Жалған шейхтар мен радикалды уағызшылардың ықпалы
Жалған шейхтар мен радикалды уағызшылардың ықпалы
31.10.2025
383
0

Жат діни ағым уағызшыларының ерекшелігі – олар діни білімді арнайы медресе немесе университеттерде емес, көбіне қысқа курстарда немесе интернеттен алған. Бұл олардың діни мәселелерде үстірт пікір айтып, қоғамда бүлік тудыруына себеп болады. 

Жалған шейхтардың ықпалынан арылу үшін ең әуелі халықтың діни сауаттылығын арттыру қажет. Мемлекеттік деңгейде ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын күшейтіп, шынайы діни білімді имамдар мен теологтар арқылы жеткізу маңызды. 

Сонымен қатар, діни мазмұндағы интернет контенттерге мониторинг жүргізіп, радикалды идеяларды насихаттайтын арналар мен парақшаларды бұғаттау – қауіптің алдын алудың тиімді жолы. 

Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы діни танымға да айтарлықтай әсер етуде. Осы мүмкіндікті кейбір діни білімсіз немесе радикалды көзқарастағы адамдар өз мақсатында пайдаланып, халыққа шынайы дін емес, өздерінің бұрмаланған идеологиясын насихаттап жүр. Бұл – қоғам үшін аса қауіпті құбылыс. 

Жалған шейхтар мен радикалды уағызшылар өздерін «Дін ғалымы» ретінде көрсетіп, шариғат үкімдерін бұрмалап жеткізеді. Олар көбіне жастар мен діни сауаты төмен адамдарды өздеріне тартып, ұлттық дәстүр мен мәдениетке қарсы пікірлерді уағыздайды. Нәтижесінде қоғамда алауыздық, отбасылық кикілжің, мемлекетке қарсы көзқарастар қалыптасуы мүмкін. 

Бұл бағытта әсіресе жастардың зардап шегуі – алаңдатарлық мәселе. Өмірлік бағыт-бағдары айқындалмаған, өзін қоғамнан шет сезінетін, әлеуметтік қиындықтармен бетпе-бет келген жас азаматтар радикалды уағызшылардың оңай құрбанына айналады. Олар діни сауаттылықты емес, эмоция мен популизмді алға тартып, жалған үміт пен алдамшы сенім береді. Кей жағдайларда бұл радикалды идеялар терроризмге, шетелдегі экстремистік ұйымдарға қосылуға, тіпті отбасынан, елінен безуге дейін алып барады.

Жалған шейхтардың және радикалды уағызшылардың әрекетіне тек діни тұрғыдан емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да баға берген жөн. Себебі мұндай тұлғалардың ықпалы тек жеке адамдарға емес, бүкіл елдің тыныштығы мен тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан, қоғамдық ұйымдар мен білім беру орындары тарапынан бұл мәселеге кешенді түрде қарау қажет.

Радикалды уағызшылар көбіне ғаламтор арқылы әрекет етеді. Олар өздерінің уағыздары мен дәрістерін YouTube, Telegram, Instagram сияқты платформаларға жүктеп, кең аудиторияға таратады. Олардың сөздері сырттай тартымды, әрі дінге бет бұрғысы келетіндер үшін сенімді көрінуі мүмкін. Бірақ, шынайы ислам ілімінен алшақ, жекелеген аят-хадистерді контекстен тыс қолдану арқылы адасушылыққа апарады.

Қорытындылай келе, жалған шейхтар мен радикалды уағызшылар – қоғам бірлігіне төнген қауіптің бірі. Олардың әрекетін тек діни емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да қарастыру қажет.

Себебі радикалды көзқарастар жастардың санасын улап, оларды қоғамнан оқшаулай түседі. Мұндай теріс ағымдардың алдын алу үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, діни сауаттылықты арттыру – радикалды идеологияға қарсы ең тиімді құралдың бірі. Отбасынан басталатын рухани тәрбие де бұл мәселенің шешімінде маңызды рөл атқарады. Халықтың діни танымын күшейтіп, сенімді діни көшбасшыларды қолдау арқылы ғана тұрақты әрі біртұтас қоғам қалыптастыра аламыз.Бұл бағытта мемлекет, дін қызметкерлері және қоғам бірлесе отырып күресуі тиіс. Және де жалған шейхтар мен радикалды уағызшылар – қоғам бірлігіне, елдің рухани және ұлттық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіруші күш. Олардың әрекетімен күресу – тек дін мамандарының ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі. Дін – адамдарды біріктіретін, жақсылыққа бастайтын күш болуы тиіс. Сондықтан әрбір азамат рухани тазалық пен білімді ұштастыра отырып, шынайы дін мен жалған ілімнің айырмасын ажырата білуі қажет. Тек осылай ғана біз өз еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап қала аламыз.

 

Д.Арынбек

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                

 

 

0 пікір