Интернет желісіндегі заңсыз миссионерлік
Интернет желісіндегі заңсыз миссионерлік
19.05.2023
1056
0

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңының 8-бабының 1-тармағына сәйкес, діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады және олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс. Елімізде Заң бойынша өңірлердегі Дін істері басқармаларынан тіркеуден өткен миссионерлер ғана діни ілімдерді таратуға құқылы. Кез-келген азамат көшеде, қоғамдық көліктерде, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орындарда (базарда, жатақханада, саудаcаттық орталықтары және т.б.) қандай да бір діннің артықшылығы туралы уағыз насихат жұмыстарын жүргізе алмайды. Діни насихат жүргізген адам заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан болып, заң бойынша жауапқа тартылады. Миссионер ретінде тіркелу үшін қажетті құжаттар Миссионерлер тіркелу үшін қажетті құжаттар мен материалдарды уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне тапсырады.

Тіркеусіз миссионерлік қызмет – заң бұзушылық Қазақстан аумағында Заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқан азаматқа ҚР ӘҚБтК-ның 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес Қазақстан азаматтарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға айыппұлға қоса еліміздің аумағынан шығарылып жiберілетін әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған.

Әлеуметтік желіден діни ақпараттарды арнайы ресми сайттардан алу маңызды. Себебі, ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабының 2-тармағы әлеуметтік желіде діни араздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға бағыталған материалдарды таратуға болмайды (айыппұл мөлшері: жеке тұлғаларға  – 20  АЕК, лауазымды тұлғаларға – 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады).

Мониторинг барысында анықталған күмәнді парақшалар діни сараптамадан өтіп, теріс қорытынды берілген жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 453- бабы 2-тармағы бойынша хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жіберіледі.

Миссионерлердің қандай қызметі заңбұзушылық болып есептеледі дегенді де біле жүріңіз, олар төмендегідей:

1) жергілікті атқарушы органдарда тіркеуден өтпей заңсыз миссионерлік қызмет жүргізу, белгілі бір діни бірлестіктің немесе бір топ азаматтардың ортасында дінге шақыру фактілері жатқызылады;

2)   миссионерлік визаны ресімдеуден бас тартып, Қазақстан аумағына шетелден келіп, жасырын негізде миссионерлік қызмет жүргізу фактілері де заң бұзуға негіз болып саналады;

3) белгілі бір діни бірлестіктердің жиындарында кәмелет жасқа толмаған жас балаларға олардың ата-аналары не заңды өкілдерінің келісімінсіз діни үгіт-насихат дәрістерін, уағыздарын жүргізген жағдайда тиісті әкімшілік құқық бұзушылық туралы жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, ҚР аумағында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілім таратуы – Қазақстан Республикасының азаматтарына 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, 100 айлық есептiк көрсеткiш және заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салып, 3 айға дейін жұмысын тоқтату құқықтары Заңмен белгіленген.

Түркістан облысы бойынша 2022 жылы ӘҚБтК-нің 453-бабы бойынша (Интернет жүйесінде әлеуметтік желілерінде тыйым салынған материалдарды жариялағаны үшін) 9 адам, ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-тармағы бойынша (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) – 12 адам, ӘҚБтК-нің 490-бабы 2-тармағы бойынша (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) – 2 адам, ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-тармағы бойынша (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) – 2 адам жауапқа тартылды.

 

 Қ.Салықбаев

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

 ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің басшысы            

0 пікір