Ислам дінінің қайнар көзі Құран Кәрімнің алғашқы түскен «Алақ» сүресінің 5-аяты «Оқы», «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен» - деп бұйыру арқылы басталды. Осыған қарап ислам дінінің білім алуға, үйренуге, ғылым іздеуге қаншалықты маңыз бергенін байқаймыз. Осы арада ғылымға, білімге, үйрену мен үйретуге арналған кейбір Құран аяттары мен хадистерін еске түсіре кеткен жөн болар: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?»,«Ғылым әрбір ер мен әйелге парыз», «Ғылым мұсылманның жоғалтқан дүниесі. Оны қай жерде тапса алады», «Ең абзал садақа – мұсылманның ғылым үйреніп, сосын оны мұсылман бауырына үйретуі», «Кімде кім ғылым жолына түссе Алла оның жұмаққа барар жолын жеңілдетеді». Міне, осыған ұқсас көптеген білім мен ғылым іздеуге шақыратын аяттар мен хадистер ислам дініндегі білімнің мән-маңызын көрсетеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Мәдинаға хижра жасағаннан соң, сол жерде мешіт салдырып, онда арнайы дінді үйрету мақсатында бір бөлім құрғаны және ол орында өзі ұстаздық еткені мәлім. Алла Елшісі оқу-жазуды және басқа да ғылымдарды халыққа үйретуді сахабалардың ішіндегі сауаттыларына міндеттейді. Бәдір соғысы кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) қарсылас жақтан тұтқынға түскендердің оқу-жазу білетіндеріне, мәдиналық он мұсылманның сауатын ашқан жағдайда босату шартын қойғаны ислам тарихынан белгілі. Хз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір жағынан білімділерге білетінін білмейтіндерге үйретуді бұйырса, екінші жағынан мұқтаж аймақтарға дінді үйрететін ұстаздарды жіберіп отырды. Осылайша мұсылмандардың білім алуына өзі тікелей ұйытқы болып, үлгі көрсетті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ислам діні жаңадан таралып жатқан аймақтарға өз сахабаларын жіберу арқылы сол аймақтағы халықтың дін исламды тереңірек түсінуіне жағдай жасады.
Ислам іліміне сәйкес, үлгілі шәкіртке тән басты қасиеттердің бірі – ақиқатты меңгеруге ұмтылыс болып табылады. Ислам діні білімділерге үлкен жауапкершілік артқан. Олар айналасындағы адамдарды білім нәрімен сусындатуы тиіс. Егер өзгелер ол адамның біліміне мұқтаж болып жатса, ғалым өз білгенін жасырып қалмауы керек.
Мұсылман әлемінде ғылым – ерекше құрметке ие құндылық. Ертедегі ислам мемлекеттерінде патшалар танымал дін қайраткерлерін қамқорлығына алды, қабілетті ғалымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасап берді. Ерте кезден-ақ ислам әлемінің барлық қалаларындағы мешіттер мен медреселерде біртіндеп кітапханалар салына бастады. Бұл іс ислам әлемінің білім алуға қаншалықты деңгейде көңіл аударғанын аңғартса керек.
Ислам дінінде білім алушы екі жаман қасиеттен арылуға тиіс деп есептеледі. Олар: тәкаппарлық және шектен шыққан ұялшақтық. Біріншіден, шәкірт өз қателіктерін мойындай білуі және жеткен жетістіктеріне масайрап кетпеуі керек. Екіншіден, шәкірттің шектен шыққан ұялшақтығы да білімді жетілдіруге кедергі болып табылады. Өйткені, ұялшақ шәкірт түсінбеген жайтты ұстазынан сұрауға қысылады және бойында керітартпа қасиеттер пайда болады. Ислам дінінде білім алу белгілі бір жаспен шектелмеген. Ата дініміз жас балалардың білім алуына ерекше мән берумен қатар кез-келген жаста білім үйренуге үндейді. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Тал бесіктен жер бесікке (мазар) дейін білім алыңдар» - деген хадисі дәлел. Сонымен қатар ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Екі күні бір-біріне ұқсас (тең) болған мұсылман зиян ішінде»-деген. Бұл сөзде үлкен мән бар. Екі күннің ұқсас болуы деген сөздің астарында, мұсылман адамның біржақты ғұмыр кешпей, үнемі ізденісте болу керектігі меңзелген. Ерте кезеңде жоғары қарқынмен дамыған исламдық елдер қазіргі кезде ғылым мен білімдегі бұрынғы биігін жоғалтып алғаны баршамызға белгілі. Бұл әрине дінмен байланысты жайт емес. Дінді дұрыс түсінбеуден туындап отырған құбылыс.
Соңғы уақытта елімізде кертартпа діни ағымдар халықтың санасын сонау ортағасырға сүйреп апарғысы келетінін көріп жүрміз. Діннің білімге, ғылымға, мәдениет пен өркениетке шақыратын асыл құндылықтарын насихаттаудың орнына басты негіз болып табылмайтын дүниелерді маңызды етіп көрсетіп, сенушілердің арасында алауыздық тудыруда. Ал білімді болу адамды осындай кертартпа қасиеттерден сақтайды. Қазір мұсылман мемлекеттерінде болып жатқан қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың астарында осы білімсіздік, халықтың басым бөлігінің сауатсыз болуы да маңызды фактор болып табылады. Біздің мемлекетіміз әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіруді көздеп отыр. Ал үздіктердің қатарында болу үшін бізге сапалы білім алған білікті мамандар қажет.
Білімді жастар – мемлекетіміздің маңызды қозғаушы күші. Өз білімін отанын дамытуға арнау аса сауапты, игі іс. Ислам әлемінің бір бөлшегі болып табылатын Қазақ Елі екінші ұстаз атанған, бүкіл әлемді мойындатқан бабамыз әл-Фарабидің ұрпақтары ретінде білім мен ғылымда өзегелерден озық тұруға тиіспіз. Болашақта Қазақ Елі білім мен ғылымның барлық саласында өзге елдердің үлгісін қабылдаушы ғана емес, өзгелерге үлгі көрсетуші дәрежесіне жетсе екен дейміз. Дінді де парасаттылықпен, ғылым арқылы танысақ екен.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру
және үйлестіру бөлімінің маманы А.Мейірбек
Ислам дініндегі білімнің маңыздылығы