлыңғырлануына себепкер болуы әбден мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының немесе жақын туыстарының ішімдікке, нашақорлыққа әуес болуы, достарының арасында абыройсыздық немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өзін жайлы сезіне алмауы, кейбір жағдайларда өзінің жасаған ісінен қатты қорқуынан, ұялуынан, ыңғайсыз сезінетіндігінен психологиялық күйзеліске ұшырап, ауыр соққы алуы әбден мүмкін. Осындай қиын қыстау кезеңдерде жанында демеу болатын адамның табылмауына байланысты, жат ағым жетегіне еріп жатады. Ағым өкілдері арасында азаматтың бұрынғы өмірі маңызды емес екендігін түсіндіріп, сынақ екенін айтып жанын тыныштандыру арқылы сеніміне кіріп, бауырмалдық сезімін ұялатады. Жақын адамы көрсетпеген жан жылулығын, өзгеден табу арқылы өзінің қалай ағым мүшесі болғанын білмей қалған жәйттер кездесіп жатады. Мысалы ретінде кейбір қыз-келіншектердің дәстүрлі емес ағым соңына еріп кеткендігін айта аламыз.
Адамның қоғам ортасында өзінің орнын таба алуына себепкер болатын тағы бір фактор – өскен ортасы, құрбы-құрдасы, достары және жұмыс орны. Халық даналығындағы: «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» - сөзі босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жақа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар, белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді. Өкінішке орай, зиянды іс-әрекеттер жиі орын алатын орталарда, жамандыққа бір табан жақын болып өсетіні анық. Адам баласы толықсыған шағында ұядан ұшып, өз күнін өзі көре алатындай жағдайға жеткенде, ақ пен қараны ажырата алатындай дәрежеге жеттім деген кезде, жұмыс орнындағы адамдардың ой-пікірі діни ағым жетегінде кетуге себепкер болуы әбден мүмкін. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын адамдар арасында, құрылыс материалдарын сататын сауда орталықтарында, базарларда, сауда үйлерінде кейбір азаматтардың дәстүрлі емес ағым жетегіне еріп, жаңа бір бауырларымен өзін жайлы сезінетіндігін құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына, шет елдерде күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азаматтардың тигізген зияны орасан зор. Тәуелсіздіктен кейін, шекаралар ашылып, шет елдерде білім алу қолжетімді болған сәтте, қазақ жастары жапа-тармағай шет елдерге жөнелді. Ең өкініштісі, ол жақтарда біздің ұлттық дәстүріміз бен дінімізге сәйкес келмейтін, басқа бір біліммен сусындады. Шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін «шейхтардың» улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елімізге оралған кезде, әр жерлерде қызметке орналасып жастардың улануына себепкер болды.
Қорытындылай келе, жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселелерді жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Діннің адалдығына еремін деп, жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмайық.
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің бөлім басшысы м.у.а. А.Тағай
ЖАСТАР және ДІН