Жақыныңа қуаныш сыйла
Жақыныңа қуаныш сыйла
21.11.2025
645
0

Адам баласы – бір-біріне мұқтаж, бір-бірін қолдауға зәру жаратылыс. Күнделікті күйбең тіршілікте көп жағдайда жақындарымызға назар аударуды, жылы сөз айтуды, кішкене қуаныш сыйлауды ұмытып жатамыз. Ал шын мәнінде, жақыныңа қуаныш сыйлау – үлкен сауап, әрі адамгершіліктің белгісі.

Қуаныш сыйлау міндетті түрде үлкен сыйлықпен немесе қымбат дүниемен шектелмейді. Кейде бір ауыз жылы сөз, мейірімді көзқарас, шын көңілмен айтылған «жағдайың қалай?» деген сұрақтың өзі адам жүрегін жылытатыны бар. Әке-шешеңе еркелеп барып, шын ықыласпен құшақтап, «сіздерді жақсы көремін» деу – ең үлкен қуаныштың бірі. Досыңның жетістігіне шын жүректен қуанып, кішкентай жеңістерін бөлісу де – қолдау мен қуаныштың көрінісі. Қазақта: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейді.

Бала ата-анасына бір ауыз алғыс айтса, дос досына шын тілек білдірсе, мұғалім оқушысының жетістігіне қуанса – бұл да қуаныш. «Сыйласқанның сыйы артық», «Көңіл – дария, сөз – кеме», – деген сөздер де осыны меңзейді.

Мұсылман бауырымыздың көңілін көтеріп, үміт сыйлау, ең болмағанда оған жымиып қараудың өзі – сауап. Қазіргі таңда елімізде көптеген қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ретінде «Мектепке жол» акциясын атауға болады. Аталған акция аясында көпбалалы, жалғызбасты, басқа да мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға сабаққа қажетті оқу құралдары, киім-кешектер үлестіріледі. Сол арқылы баланың көңіліне жылу сыйлайды. Сондай-ақ Ораза айт, Құрбан айт кездерінде көмекке мұқтаж отбасыларға айттық, құрбандық таратылады. Бұл да – үлкен көмек. Қарттар, жетімдер үйлеріне, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға моралдық әрі материалдық тұрғыдан қолдау көрсету жыл бойы жүзеге асып келеді. Мұның бәрі де – қайырымдылықтың жарқын үлгілері. Қазіргі таңда қайырымдылыққа қарапайым жандардың да атсалысып жатқаны қуантады. 

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінде де мұсылманның мұсылманға мейірімді болуы, қуаныш сыйлауы – сауапты амал ретінде айтылған. Бір хадисте: «Сенің бір бауырыңды қуантқаның – ең жақсы амалдардың бірі» деп келеді.

Қуаныш – жұқпалы сезім. Бір адамның жүзіндегі күлкі екінші адамның көңілін көтеруі мүмкін. Жақсы сөз – жанға шипа. Кейде ішкі күйзелісте жүрген адамға жылы сөз – үлкен қолдау бола алады. Ал жақын жандардың арасында қуанышпен бөлісу – арадағы байланысты бекіте түседі.

Бір күні қалада оқып жүрген студент жігіт ауылдағы анасына бірнеше күн бойы хабарласпай кетеді. Сабақ, жұмыс, достармен кездесулер... бәрі бірдей жиналып, ойында анасы екінші орынға ысырылып қалады. Анасы күнде кешке баласының хабарын тосып, уайыммен ұйықтайды.

Бір кеште жігіт автобуста кетіп бара жатып, анасының «Жақсы жүріп жүрсің бе, балам?» деген даусын елестетіп кетеді. Сол сәтте жүрегі шым етіп, дереу анасына қоңырау шалады.

— Анашым, амансыз ба? Кешірші, бір апта болыпты... 

— Балам-ау, мен саған ренжімеймін. Аман болсаң болды, – дейді анасы күлімдеп. Даусынан-ақ оның жан дүниесі жарыққа толғанын сезеді.

Ертесіне жігіт интернет арқылы гүл жеткізіп, анасына кішкентай жазба жібереді: 

«Сіз менің өмірімдегі ең үлкен қуанышсыз. Сізді жақсы көрем» деп.

Анасы көз жасын сүртіп, рақаттана жымиып отырады. Сол күні ол үшін әлем шуаққа толы еді.

Міне қоғамда мейірім көбейсе – реніш азаяды, риясыз қарым-қатынас орнайды. Қуанышын бөліскен – көбейтеді, қайғысын бөліскен – жеңілдетеді. Сондықтан ең жақын адамдарымыздан бастап, айналамыздағы әр адамға кішкентай болсын қуаныш сыйлауға тырысайық. Себебі біреудің жүрегіне жарық сыйлау – өз жүрегімізге нұр себумен тең.

Қорытындылай келе жақыныңа қуаныш сыйлау – жай ғана жақсы қарым-қатынас емес, бұл – жүректен шыққан шынайы мейірім мен жан жылуының көрінісі. Адамдар бір-біріне қуаныш сыйлағанда, қоғамда жылулық, сенім мен ізгілік қалыптасады. Қуаныш арқылы біз жақындарымыздың өміріне жарық сыйлаймыз, ал ол жарық өзімізге де оралады.

Сол себепті үлкен қуаныштардан бұрын, кішкентай жақсылықтан бастайық. Жылы сөз, шын тілек, қарапайым қамқорлық – бәрі де жақыныңның жүрегіне жол салады. Өмір – өзара қуанышпен, мейіріммен, сыйластықпен көркем. 

Жақсы адам – елдің ырысы,        

Жақсы сөз – жанның тынысы.

Ендеше, өз жақындарыңа қуаныш сыйлап үйрен – сол арқылы өз өміріңді де нұрландыр!

 

 Д. Аманов

 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                              

 

0 пікір