Бүгінгі күні қазақ даласында түрлі идеологиялық ағымдар мен діни көзқарастар қоғам санасына белсенді түрде ықпал етуде. Әсіресе интернет кеңістігінде «әділетті халифат», «мінсіз қоғам», «әділетті жүйе», «таза дін жолы» ұрандарымен ұсынылатын «діни утопиялық» идеялар жастарды тез қызықтырады.«Утопия» (грекше ou-topos – «жоқ жер», «болмайтын мекен») – ұғымы алғаш Томас Мор еңбектерінде қолданылған. Ол: «Болмайтын, қиялдағы қоғам» дегенді білдіреді. Ал идеологиялық утопия – белгілі бір идеологияны абсолютті ақиқат ретінде қабылдап, қоғамды соған толық бағындыруды көздейтін жүйе.Идеологиялық утопияға тән белгілер:– Қоғамды бір ғана сенім немесе идея арқылы басқаруға ұмтылу;– Барлық адам бірдей ойлауы тиіс деген түсінік;– Өзге көзқарастарды терістеу;– Заңды емес, идеологияны үстем қою;– «Біз – ақиқат жолдамыз, өзгелер – адасқан» деген бөлушілік.Тарихи мысалдардағы кейбір идеологиялық утопиялар:• Коммунизм утопиясы – бәрі тең, мемлекетсіз қоғам болады деген сенім.• Фашистік утопия – «таза ұлт», «мінсіз қоғам» идеясы.• Діни утопия – «Халифат құрамыз» деген радикалды ұйымдар (ДАИШ, әл-Қаида) идеологиясы жер бетінде «қасиетті қоғам» орнатамыз деген түсінік.• Либералдық утопия (шектен шыққанда) – нарық бәрін өзі реттейді, әділетсіздік болмайды деген сенім.Тарихта мұндай утопиялық идеялар империалистік бәсекелестікті, агрессивті ұлтшылдықты, әскери блоктардың қалыптасуына себеп болды. Ал Қазақстанда кейбір діни радикал ағымдар «қасиетті қоғам» құрамыз деген желеумен 2011-2016 жылдар аралығында террористік әрекеттерге барған.Діни утопияның қауіпі неде?- Зайырлы мемлекетті жоққа шығару;- Өзге пікірді жоққа шығару;- Заң мен дәстүрді елемейді;- Халықты жалған «жұмақ қоғам орнату» идеясына сендіру;- Экстремизм мен радикализмге жол ашу;- Сын ойлауды тежеу.Мұндай түсініктер көбіне құқықтық тәртіпті, ұлттық дәстүрді және мемлекет заңдарын елемеуге алып келеді. Қазақстан жағдайында бұл маңызды, себебі еліміз – зайырлы мемлекет және көпконфессиялы қоғам. Мұндай қоғамда бейбіт өмір сүрудің басты кепілі – заңға құрмет және діни төзімділік. Сондықтан бұл мәселеде діни-құқықтық сауаттылық ерекше маңызға ие. Себебі, идеологиялық утопияға қарсы иммунитет – білім.Қоғамды идеологиялық утопиядан қорғаудың басты құралы – білім. Әсіресе жастар арасында дін тарихын дұрыс түсіндіру, Конституция мен заң нормаларын үйрету, сыни ойлау мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын дамыту қажет.Діни-құқықтық сауаттылық тек теориялық білім емес, практикалық өмірде қолданылатын қорғаныш механизмі болуы тиіс. Ол адамды алдау мен манипуляциядан сақтайды.Қорытындылай келе, идеологиялық утопия – адамзатты «мінсіз қоғам» уәдесімен алдап, шынайы өмір заңдылықтарынан алыстататын қауіпті құбылыс. Ол көбіне діни немесе саяси ұранмен бүркемеленіп, заңсыздыққа және бөлінушілікке әкеледі.Ал діни-құқықтық сауаттылық – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Ол азаматқа дін мен заңды қатар құрметтеуді, өз сенімін мемлекет заңдары шеңберінде жүзеге асыруды үйретеді. Сондықтан қазіргі қоғамда діни-құқықтық сауаттылықты арттыру – идеологиялық утопияға қарсы ең тиімді жол.
А.Дүйсен
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru