«Хауаридж» араб сөзі – қарсы шығу, бөлініп шығу сияқты мағыналарды қамтиды. Хауаридждердің тура жолдан тайып кетуіне эмоция мен дінге деген шамадан тыс құмарлық себеп болған. Олар түнде үнемі құлшылықта болатын, күндіз ораза ұстайтын, тілдері үнемі Алланы еске алатын тақуа жандар еді. Іс жүзінде пайғамбар (с.а.с) сахабаларының бойынан табылмаған кейбір батылдықтарды хауариждер танытты.
Алайда, олар эмоцияға берілу және білімсіздіктің салдарынан адасушылыққа бой алдырды. Бір күні сахаба Абдулла ибн Аббасқа (р.а) бір кісі келіп: «Хауариждердің намазда және дұғада ыждаһатты екен», - деп таңырқағандығын жасырмады. Сонда Абдулла ибн Аббас (р.а) қысқа әрі нұсқа: «Насаранилер ғибадаттарында олардан да күштірек құлшылық жасайды», - деп жауап қатқан болатын. Осылайша, амал жасаудағы ыждахаттылық адасушылыққа бой алдырмауға кепіл болмайтындығын жеткізді. Білімсіздік - исламның ең үлкен жауы. Сүннет салты ұстанымынан ауытқыған топ – Хауариждер.
Шынында да, насаранилер іс жүзінде жан-тәнімен ғибадатқа берік болғанымен туралықты ту ете алмады. Осылайша, білімсіздік кесірінен тура жолдың шетіне шығып, адасушылыққа бой алдырады.
Хауариждер асылында шиит ағымымен бірге бір мезгілде тарих сахнасына шықты. Алғашқыда бұл екі ағым да Хазіреті Әлиді (р.а) қолдап, Шам әкімі Муауияға қарсы аттанды. Сыффын соғысында (657 ж.) шамдық әскерлер жеңілуге таяғанда әйгілі саясаткер әрі Муауияның кеңесшісі Амр ибн Астың айласы мен Шам әскерлері Құран парақтарын найзаларының ұшына іліп, жоғары көтеріп, халифа Әлидің (р.а) әскерлеріне: «Келіңдер Алланың кітабын төреші етейік», - деп айқайлайды. Хазіреті Әли мен немере інісі Абдулла ибн Аббас (р.а) бұл әрекеттің соғыс айласы екендігін айтқанымен, әскерлердің көпшілігі тыңдамады. Сонымен қатар халифа Әлиді (р.а) де осы ұсынысқа көнуге мәжбүрлейді. Тіпті, шайқас барысында Әлиге өз әскерлері соғысты тоқтатуды талап етіп әрі осы үшін қылыш көтеруге дейін барды. Ақырында соғыс тоқтап, екі жақ мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін аралық сотқа келіседі. Бұл аралық сотты екі жақтан сайланған екі төреші шешпек болып уағдаласады. Төреші етіп Муауия Амр ибн Асты, халифа Әли (р.а) Абдулла ибн Аббасты (р.а) сайламақ болды. Алайда, халифа Әлидің (р.а) әскерлері Абдулла ибн Аббасты (р.а) емес Әбу Муса әл-Әшғариді сайлатады.
Төреші оқиғасынан кейін халифа Әлидің әскерлерінің бір бөлігі оған келіп: «Халифа тағдырын аралық сот билігіне беру Исламға сай келмейді. Сен Алланың кітабына емес төрешіге жүгіндің, сол себепті кәпір болдың, тәубе ет. Біз де сенімен бірге болғандықтан істеген қателігіміз үшін тәубе етіп, қайта иманымызды жаңаладық. Сол секілді сен де иманыңды жаңала. Әйтпесе, бұл жолы сенімен соғысамыз», - дейді. Оларға: «Мен күпірлік істемесем қайтіп діннен шығамын? Осы мәмілеге келіп, соғысты тоқтатқан өздерің, мен кінәлі емеспін», - деп халифа Әли (р.а) ақиқатын айтса да, олар дегендерінен қайтпайды. Ақыр соңында он екі мың әскер бөлініп, Харура елді мекеніне кетеді. Көпшіліктен бөлініп шыққандығы үшін ол топ «бөлініп шықты» деген мағынаға келетін «харижит» атауын алады . Мемлекетте бүлік шығарған саяси-діни топ.
