Ислам жауыздықты қолдамайды
Ислам жауыздықты қолдамайды
06.08.2025
668
0

Ислам – бейбітшілік пен әділет діні. Оның атауының өзі араб тіліндегі «сәлем», «амандық» мағынасын білдіретін «Сәлам» сөзінен шыққан. Ислам діні адамзатқа мейірімділік, кешірім, сабыр, әділдік секілді асыл қасиеттерді насихаттайды. Сондықтан да бұл дінді жауыздықпен немесе зорлық-зомбылықпен байланыстыру – теріс түсінік. Құран Кәрім мен Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистері исламның шынайы бейнесін көрсетеді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ақиқатында, Алла әділеттілікті, игілік жасауды және туыстық байланыстарды сақтауды бұйырады. Ал арсыздықты, зұлымдықты және бүлікті тыяды...» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп бұйырады. Бұл аят исламның жауыздыққа, әділетсіздікке, зұлымдыққа қарсы екенін анық көрсетеді.

Ислам – адамгершілік, әділет, бейбітшілік пен рухани тазалықты насихаттайтын дін. Мұсылман адам өз сенімін жүрекпен қабылдайды, діни міндеттерін орындайды, бірақ бұл оның зайырлы мемлекеттегі азаматтық міндеттеріне қайшы келмеуі тиіс. Қазіргі әлемде дін мен мемлекеттің арақатынасы туралы пікірталастар өзекті болып отыр. Әсіресе, ислам діні таралған мемлекеттерде зайырлылық пен діни сенім арасында тепе-теңдік табу  күрделі әрі маңызды мәселе.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) өз өмірінде мейірімділік пен кешірімділіктің үлгісін көрсетті. Ол дұшпандарына да кешіріммен қарап, әрқашан бейбіт шешім іздейтін. Бір хадисте: «Мейірімді болмаған адамға Алла мейірім етпейді» деп, адамгершіліктің маңызын ерекше атап өтеді. Исламда соғысқа тек өзін қорғау мақсатында, әрі бейбіт жолдар сарқылғанда ғана рұқсат етіледі. Бейкүнә адамдарға, әйелдерге, балаларға, қарттарға немесе табиғатқа зиян келтіруге тыйым салынған. Сондықтан да ислам дінін жамандықпен, жауыздықпен байланыстыру  оның шынайы рухына қарсы келеді. Көп жағдайда діннің атын жамылып жасалған әрекеттер діннің өзіне емес, сол әрекетті жасаған адамдардың ниетіне байланысты.

Исламға қатысты теріс пікірлердің бірнеше себебі бар:

Террористік шабуылдар: Кейбір лаңкестік ұйымдар өздерін мұсылман деп таныстырады, бірақ олардың әрекеттері шынайы исламмен мүлде сәйкес келмейді.

БАҚ-тағы бұрмаланған ақпарат: Көптеген халықаралық жаңалықтарда мұсылмандар тек қақтығыстар мен соғыстарда ғана көрінеді.

Исламофобия: Кейбір елдерде діни және мәдени айырмашылықтарға байланысты мұсылмандарға қарсы стереотиптер қалыптасқан.

Жауыздықты ақтауға болмайды кейбір жағдайларда дінді жамылып, қантөгіс пен жауыздықты ақтағысы келетіндер болады. Мұндай әрекеттер Исламның шынайы қағидаттарына түбегейлі қайшы. Исламда бейкүнә жандарды өлтіру  ең ауыр күнәлардың бірі. Құранда былай делінеді: «Кімде-кім біреуді (бір жазықсыз жанды) өлтірсе, бұл – барлық адамзатты өлтіргенмен тең» («Маида» сүресі, 32-аят). Бұл аят исламдағы өмірдің қасиетті екенін, адам қанының өтеуін тек Алла білетінін ескертеді.

Қорыта айтқанда ислам – жауыздықты емес, бейбітшілікті қолдайтын дін. Оның қағидаттары әділет, мейірім және адамгершілік негізінде құрылған. Дінді бұрмалап, өз мақсаттарына пайдаланатындар  исламның шынайы мәнін емес, жеке пиғылын көрсетеді. Сондықтан мұсылман адам қай уақытта да әділ, сабырлы, кешірімді болуға ұмтылуы тиіс.

Әділет пен теңдік – Құран әділеттілікті өте жоғары бағалайды.

Білім мен ізгілікке ұмтылу – ислам адамды ойлануға, білім іздеуге шақырады.

Ислам – адамзатқа бағытталған нұрлы жол. Бұл жолда жауыздық пен зұлымдыққа орын жоқ.

 

 Ғ.Өгембай             

                        

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Теолог маманы                                                                          

 

0 пікір