Қазақ халқы ислам дінін өз халқының діні ретінде ұстанғанына да мың жылдан аса уақыт өтіпті. Дәлірек айтқанда, VIII ғасырдан бастау алғанымен, Х ғасырдың екінші жартысында арғы қазақ тайпалары тарихи шынайы таңдау жасап, ислам дінін қабылдады. Міне, осы кезеңнен бастап қазақ жері ислам өркениеті тараған аймаққа айналды. Сунниттік бағыттағы мұсылман діні қазақ халқы рухани байлығының ажырамас бір бөлігіне айналды. Негізінде, қазақ халқы мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіде қарастыруға болады. Бір жағынан алғанда, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуіне, интеллектуалды және мәдени ілгерілеуіне ықпал етті. Әсіресе, бұл дін ұлттық сипаттағы ең үздік қасиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Келесі жағынан алғанда, исламнан нәр алған халық тарих белестерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Өйткені, бұл кезеңде қазақ жұртына қиыр шығыстық және христиандық дәстүрлер пәрменді ықпалын тигізіп, тұрақты қысымға алып отыратын. Ал ислам діні осыларға қарсы қойылған «сауыт» қызметін атқарды, ұлттық «мәнді» сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Қазақ мәдениетінің майталмандары атанған ақын-жыраулар, күйшілер, билер қырдағы ислам өркениетінің көрнекті өкілдері атанды, олардың діни білімдері ерекше болды. Қожа Ахмет Ясауи мен Асан Қайғыдан бастап Шәкәрім мен Міржақып Дулатовқа дейінгі қазақ мәдениетінің барлық өкілдері ислам руханиятының тасымалдаушыларына айналды.
Қазақ зиялыларының барлық өкілдері мұсылмандықты ұлттық-мәдени өмірдің қажетті бөлігі деп санады. Олар осы діннің мәдени, гуманистік және ұйымдастырушы кезеңін өркендетуге ұмтылды. Міржақып Дулатовтың «исламға қалай жол ашамыз» деген жан айқайы осы дінге деген ерекше құрмет белгісін танытады.
Кейде «көшпенді мәдениет» пен «мұсылман мәдениеті» ұғымдарын шатастырып жатады, бұл екеуі дербес ұғым болып табылады. Өйткені, «көшпенді мәдениет» шаруашылық жүргізу және тұрмыстық салттарды, ал «мұсылман мәдениеті» дін аясында өмір сүруді білдіреді. Мәдениет (өркениет) рухани саламен, дінмен байланысты болады. Тарихи тәжірибенің көрсетуі бойынша сан ғасырлар бойы қалыптасқан көшпенділер мәдениеті ислам дінінен тыс қалыптасып үлгерген. Сондай-ақ оның шеңбері аясында өмір сүре алады. Ислам діні көшпенді мәдениеттен отырықшылыққа көшуге мәжбүрлемейді. Мұның өзі қазақтардын ислам дінін қабылдауына да өзіндік әсерін тигізді.
Дін мен салт-сананың үндестік-үйлесімділігі дегеніміз қасиетті Ислам дінін қабылдаған кезден бастап ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері діни тәжірибесі арқылы тіршілік түйткілдерін тірнектеп реттеген, бағыттап қалыптастырған әдет-ғұрпы, дәстүр-салты болмақ. Әрине, Ислам мен дәстүрлі қазақы сенім арасындағы үндестік, үйлесімділік дана халқымыздың діни білімі негізінде жүзеге асып келді.
Адамның ұлтына деген адалдық, тазалық Ислам дінімен қуатталып отырады. Құдайдан қорықпаған адам Отанын сатып кетеді, өз елінің өзегінен теуіп, арқасынан пышақ сұғады. Олардың қазақ ұлтына, еліне деген, «сүйіспеншілігі» қандай болатынын содан-ақ біле беріңіз. Өмірбаянына үңілсеңіз ақша ұрлап, ел байлығын тонап шетелге қашып кеткендер түп-түгел орысша оқыған қазақтар. Өйткені оларға ұлттық менталитетік тұрғыдан имандылық, отаншылдық тәрбие қалыптаспаған. Олардың әкесі қазақ, шешесі қазақ бола тұра өздері қазақпын деп айта алмайды. Өйткені олар қазақпын деген сезімнен жұрдай. Ал Ислам дінінің ұлттық салт-дәстүрмен негізделген құндылықтарын өзге тілмен түсіндіріп, ұрпақ санасына сіңіріп, қалыптастыра алмайсың. Қасиетті дінімізді насихаттауда біздерді құртып жүрген міне осылар.
Дін мен ұлттық мүдденің ұштасуы, тоғысуы – руханиятымыздағы орны айрықша мәселе. Менің білуімше, дүниеде қазақтан өткен дана халық жоқ. Өкініштісі сол, қазақ даналығын біз тани алмай, таныта алмай келе жатырмыз. Әйтпесе, Әбунасыр әл-Фарабиден Қожа Ахмет Йасауиге, Асан қайғыдан Абайға дейінгі аралықта қалыптасқан түркі-қазақ-Ислам мәдениеті адамзат тарихындағы ең озық қоғамдық қатынастарды қалыптастырып, озық мәдени дәстүрді жинақтады.
Біздің қазақ рухани мәдениетінің қоры жағынан әлемдегі ең бай халықтың бірі. Ұлттық сана арқылы қалыптасқан діни сананы улайтын әртүрлы «вирустардан» қорғаудың, алдын алудың жолдары көп. Оған қарсы қолданатын «антивирустың» бірі де бірегейі – қазақы дүниетаным, қазақ фольклоры, ақын-жыраулар мұрасы, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин сынды ойшылдардың ілімдері, ұлтымыздың классик тұлғаларының жауһар туындылары. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» арқылы сан жүздеген томдарға жинақталып кітапханалар сөрелерінде сіресіп тұрған бабалардың даналығы. Қазіргі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде «Біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деп айтумен қоймай «таза ислам» идеясы үшін ұлттық құндылықтарды тәрк етуге шақыруда. Бұл ұлтқа төнген үлкен қауіп. Егер қазақ ұлтын қазақ етіп келген тілі, әдет-ғұрыптары, дәстүр-салты тегіс сыпырылып, ұлттың тарихы ұмытылса, олардан түгелдей айрылсақ, онда не болдық?! Не үшін осыдан бір мың екі жүз елу жыл бұрын Ислам дінін қабылдаған халықтың қалыптасқан мәдениеті бүгін келіп Исламға қайшы болып қалды? Міне осы сұрақты біз оларға қарсы қойып, қорғана білуіміз керек.
Қорыта айтқанда, қазіргі кезеңдегі қоғамдық діни санамыздың толысуы үш нәрсеге тәуелді. Олар, біріншіде халқымыздың білімділік деңгейі (интеллектуалдық әлеуеті), екіншіде діни сауаттылығы, үшіншіде дамыған ұлттық сана-сезімі. Оған қоса Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматының өзінің тілін, ұлттық мәдениетін, отбасылық және діни құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға деген талпынысы қажет. Халық рухын сауықтыруға да, әртүрлі экстремизмнің алдын алуға да ең керегі осындай қасиеттер болмақ.
Қазақ халқы ислам жолымен сусындап, болмысын, ұлттығын, дәстүрін қалаған халық. Кеше, бүгін мұсылман бола салған жоқ. Бүгінгі қоғамдағы неосәлафилік тенденция қазақилықты мансұқтап, дін ұстанушыларды жік-жікке бөліп, араздастыруға себепші болып отыр. Яғни отбасы ұғымын зайырлы ортадан бөлектеп, қоғам мен заң талаптарын елемей, заман мен қазіргі уақытқа ілеспей өздерінше басқаша сипатта жүр.
Қазақ әуелден сыртқы формаға емес, мазмұны мен мәнге назар аударатын. Қыздар оранып жүрмесе күнәға себепкер болады дейді. Ал қазақ қызының өзінің жарасымды ұлттық киімі болған. Онда кез келген әйел заты, жеңге, қарындастың бәрін фитнаға себепші дейтін шығармыз. Сол себепті, қарындастарыма алдымен білім алып, сенімді жүрекке ұялатайық дегім келеді. Анасы надан ұрпақтан білімді бала, елін ойлайтын азамат шыға қоймайды. Бұл ретте ата-аналарды да төзімді болуға шақырамын.
Қ.Салықбаев
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру
бөлімінің басшысы
Ислам мәдениетінің ұлт менталитетін қалыптастырудағы ролі