Ислам және өркениет
Ислам және өркениет
01.11.2024
508
0

 

         «Өркениет» ұғымы батыс дүние­танымындағы «civilasation» терминінің мағынасын білдіру үшін ХХ ғасырда енгізілген. Араб тілінде «береке» және «бақытты» білдіретін, қоғамдық-саяси жағдай мен құрылымды дамыту үшін «умран» (гүлдену, көңіл көтеру) сөзі қолданылады. Сондай-ақ, арабтарда өркениет ұғымын сипаттайтын «Хадара» сөзі қалалық болу, мәдениетті болу дегенге саяды. Батыс әдебиетіндегі өркениет ұғымының баламасы «цивилизация» XVIII ғасырдың ортасынан бері қолданыла бастады.

Мәдениет пен өркениет арасындағы айырмашылық пен қарама-қайшылық ХVIII ғасырдың аяғында туындады. Бұл бөлу бойынша мәдениет адамның ішкі жетілуін, ал өркениет оның сыртқы дамуы мен табиғатқа үстемдігін көрсету үшін қолданыла бастады. Кейінгі кезеңдерде мәдениет сыртқы байлықты емес, ішкі байлықты жақтаушылардың ұранына айналды.

Өркениет пен мәдениет бір-біріне қарама-қарсы емес, бірін-бірі толық­тырып, жетілдіріп отыратын қоғамдық прогресс. Дегенмен, өркениет мәдениетке қарағанда жан-жақты қасиетке ие. Өйткені өркениет мәдениеттің аясын анықтайды. Мәдениетте жетіспейтін немесе өзгермелі жағдайларда өзгеруі керек мәселелер өркениет шеңбері аясында анықталып, өзгертілуі мүмкін.

Ислам өркениетінің негіздері Құран Кәрім мен Сүннетке негізделген. Аяттар мен хадистер аясында құрылған ислам өркениеті мұсылман халықт ары ұсынған барлық материалдық және рухани-мәдени элементтерден тұрады. Тарихи процесс барысында өзге өркениеттер ислам өркениетінің қалыптасуына өз үлестерін қосты. Мұсылмандардың Мысыр, Сирия, Месопотамия, Мауреннахр және Үндістанға билік жүргізуінің нәтижесінде, аталған аймақтардағы ежелгі өркениеттерді пайдалана отырып, ислам өркениетінің дүниеге келуіне үлес қосты.

Мұсылмандар жаулап алған жерлерін қиратпады, еркектерді өлімге қидырмады немесе әйелдер мен балаларды құл етпеді. Олардың әскерлері қалаларды алмады, бірақ жақын жерлерде өздерінің шатыр қалалары мен әскери гарнизондарын тұрғызды, олардың кейбіреулері Каир сияқты өз алдына қалаға айналды. Бағдад білім беруді кеңейту үшін негізделіп, алғашқы ірі мұсылман зияткерлік орталық болды. Онда ислам құқығы мектептерінің негізін қалаушылардың төртеуінің үшеуі өмір сүрді және жұмыс істеді, ал Бағдад ислам тарихындағы ең ұзақ билік еткен әулет Аббасидтердің астанасы болды.

Ислам өркениетінің негізгі мақсаты – адам баласының сенім, өмір, дүние-мүлік, ұрпақ және ақыл сияқты негізгі құндылықтарын құрметтеу арқылы олардың құқықтарын қорғау болып табылады. Ислам өркениеті сан ғасырлық даму тарихында таухид сеніміне сүйене отырып, рухани бірлікке, ынтымаққа, жауапкершілікті бөлісуге негізделген қоғамдық құрылымды құрды. Мысалы, зекетті парыз ету арқылы бай мен кедей арасындағы алшақтықты жоюға тырысты. Ол құқықтық тұрғыдан ислам өркениетінің ең маңызды аспектісін құрайды. Сондай-ақ, ислам өркениеті – абсолютті бауырластық қағидасына негізделген мұсылмандар арасындағы таптық айырмашылықты жойып, жаңа әрі берік моральдық қағидаларды енгізді. Осы себепті Исламды моральдық өркениет ретінде анықтауға болады. Ғасырлар бойы кең жағрафияға үстемдік еткен Ислам өркениеті адамзат тарихына елеулі үлес қосып қана қоймай, өз тәжірибелерімен классикалық кезең мен одан кейінгі ғасырларға да жарық түсірді. Мәдениет пен өркениет бір-бірімен өзара сабақтаса түсті, сонымен қатар жаулап алулар мен сауда қатынастары және әртүрлі өркениеттермен өзара әрекеттесу арқылы қоғамда жаңа тілдер мен мәдениеттердің қалыптасуына ықпал етті.

