Жастар – қоғамның ең белсенді әрі болашағын айқындайтын қозғаушы күші. Олардың рухани, діни, мәдени және зайырлы тұрғыда қалыптасуы – кез келген мемлекеттің өркендеуінің негізі. Бүгінде жаһандану, ақпараттық ағын мен идеологиялық күрес кезеңінде жастар тәрбиесіне қос қырынан – зайырлы және діни тұрғыдан қарау аса маңызды. Еліміздің өркендеуі мен дамуы жас ұрпақтың тәрбиесі, руханияты және мәдениетімен тығыз байланысты. Өскелең ұрпаққа көңіл бөлу және қамқорлық жасау біздің елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың басым бағыты болып табылады. Әр салада жастар тарапынан қол жеткізілген жетістіктер –бұлқамқорлық пен қолдаудың айқын көрінісі деп санаймыз. Халқымыздың болашағы болып табылатын әрбір азамат – мемлекеттағдырына атүсті қарамастан, өздеріне берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы міндет.
Зайырлы көзқарас: жауапкершілік пен саналы азамат. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл дегеніміз – мемлекет діннен бөлек болғанымен, әр азаматтың діни сенім бостандығын құрметтейді. Зайырлы көзқарас жастарды құқықтық санаға, заңға бағынуға, азаматтық ұстаным мен қоғамдық жауапкершілікке тәрбиелейді. Жас ұрпақ тек білім алып қана қоймай, оны қоғам игілігіне жарата алатындай тұлға болуы тиіс.
Мемлекеттің жастар саясаты – оларды әлеуметтік қорғау, кәсіпке баулу, шығармашылықты дамыту және радикалды, деструктивті идеологиялардан сақтау жолында бағытталған. Бұл зайырлы ұстаным – жастардың еркін ойлауына, сындарлы шешім қабылдауына мүмкіндік береді.
Діни көзқарас: рухани тәрбие мен адамгершілік. Дін – адам бойындағы ішкі тәртіп пен ізгілікті тәрбиелеудің негізі. Ислам діні жастарды білімге, тәртіпке, ата-анаға құрметке, қоғамға пайда келтіруге шақырады. Құран Кәрімде және Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде жастардың имандылығы, шынайылығы, жауапкершілігі жайында көптеген тағылым бар. Хадисте: «Жеті топтың бірі – Раббысына құлшылықпен өсіп-жетілген жас жігіт» делінген. Бұл – дінге беріктік пен жастықтың ұлы мүмкіндігін көрсететін өнеге. Дін жастарға шектен тыс кетпей, тепе-теңдікті сақтауды, білім мен сабырды үндейді.
Деструктивті ағымдардан сақ болу: Бүгінгі таңда кейбір жастар әлеуметтік желі арқылы жалған діни топтардың жетегінде кетіп жатады. Бұл – білімсіздік пен рухани әлсіздіктің нәтижесі. Сондықтан жастар діни білімді тек сенімді көздерден, ресми мешіттер мен мамандардан алуы қажет. Бұл – зайырлы қоғам мен діни сенімнің үйлесім табар тұсы.
Бірлік пен болашаққа бағыт: Жас ұрпақтың бойында ұлттық рух, рухани тәрбие мен заманауи ойлау қабілеті қатар дамыса, ел ертеңі берік болады. Жастар – елдің тірегі ғана емес, оның рухани келбеті. Білімді, иманды, заңды құрметтейтін, мәдениетті жастар – Қазақстанның шынайы байлығы.
Жастар – дін мен зайырлылықтың арасын бөліп қарау емес, үйлестіріп ұғынуы тиіс ұрпақ. Саналы қоғам құру үшін білім мен тәрбие, дін мен ғылым, рух пен заң – бір арнада тоғысуы керек. Сонда ғана болашақ баянды, ел тұғыры биік болады.
Ә.Болат
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы
Жастар – елдің болашағы және рухани тұғыры

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru