Қазіргі таңда еліміздің діни жағдайы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әрине дін дегенде жастар жағын айтпай кетуіміз мүмкін емес. Соңғы жылдары жастарымыздың дінге деген қызығушылығы екі есеге артып отыр. Қандай да бір рухани орталықтарға кірсек, басым бөлігі жастар жағы екенін байқауға болады. Жастардың сондай рухани танымды ізденгені көз қуантарлық жағдай. Десек те, барлығы бірдей дәстүрлі діни бағытта бола бермейтіні анық. Дәстүрлі емес діни ағымдар халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне де қарсы келіп, мойындамай жүргендерді де көруге болады.
Бүгінде деструктивті діни ағымдар ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс мақсатта пайдаланып, кісінің әлсіз тұстарын, не нәрседен әсерленетінін анықтайды. Нысанаға алынған адамның жан дүниесіне бойлай еніп, оны кереғар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады.
Діни сауаты төмен жастарды арбаудың бір құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.Сол үшін қазіргі таңда жастарды деструктивті діни ағымдардан сақтандыру басты міндет болып отыр.
Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды.
Дін атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы жастардың санасын тез жаулайтын әдіспен, дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер жастардың ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей, астыртын әрекет ететіндіктен оларға қарсы күрестің жалғыз жолы да тек идеологиялық ағарту шаралары болыр отыр. «У ды у қайтарады» ұстанымы бойынша, дәстүрлі емес діни ағымдардың ауыз салатыны дәстүрлі құндылықтар болғандықтан, алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.
Бұған қоса, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысы бар азаматтық қоғам институттарының барлығы біздің болашағымыз алдыңдағы жауапкершілігін түсіну қажет. Бірінші кезекте бұл, әрине, ата-аналар мен жақын туыстарға қатысты, өйткені, тәрбиелеу ісі адамның дүниеге келген сәтінен бастау алатын айтпасада түсінікті.
Дүниетаным негізі – адамның ақиқатқа деген көзқарасы балалық, жасөспірімдік және жастық шағында қалыптасады. Қазақ жастары үшін аға буын өкілдері – аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың ғибратты сөздері, мінез-құлқы мен даналығы тәрбиелік жағынан үлкен әсер еткен. Сондықтан отбасылық тәрбие институттарын барынша қолдау қажет.
Жастар дін мәселесіне байланысты ұстаз таңдауда сақ болып, қоғамда қалыптасқан іс-әрекеттері, жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалар мен заңдылықтарын ұстанып, саналы әрекет әрекет етулері тиіс. Мұндай жағдайда кез келген адамның қателігі өзінің туған-туыстарының өміріне әсерін тигізетінін түсінуі керек. Сол себептен де өз тарихын білу, тіл мен мәдениетті дамыту, өз халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, отбасы институтының сақтап қалу мен ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған мұрагерлігін нығайту жастар алдындағы басты міндеті болып табылады.
Ғалымдар айтады екен: «Елдің ертеңін білгің келсе, бүгінгі жастарына қара»,-деп. Ия, жастар қашан да әр халықтың ең құнды қазынасы болған, солай бола береді де. Себебі, жастар – елдің тірегі. Жастар – халықты дамуға жетелейтін негізгі күш. Жастар – елдің болашағы. Жарқын болашақ жастардың қолында.
Жастар хақ жолдан адаспайық