Ислам діні араб тілінде оның ішінде Құрайыш диалектісінде Мекке қаласында 610 жылы Алла Елшісіне (с.а.с.) алғашқы Құран Кәрім аяттарының түсуімен басталды. Хаққа бас иген адам саны алғашқыда өте аз болды. Бірақ ислам дінін ұстанған сахабалардың әділетті қоғам құруға талпынысы Мекке шекарасынан асып Мәдина одан ары күллі Хижаз өлкесінен асып жатты. Әділетті төрт Халифаның кезеңінде фатһ жорықтары нәтижесінде кейінгі дәуірде ілім ордасы атанған Басра, Куфа, Бағдат, Шам қалалары басып алынып исламның қанатының астына кірді. Әмәуилер әулетінің Тұран жерінде билік орнатуы исламның шекарасын одан әрі кеңейіп Ұлы Жібек жолына қол созды. Тіпті Орта Азияның будда дініне кіру қаупінен аман сақтаған «Атлах» шайқасы орын алып нәтижесі түркі халықтарын пұтқа табыну қаупінен аман сақтады. Осылайша әрбір тағдыршешті шайқастың соңы ислам дініне ойысып отыруының нәтижесі мұсылмандардың алып географиялық аймаққа айналуына мүмкіндік берді.
Енді осынша орасан зор өлкеде мұсылмандар әлемге қандай жаңашылдық алып келді, қандай мәдениет өндіре алды осыған тоқталсақ. Мұсылман әлемінің ең алғашқы қол жеткізген жетістіктерінің бірі намаз уақытын белгілеу үшін сағаттың пайда болуы еді. Осы сағаттың арқасында мұсылмандар намаз уақытынан кешікпеуді үйренді. Сағат қазіргі таңда ер мен әйел сән үшін тағатын аксессуар есебінде пайдаға жарап тұр. Дәрет алудың абзалдығы туралы хадистер мұсылмандарды аурухана соғуға итермеледі. Сондай-ақ моральдық тұрғыда қол жеткізген жетістігі әйелдің құқығын қорғап отбасыда мерейін асырды. Осыған байланысты Алла Елшісі (с.а.с.) қыз баланың мерейін үстем ету, қыз баласының өмір сүру хақын қорғады. Халифа Омар өзінің бір естелігінде: «Мен бұрыңғы жасаған істеріме кейде күліп, кейде жылаймын» деген екен. Күлетін себебі өздері қамырдан жасаған пұттарын қарындары ашқанда жеп қойса, жылағаны қыз баласын намысыма дақ түсірді деп тірідей көметін болған екен. Бұл мұсылмандардың ең үлкен жетістігі болып қала береді. Өйткені ондаған ғасырдан кейін әйелдердің білім алуына дауыс беру құқығына күллі Еуропада алғаш рет рұқсат берген Наполеон болды.
Қазіргі таңда ислам діні әлемнің барлық құрлығына тараған. Шамамен әлем халқының 2 млрд-қа жуығы ислам дінін ұстанады. Географиялық, мәдени және тілдік ерекшелікке сай ислам әлемінде мазхаб ұғымы қалыптасқан. Қазіргі таңда Орта Азия, Ресей, Түркия, Балқан түбегі және басқа да араб мемлекеттері Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабын ұстанады. 2011 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның өзінде әһли сунна жолын оның ішінде тарихи мәдени ерекшелікке байланысты Ханафи мазхабын қолдайтындығы жазылған. Ислам дінінің Қазақстанға тарауы, дін мен ұлттық салт-дәстүріміздің үйлесімі мен ерекшеліктері, Әбу Ханифа мазхабы туралы мазмұнды, терең насихат жүргізілуде. Мемлекет пен дін бірлігі, халықтың мемлекетке де, дінге де сенімі діни ахуалды тұрақтандырады. Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Зайырлы мемлекет болсақтағы халқымыздың 70% астамы ислам дінін ұстанатын суннилер қатарында.
Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатыр. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы, дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастады.
Қазіргі таңда ислам әлемін түрлі ұйымдар байланыстырады. Соның бірі Ислам Ынтымақтастық ұйымы – 1969 жылы қыркүйек айында мұсылман мемлекеттерінің бастамасымен құрылған. Ұйым 2011 жылдың маусым айына дейін Ислам конференциясы ұйымы болды. Бүгінгі таңда аталған ұйымға 57 ел мүше болған. Ал, жалпы халық саны 1,2 миллиардқа жеткен. Ислам Ынтымақтастық ұйымы – әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына құрметпен қарау, мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтасығын құрметтеу, толық теңдік, ішкі істерге араласпау, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен, ынтымақтастықпен шешу, ұйымға мүше елдердің саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолданбау, аумақтарының тұтастығына кепілдік беру сынды қағидаттарды қамтиды.
Қазақстан Республикасы аталмыш ұйымға 1995 жылы толық құқылы мүшесі ретінде қабылданды.
Ал, 2011 жылдың маусым айында Астана қаласында Ислам Ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-отырысы болып өтті. Содан бастап Қазақстан аталмыш халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Сол басқосуда осы уақытқа дейін Ислам конференциясы деп аталған ұйым Ислам Ынтымақтастығы ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Ислам Ынтымақтастық ұйымы ислам әлеміндегі күрделі ахулдарға байланысты мәселелерді шешуде айтарлықтай роль атқарады. Осы мақсатта Ливия мен Сирия мәселелерін реттеуге арналған төтенше отырыс өткен болатын. Сонымен қатар, Сомалидегі гуманитарл
ық апатты жеңу мен исламофобиямен күрес және дінаралық қақтығыстардың алдын алу да Ислам Ынтымақтастық ұйымының назарынан тыс қалмады.
Ал ұйымға Қазақстан төрағалық еткен кезеңде аталған мәселелер бойынша нақты шаралар істелді. Мәселен, Қазақстан кең ауқымды науқан аясында Сомали халқы үшін жалпы мөлшері 500 миллион доллардан астам қаржы жиналған.
Қазіргі кездегі ислам әлемі бір-бірімен тілдік, мәдени және экономикалық жағынан тығыз байланыста. Әрине бұдан кейін де өзара іс-қимыл үйлесім тауып мұсылман елдері бір-бірімен әріптестік байланыс орнатса құба-құп. Ал соның басы-қасында еліміздің мерейі үстем болғай.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru