Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды бірінші орынға қойды.
Елбасының: «Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана – оның ең ардақты тұлғасы болды» – деген көпшіліктің қолдауына ие болған Жолдауы халықты бір мақсатқа жұмылдырған тарихи құжат болды.
Ислам діні келмей тұрып, жахилия кезеңінде әйелдердің құқығы тапталып, еш маңызы болмаған. Қыз баласын қорлап, адамға тән мәртебе бермейтін, әке-шешесінің мұрасынан үлес бөлмейтін түсінік араб қоғамында да болды. Бұл қоғамда қыз бала дүниеге келсе, оны асыраудан қашып, ұлды артық көретін, қызды болғанына ашуланып, қатты ызаланатын, ұялатын болған. Осындай жауыз мінездерінің шектен шыққаны соншама олар жаңа туған нәрестені тірідей көміп және бұл әрекеттері үшін «арын тазартқан» болып бір-біріне мақтанатын болған.
Арабтардың нәресте қыздарды көмуі туралы Құранда Нахл сүресі 58-59 аятында былай делінген: «Егер олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе, оны ашу қысып, беті қарая бастайды. Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп ұстау керек пе? Олар нендей жаман үкім береді». Ислам діні осы аят арқылы арабтардың ісі жиіркенішті әрекет екендігін көрсетіп тыйым салған болатын.
Ислам діні жер бетіне бейбітшілік, тыныштық, әділдікті әкелді. Жалпы, адам құқығына, әсіресе әйел затының құқығына ерекше мән беріп, қоғамдағы орнын айқындап берді. Әйел адамға көзқарас өзгеріп айрықша көңіл бөлінді.
Ислам діні әйел затына өзіне тиісті міндеттер мен құқықтар жүктеді. Мысалы, Құранның Ниса сүресінің 11 – аятында балалардың мұрагерлігі жөнінде Алла Тағала былай белгіледі: «бір ер баланың үлесі – екі қыздың үлесіне тең болады». Осы мысал арқылы ислам шариғатындағы мирастың әйелдерге де тиесілі екендігін көруімізге болады.
Мұхаммед пайғамбар хадистерінде де әйелдерді ерекше бағалаған. Мысалы: «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар», - деп әрқашан құрметтеуге шақырған. Сонымен қатар, Пайғамбар «Әйел – ер адамдарға Алланың үлкен сыйы, аманатыдеп өсиет қалдырған. Бірде бір адам Пайғамбардан «Жұмаққа барудың жолын көрсет», - деп сұрағанда, Пайғамбар «Анаңа, анаңа, анаңа қызмет ет», - деп жауап берген. Ислам – әйел затының құқығын, орнын толықтай қамтамасыз еткен дін.
Сонымен қатар, Азхаб сүресінің 35 аятында: «Ер адам болсын, әйел адам болсын жақсы амал істегендердің ең жақсы сыйға бөленетіндігі «Сөз жоқ, мұсылман ерлер және мұсылман әйелдер, мүмін ерлер және мүмін әйелдер, бой ұсынушы ерлер және бой ұсынушы әйелдер, шыншыл ерлер және шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер және сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер және ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер және садақа беруші әйелдер, ораза ұстаушы ерлер және ораза ұстаушы әйелдер, ұятты жерлерін қорғаушы ерлер және әйелдер, Алланы көп зікір етуші ерлер және әйелдер, Алла бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі».
Қазақ қоғамында да қыз баланың орны ерекше болған. Әрқашан ертеңгі жар, ұрпағымыздың анасы, тәрбиенің бастау бұлағы, ұлағаттың қайнар көзі ретінде құрметтеп, сыйлаған. Ежелден келе жатқан әдепті берік ұстанған халық қызын ешкімге қорлатқан емес. Қазақ қашанда қызын әлпештеп өсіріп, оның «ақылына көркі сай» болуын қадағалаған.
Қорыта айтқанда, ислам діні әйелдің ерекше жаратылыс екенін түсіндіріп, оған айрықша баға берді. Әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырып, оның ешқандай құқын шектемеді. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғамның тәрбиесін қыз баланың тәрбиесімен байланыстыра қарастырған. Әйел затының қоғамның барлық саласындағы орнын айқындап, жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғаған. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
маманы А.Сейдрахман
Исламдағы әйелдің орны мен құқығы