Исламдағы бала құқығы
Исламдағы бала құқығы
28.07.2020
1535
0

Ислам – жалпы адамзатқа келген дін. Ондағы құқық мәселесі адамды, жан-жануарларды, тіпті барлық жаратылысты қамтиды. Исламның құқық мәселесіндегі ауқымдылығы өте кең. Жалпы алғанда, дүниежүзінде құқық мәселесін дәл Ислам дініндей кеңінен қарастырған басқа жүйені кездестіру қиын. Адам құқығына соншалықты мұқият көңіл бөлуі діндегі тұлға рөлінің жоғары екенін көрсетеді.

Исламда әрбір адамның мейлі ер, мейлі әйел немесе бала болсын өз құқығы бар және де барлық құқықтар міндетті түрде сақталады. Ислам балаларды көптеген құқықтармен қамтамасыз етеді. Олардың ең маңыздыларына төменде тоқталып кетейік.

  • Өмір сүру құқығы. Шариғатта ана жатырындағы эмбрионның жаратылыс белгілері байқалып, жан біткен шақалақты «жәнин» деп атайды. Ана жатырында пайда болған шақалақтың яғни, «жәниннің» өмір сүру құқығын Жаратушының өзі берген. Сондықтан да, оны өмірге келу құқығынан ешкімнің айыруға қақысы жоқ. Әрине тек белгілі себептер болған жағдайда ғана. Мүмкін мұндай себеп болмаған жағдайда бала бұл жарық дүниені көруге құқылы.

Баланы өмір сүру құқығынан айыру,  алдыру шариғатқа да халқымыздың салт-дәстүріне де қайшы келетін нәрсе. Ал қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 93-аятында: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы – жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қарғысы мен қаһарына ұшырайды»,деп айтылған. Жасанды түсіктің жасалуының ең негізгі себептерінің бірі – некесіз қосылу, зина жасау. Көпшілігімізге белгілі бала жасатуға көбіне жас сезімдерге алданып қалған қаракөз қыздарымыз барады. Нәзік жандыларымызға саналарына некесіз жақындасу харам, оның арты жасанды түсік сияқты күнәлі әрекеттермен аяқталатынын жеткізу керек. Сондықтан ана, әпке-жеңгелеріміздің алдарында үлкен миссия тұр.

  • Баланың материалдық құқығы. Бала дүниеге келгеннен кейін тамақтану, киіну және т.б қажеттілігін сатып алып беру, оның ата-анасының мойнына артылады. Әрине әрбір ата-ана өз бауыр ет баласының ешкімге жалтақтамай, барылық қажетті нәрселерін алып беруге тырысады. Бірақ, өмірде түрлі жағдайлар болады. Мысалы, ата-аналардың ажырасуы. Шариғат заңдарында еркек адам әйеліне талақ берген соң, ұлы немесе қызы 15 жасқа толғанға дейін оларды напақамен (қаржылай, киім-кешек, т.б.) қамтамасыз етіп отыруы «уәжіп» болып саналады. Жүктің, жауапкершіліктің барлығын ажырасқан әйеліне артып қою, мұсылман еркекке жат қылық. Діни тұрғыда да әке – өз балалары үшін ақыретте Алланың алдында есеп бермек. Сонда қазір алимент төлемей қашып жүрген әкелер бұл дүниеде заң алдында, ал ақыретте Алланың алдында жауапты болмақ. Өйткені әрбір ата-анаға өз балалары аманат болып саналады.
  • Жақсы тәрбие алу құқығы. Ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де маңызды мәселе. Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне дейін үлкен көңіл бөлген. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» – деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Ер баланың тәрбиесін әкесі не үлкен ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Жақсы тәрбиенің негізінде сыпайы мінез бен  үлкенге деген құрмет жатыр. Баланың тек рухани дүниесіне ғана емес сыртқы бейнесі мен киім киісіне де мән берген. Себебі, салт-дәстүрді, ғұрыпты, шариғатты балалық шақтан санаға сіңірген бала ғана болашақта өз елінің жанашыр патироты болады.
  • Білім алу құқығы. Шариғат баланың толыққанды білім алуына құқық береді. Бұның астарында тек Құран үйрену ғана емес, басқа да заманауи ғылымдарды игеру жатыр. Кейбір деструктивті діни ағым мүшелері өз перзенттеріне зайырлы білім алуына қарсы келіп жатады. Тіпті орта білім алу үшін мектепке жібермеуде. Бұл шариғатқа қарсы келеді. Себебі ислам діні ғылымды, ғылым әлемінде болып жатқан жаңашылдықты  қолдайды. Оған дәлел ретінде медицина ғылымдарының негізін салған Ибн Синаны (Авецина)  зор мақтанышпен айта аламыз. Мұсылман ғалымдары ек медицина емес, сонымен қатар алгебра, геометрия сияқты ғылым әлеміндегі негізгі салаларды дүниеге әкелді. Қазақтың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген сөзі халқымыздың, оның ішінде жастарымыздың көзі ашық, оқыған, сауатты болғанын қалайтынын көрсетеді.

Иә, расында да Ислам діні адам құқығын кепілдікке ала отырып, адамның абыройын асқақтатқан ең кемел құқық жүйесі болып табылады. Жоғарыда келтірілген мысалдардан біз баланың ана құрсағына біткеннен бастап өз құқығы бар екенін және оның міндетті түрде орындалуы керек екенін білдік.  Ислам діні баланы осыншама құқықпен қамтамасыз ете отырып оның діндегі орнын жоғары екенін көрсетті.

          

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»   КММ-нің

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»  бөлімінің маманы    М.Садық

0 пікір