Жалған жиһад және шынайы ислам: Айырмашылықты түсінейік
Жалған жиһад және шынайы ислам: Айырмашылықты түсінейік
23.09.2025
252
0

Бүгінгі таңда әлемдік ақпарат кеңістігінде ислам дініне қатысты түрлі түсініксіз пікірлер көп таралуда. Әсіресе «жиһад» ұғымы жиі бұрмаланып, кейбір радикалды топтар тарапынан қате түсіндіріледі. Олар өздерінің саяси немесе жеке мүдделерін жүзеге асыру үшін «жалған жиһад» деген жолды насихаттап, дінді бүркенішке айналдырады. Осындай жағдайда шынайы ислам мен жалған жиһад арасындағы айырмашылықты дұрыс түсіну – қоғам үшін аса маңызды.

Жиһадтың шынайы мәні

Араб тіліндегі «жиһад» сөзі «тырысу», «күресу», «бар күшін салу» дегенді білдіреді. Исламда жиһадтың ең басты мағынасы – адамның өз нәпсісіне қарсы күресі. Яғни адам бойындағы жалқаулықты жеңіп, адалдыққа, еңбекқорлыққа, ізгілікке ұмтылуы. Сонымен қатар жиһад – білім алу жолындағы талпыныс, қоғамды жақсылыққа шақыру, әлсіздерге көмектесу.

Шынайы ислам іліміне сүйенсек, қарулы күрес жиһадтың ең соңғы және ең шектеулі түрі болып табылады, ол тек әділеттілік пен бейбіт өмірді қорғау мақсатында, мемлекет деңгейінде жарияланған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Көптеген заманауи ислам ғалымдары XXI ғасырдағы ең үлкен жиһад – білімге ұмтылу, ғылымды игеру деп түсіндіреді. Себебі бүгінгі мұсылман үмбеті қару-жарақпен емес, ғылым-білім мен технологиядан артта қалуымен әлсіреп отыр.

• Ғалымдардың айтуынша, қазіргі жиһад – жастарды білімге шақыру, ғылым мен заманауи технологияларды меңгеру, қоғамға пайдалы маман болу.

•  Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Білім іздеу – әрбір мұсылманға парыз» деген хадисімен де үндеседі.

•  Демек, XXI ғасырдағы жиһад – қаламмен, ғылыммен, ізденіспен жүргізілетін күрес.

•  Мұсылмандар ғылым мен мәдениетте алға шыққанда ғана әлемге үлгі бола алады.

Жалған жиһадтың белгілері

Жалған жиһад ұғымын радикалды ағымдар өздерінің мақсаттарына пайдаланып отыр. Олар діни білімнен хабарсыз жастарды арбайды, Құран мен хадистерді бұрмалап түсіндіреді. Мұндай жалған шақырулардың негізгі белгілері мыналар:

•  Қоғамда бүлік тудыруды насихаттау;

•  Кінәсіз адамдарға қарсы зорлық-зомбылық жасау;

•  Исламдағы бейбітшілік қағидаларын жоққа шығару;

•  Дінді саяси мақсатқа қолдану.

Осындай жалған уағыздар адамды діннен алыстатады, қоғамға да үлкен қауіп төндіреді.

Шынайы исламның ұстанымы

Ислам – бейбітшілік пен мейірім діні. Құранда: «Кім бір адамды жазықсыз өлтірсе, барлық адамзатты өлтіргенмен тең» (Мәида сүресі, 32-аят) делінген. Бұл исламның адам өміріне қаншалықты жоғары мән беретінін көрсетеді. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) да: «Нағыз мұсылман – тілінен де, қолынан да өзгеге зиян келтірмейтін адам», – деп өсиет қалдырған. Демек, шынайы ислам ешқашан зорлық-зомбылықты қолдамайды, керісінше бейбітшілік пен әділдікті дәріптейді.

Айырмашылықты түсінудің маңызы

Жалған жиһадқа сенген адам өзіне де, қоғамға да зиян тигізеді. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру, жастарға исламның шынайы құндылықтарын түсіндіру – заман талабы. Әрбір мұсылман дінді тек сенімді дереккөздерден үйреніп, ғұламалардың түсіндірмесіне сүйенгені дұрыс. Бұл – жалған уағызшылардың ықпалынан сақтанудың ең тиімді жолы.

Қорытындылай келе, жалған жиһад – ислам дініне жат, қоғамға зиянды құбылыс. Ол адамдарды қантөгіске, алауыздыққа итермелейді. Ал шынайы ислам – бейбітшілік пен татулыққа шақырады. Сондықтан мұсылман үмбеті жалған жиһад пен шынайы исламды ажыратып, діннің асыл құндылықтарын қорғауы тиіс. Тек сонда ғана қоғамда тыныштық пен тұрақтылық сақталады, болашақ ұрпақ теріс ағымдардың құрбаны болмайды.

 

 Д.Зиябек

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                                 

0 пікір