Құранда 750-ге жуық жерде білім мен одан алынған сөздер айтылады. Демек, Ислам – ғылым діні. Исламның негізгі қайнар көзі – Құран Кәрімде пайғамбарлардың адамзатты біліммен нұрландыру үшін жіберілгені айтылады. Бұхарадан Кордоваға дейін тараған ислам өркениеті ғылыми және мәдени салаларда бірегей нәтижелер берді.

Сонымен қатар, Құран адамдарды зерттеуге, зерделеуге және ойлануға шақырады. Аббасидтер дәуірінде ең алғашқы жоғары оқу орны – Селжүк уәзірі Низамүлмүліктің Бағдадта негізін салған Низамие медресесі болды. Ислам тарихындағы тұңғыш университет болған Низамие медресесінде шәкірттердің тамақ, баспана қажеттіліктері өтеліп, ақысыз білім берілді.

Ислам өркениетін сенім, әділеттілік, сүйіспеншілік және төзімділік сияқты моральдық, саяси, әлеуметтік және экономикалық аспектілері бар негізгі құндылықтармен жабдықталған моральдық өркениет ретінде анықтауға болады.

Мұсылмандар өздерінен басқа қоғам мәдениеттері мен өркениеттеріне, тіпті ежелгі Грекия сияқты пұтқа табынушылық ілімдерге төзімділікпен қарады және олардан алған кейбір элементтерді дамытып, адамзатқа қызмет етті. Сол сияқты, олар ислам өркениеті үстемдік еткен аймақтар мен елдердегі ежелгі өркениеттердің жинақтарына, мәдени және өнер туындыларына мейірімді болды. Тарих бойы мұсылмандар мешіттерді шіркеулер мен синагогалармен қатар қоюдан тартынбаған. Екінші жағынан, ислам өркениеті түрлі нәсілдер мен мәдениеттерге жататын халықтардың үйлесімді формасы ретінде мұсылмандар арасындағы аймақтық, нәсілдік, тектік, әлеуметтік және мәдени айырмашылықтарды екінші деңгейге ығыстырып, әртүрлі этникалық топтарға жататын барлық мұсылмандардың үлесін арттырды.

Ислам мен өркениеттің ұштасқан ұғым екенін және өркениеттің даму шегі дінде екенін Бернард Шоудың: «Келесі жүз жылда Англия, тіпті бүкіл Еуропаға билік жүргізер дін болар болса, ол тек қана Ислам діні бола алады». «Мен Мұхаммедтің дінін оның тамаша өмір сүргіштігі үшін үнемі жоғары бағалап, құрметтейтінмін. Мен үшін бұл дін болмыстың өзгеру кезеңінде әр заманға өзін бейімдей алатын ассимиляциялық сыйымдылыққа ие жалғыз дін болып көрінеді. Мен ол жайлы зерттедім – таңғаларлық адам және ол анти-Христ деп аталудың орнына Адамзат Құтқарушысы деген атауға ие болуы керек». «Оған ұқсайтын адам заманауи әлемде диктаторлыққа ие болар болса, ол бұл әлемнің мәселелерін шешуде және соншалықты қажетті бейбітшілік пен бақытты әкелуде табысқа жетер еді деп сенемін. Мен Мұхаммедтің сенімі жайлы ол бүгіннің Еуропасына қалай тиімді бола бастаса, ертеңгі Еуропаға да тиімді болатындығы жайлы көріпкелдік жасай аламын», - деген сөзімен қорыта айтсақ дұрыс болады.

  І.Нағызхан 

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                 

0 пікір