Әбу Насыр Әл-Фараби (870-950) – Ислам өркениетінің «екінші ұстазы» атанған, түркі тектес мұсылман ойшылы. Ол Ислам әлемінде философия, логика, музыка, саясаттану және тіл білімі салаларында жазған еңбектерімен әйгілі. Фарабидің дүниетанымы Ислам мәдениетінің аясында қалыптасқан, ал оның шығармалары VIII-X ғғ. Араб-мұсылман ренессансының бір бөлігі саналады. Оның мұралары бүгінге дейін әл-Азхар, әл-Қарияуин, Низамия сияқты дәстүрлі Ислам орталықтарында зерттелген.
Әл-Фараби сенім мәселелерін зерттеген кәлам ғалымы болмағанымен, оның философиялық ойлары Исламның негізгі сенім қағидаларына қарсы келмейді. Ол «Алғашқы себеп» деп атаған Жаратушы туралы тұжырымдары Алланың бар және Бір екені туралы Ислам ақидасымен үйлеседі. Зерттеушілердің пікірі бойынша, Фараби Құдайдың барлығын ақылмен дәлелдеуді мақсат еткен және Ислам дүниетанымына жат идеяларды пайдаланбаған. Әл-Фараби білім мен ғылымды Ислам өркениетінің дамуының негізгі тетігі деп санады. Ол Бағдаттағы «Бәйт әл-Хикма» (Даналық үйі) сияқты ғылыми орталықтарда қызмет етіп, мұсылман ғалымдарының дәстүрлі оқу жүйесімен білім алған. Фарабидің логика саласындағы еңбектері ханафи ғалымдарының дәлелдерді жүйелеуіне әсер еткен.
Мамандардың айтуынша Фарабидің қоғам және адам тәрбиесі туралы ойлары Ислам этикасына сай келеді. Ол «ізгі мінез», «әділет», «сабыр», «жомарттық» сияқты қасиеттерді кемелдік өлшемі ретінде қарастырды. Бұл қасиеттер Құран мен сахих хадистердегі адамгершілік ұстанымдармен толық сәйкес келеді. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» еңбегіндегі басшыға қойылатын талаптар – адалдық, білімділік, әділеттілік, халыққа қызмет ету – классикалық ислам саяси-фиқһ әдебиетіндегі талаптармен үйлеседі. Оның «Музыканың үлкен кітабы» – таза ғылыми еңбек. Бұл еңбекте: «Исламға қайшы мазмұн жоқ», – дейді.
Ол дінді ақиқаттың түсіндірмесі ретінде бағалайды, ал философияны ақиқатты дәлелдеудің жолы деп көрсетеді. Бұл – Матуриди дәстүріндегі ақыл мен уахидың үйлесімділігіне жақын көзқарас.
Әл-Фараби Исламға қарсы емес, керісінше дінді қоғам дамуының негізгі тірегі ретінде қарастырған.
Ол дінді – ақылмен түсінілетін, адамды кемелдікке бастайтын тәрбиелік, рухани және қоғамдық жүйе деп таныған.
Әл-Фарабидің ең көп талқылаған тақырыптарының бірі – ақыл мен иман үйлесімі:
• «Ақыл – дінді түсінетін құрал»
• «Ақылды қолданбай жасалған иман – әлсіз»
• «Ақиқат екі түрлі жолмен беріледі: философия және дін»
Қорытындылай келе, Әл-Фараби – Ислам өркениеті аясында қалыптасқан, мұсылман ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан, адамзат ойының биігіне көтерілген, ақылдың шекарасын кеңейткен тұлға. Ол рухани дүниені де, қоғам заңдылықтарын да біртұтас жүйе ретінде түсіндіріп, адам бақытының кілтін ақыл мен тәрбиеге байлады. Оның еңбектерінде дін мен ғылым, парасат пен сенім бір-біріне қарсы емес, керісінше, бір ғана ақиқатқа апаратын екі жол екені айқын көрінеді. Оның мұрасы ресми Ислам ғылымдарына қайшы келмейді және бүгінгі мұсылман қоғамы үшін де маңызды рухани-ғылыми негіз болып табылады.
Әл-Фараби – өткеннің ғана емес, бүгіннің де ұстазы. Оның «Ақылға сүйен, жүрегіңді тәрбиеле, қоғамды әділдікпен түзет» деген үндеуі – кез келген замандағы адамға арналған әмбебап өсиет. Нағыз кемелдік – тек білімде емес, сол білімді ізгілікке жұмсауда екенін көрсеткен данышпан.
Қ.Мырзабай
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы
Ислам және Әл-Фараби

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru