Исламға неофундаменталистік идеология қажет пе?
Исламға неофундаменталистік идеология қажет пе?
06.05.2020
1053
0

Қазақстан территориясында қоғамымызға жат көптеген діни ағымдар кеңінен таралған, ал оларды уағыздаушылар жат діни сананы ендіріп, қазіргі таңдағы діни үдерістерге ықпал етуге тырысады. Көп жағдайда мұндай діни әрекеттер қазақстандық қоғамға тән емес төзімсіздік пен фанатизммен ерекшеленеді.

«Нео-фундаменталистік ой исламды Құранды сөзбе-сөз әрі нормативті оқу ретінде шектейді. XX ғасырда нео – (нео-жаңа) фундаменталистік исламдық, христиандық, йудейлік ағымдармен қатар әсіре ұлттық қозғалыстар пайда болды. Олар фундаменталистік және экстермистік (лат-шектен шығушылық) ашық насихаттауға көшті. Неге екені белгісіз неофундаменталистер туралы сөз бола қалса алдымен ислам дінін жамылып отырған ағымдар еске түсіріледі. Нео-фашистік идеология ұлттық құндылықтар мен демократияны жоққа шығаратын идеологияға құрылған саяси ағым болса да әзірге өзекті емес.

«Фундаментализм» ұғымын ХХ ғасырдың 20 жылдары Евангелиелік Американдық протестант христиандары қалыптастырды. «Іргелі», «түпкі», «алғашқы» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар, діни ілімдегі өзгерістерді, ауытқушы-жаңашылдық ағымдарды мойындамау, оларды айыптау фундаменталистік көзақарстарды білдіреді.

«Терроризм»- «лаңкестік», «қопару-жару», «үрей салу» арқылы діни-саяси қарсылығын білдіру. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары «жиһадшыларды» лаңкесшілерге санайды. Оған мысал ретінде 2001 жылы 11 қыркүйектегі АҚШ-қа жасалған лаңкесттік шабуылдарды себепкер ретінде «Әл-Каида» ұйымын айыптады. АҚШ және олардың сыбайластары «Әл-Каида» лаңкестік ұйымының әрекетін ислам дінімен байланыстырды.

Қасиетті Құран Кәрімдегі: Әли Имран» сүресінің, 103-аятында

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا ۚ وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ 

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар»[1] делінеді.

Ал адамзаттың ақырғы Пайғамбары да шектен шығушылық пен немқұрайлылықтан аулақ болуға шақыра отырып, исламның ерекшелігін хадисінде былай көрсетіп береді: «Шүбәсіз, бұл дін – жеңіл дін. Адам баласы қанша жерден шамасынан тыс құлшылық жасаймын деп, дінде тыраштанса да, бәрібір дін одан әрқашан үстем болады. Ендеше, әрбір істе (әсірелік пен селқостыққа бармай) тура әрі орта жолды ұстаныңдар»[2]

 Сондай-ақ пайғамбарымыздың «көпшілік жағында болыңдар» деген мағынадағы өсиетін ата-бабамыз ғасырлар бойы берік ұстанған. Елімізді мекендейтін халықтың 70 пайызынан астамы ұстанатын бұл Әбу Ханифа мәзһабы исламдағы заңды төрт мәзһабты ұстанушылардың 50 пайызын құраса, ал сүннет жолындағылар жалпы мұсылманның 90 пайызын құрайтыны баршаға мәлім. Алайда елімізге жат жерден енген ат төбеліндей аз ғана топтың, арадағы жетпіс жылдық атеизм салдарынан дәстүрлі діннен ажырап қалған сәтін, жастардың діни бірегейлікті табу жолындағы рухани ізденісін, олардың дүниетанымдық мәдениеті қалыптаспағанын, әлеуметтік-материалдық мұқтаждықтарын пайдаланып, мұсылман жамағатының арасына іріткі, ылаң салып отыр.

Уаһабизм-салафизм, талибан, хизб-ут тахрир, ат-такфир уа хижра және осылардың құрығына іліккендер неофундаменталистік идеологияны насихаттаушылар болып отыр.

Салафи-Уаһаби ілімінің өкілдерінің көзқарастары аса қатерлі, әсіресе, діни-саяси мәнге ие қазақ мұсылмандығына қарсы ағым екендігі бүгінде баршаға мәлім. Аталған топ тарихта «Алланы бірлеушілер» (муаххиддун), пайғамбардың жолындағылар (салафиуун) немесе уаһабтың жолындағылар (уаххабиун) деген атпен белгілі. Бұл ағымның қалыптасуына сол дәуірдің қоғамдық-саяси жағдайлары себеп болды. Ағымды негіздеген Мұхаммед Ибн Абдулуаһаб ХVIII ғасырдың орталарында орталық арабстанда Нажд және ал-Хаса аймақтарында діни-саяси қозғалыс жетекшісі ретінде танылды. Абдулуаһаб «дінді тазалау», яғни пайғамбар заманына оралу мақсатымен өз ағымын, қозғалысын ұйымдастырды. Оның ойынша барлық мұсылмандар «таза» исламнан алыстаған болып саналады. Ол араб ұлтшылдығын қоздырды, осман империясынан азат болу идеясын насихаттады. Жеке-жеке тайпалардан құралған арабтардың басын қосып, бір діни-идеологияға біріктіру, ортақ мүдде, ұлттық мемлекет құруға шақырды. Уаһаб ілімі қоғамдағы құбылыстар мен діни-философиялық мәселелерді терең талдамайды, бір жақты тұжырым, үкім береді. Олар үшін Құран мен Суннадан кейін Ибн Таймия, Ибн Жаузия еңбектері заң ретінде қабылданады. Пайғамбардың, әулиелердің қабірлерін зиярат ету Аллаға серік қосу болып есептеледі.  Демек, бұлар өз дінінен алыс қалғандарды тез баурап алатын доктрина. Абдулуаһаб «Құран мен Суннамен» қатар жолды көрсететін мәзһабтарды дінге жаңалық қосу-бидғат дейді. Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан, олардың сеніміне кірмегендерді «дінсіз», «ханафи кәпірлердің мәзһабы» деп қарайды. Олардың иман мәселесі мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушілік тудырып отыр.

Егер біз Пайғамбар дәуірінде болмаған деп, сүннетке сай емес деп, бүгінгі ғылымдар мен ислам ғылымдарының тәпсір, хадис, араб тілінен бас тартсақ, мектеп, медресе, университетке бармасақ, бұл адамзаттық өрелі өркениетке, яғни ілім-білім, ғылымды парыз етуші оны бәрінен ұлық көруші исламға жат нәрсе. Ислам қатып қалған қағида емес. Оның дәлелі ретінде Пайғамбарымыз (с.а.с) алғашқыда қабірді зиярат етуге тыйым салған. Кейіннен пұтқа табынушылық тоқтаған соң, ислам мұсылман жүрегіне ұялаған соң, қабірді зиярат етуге рұқсат еткен. Пайғамбар (с.а.с): «Мен сіздерді қабірлерді зиярат етуден тоқтатып едім, енді қабірді зиярат ете беріңдер, өйткені онда сіздер үшін ғибрат бар» - деген хадисі бар.

Салафилер бүгінгі конституциялық құрылымды халифатпен алмастырып шариғат заңдарын ұстануға, мемлекет басына «халифа», «әмір» сайлау қажет деп санайды. Шындығында ислам қайнаркөздері адамды имандылыққа, ізгілікке, бейбітшілікке, сабырлылық пен төзімділікке шақырады, діннің ажыратушылық қырына емес, біріктірушілік жағына көңіл аударады.

Сондықтан да салафилер неофундаменталистік идеология ретінде зайырлы қоғамға қауіпті ағым. Қазақстан жастарының басым көпшілігі қазіргі таңда рухани ізденіске, діни сауат ашуға ден қоюда, осыны ескере отырып, жастарға үгіт насихат шараларын, жоғарыда айтылған діннің ішіндегі тура, әрі бейбіт бағытын таңдауға ықпал жасайтын орта қалыптастыра алуымыз қажет.

Қорыта келе діннің бүгінгі өзектілігі қазіргі әлемде, оның ішінде біздің елімізде діни сананың жаңғыруымен байланысты болып отыр.

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында былай дейді: «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек».

 

Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу

бөлімінің маманы Ж.Жорабек

 

 



[1] Халифа А., Дәлелхан Ж. Құран Кәрім. Қазақша мағына жҽне түсінігі. – Медине, 1991. – 28 б.

[2] Имам Нәуәуи. Мұхиддин Әбу Зәкәрия Яхия ибн Шәрәф ибн Мурри. Хадистер жинағы (риядус-салихин). – Алматы: Көкжиек-Б, 2012. – 656 б

0 пікір