Хауариждер діндар болғанымен, өз пайдасына келмейтін мәселеге қарсы шықты. Себебі олар түсінік жағынан әлсіз, тұлға жағынан кемшін жандар. Бір шетінен шөл өміріне әбден дағдыланып, Исламның әкелген мәдениеті мен адамзаттың мәдениетінен хабарсыз болатын.
Хауариждер Ислам ағымдарының ішіндеғі мәзһабын ең көп қорғайтын, пікірлерін мойындата білу үшін аянбай тер төгетін, көбінесе діндар болып, діни фанатизмге және мәжбүрлікке, зорлауға әуес жақтарымен назар аудартады. Олар «үкім тек қана Алланыкі» деген ұранды ұстанды.
Хауариждер Хазіреті Осман, Әли және Умея әулетінен шыққан әміршілерге қарсы шығып, өздеріне бүйрек бұрған жандарды өз қатарына қосты. Алғашқы кезде саяси мақсаттан туындаған хауариждер кейін өздеріне қосылмаған мұсылмандарды кәпір деп, олардың қанын төгуді халал санады.
Олардың ең айқын ерекшелігі ұстанған жолында жанын пида етуге дайын тұруы. Хауариждерді негізінен толық түсіну өте қиын. Бірде өте тақуа болса, бірде істеген ісі мұсылманшылыққа сай келмейтін. Мысалы, бір мұсылманды бекерден-бекер өлтіру олар үшін түк те қиын емес, ал бір христианнан зат алса, ақшасын міндетті тұрде төлейтін, төлемеген әріптесін өлтіре салатын. Олардың бұлай болуының басты себебі – көпшілігі шөл бәдәуилерінен еді. Шөл өмірі оларды қатігездікке, дөрекілікке, қызбалыққа үйретті. Сондықтан Ислам бұлардың жүректеріне иман ұялатқанымен, білімдері таяз, түсініктері шектеулі күйінде қалды.Төреші оқиғасын діннен шығу ретінде қабыл еткен хауариждер өздеріне «әмір бил-мағруф уә нәһи анил-мункәрді» (жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю) негізгі қағида етіп ұстана отырып, өз араларында да айтысып қалатын. Олар өзара көптеген мәселелерде түсінісе алмай Мухакима, содан кейін Әзариқа, Нажадат, Суфрия, Ажарида және Ибадия болып алты үлкен топқа бөлінді және кейіннен бұлар өз арасында тағы бөлшектеніп кетті . Бұлай бөлінуі де таңданарлык жай емес. Өйткені олар өз дегендерін шындық етіп қабылдап, өзгенің пікіріне қарсы шығатын, Исламнан алдыңғы тайпа, ру арасындағы жанжалдасу сияқты хауариждер де өздеріне қосылмағандарды дұшпан ретінде санады. Сондықтан өзге мұсылмандарды өлтіруді халал көрді.
Егер Пайғамбарға (с.а.с) өзге дін өкілдері балағат сөздер мен құрметсіздік танытатын болса, олар өлтірілмейді. Оған дәлел, яһудилердің: «Саған өлім болсын», - деген мағынадағы сәлеміне Алла Елшісі (с.а.с) ешқандай жаза қолданбаған. Өйткені, күпірлік жасау мен серік қосу амалдары Пайғамбарды (с.а.с) балағаттағаннан да ауыр іс.
Қорытындылай келе, хауариждер Ислам тарихындағы алғашқы адасқан ағым болып саналады. Олар өздерінен басқа мұсылманды адасқан деп санап, үлкен күнә жасағанды мүшрик деп айыптап, ондайларды өлтіруді, әйел, бала-шағасын кұлдыққа алуды халал санап, шариғаттың шегінен шықты. Дегенмен де біздер хауариждерді діннен шығарып кәпір дей алмаймыз.
Хазіреті Пайғамбар (с.а.с.) бұл адасушы ағым жайында өз дәуірінде хабар беріп, айтып кеткен. Әбу Зәррдан (р.а.) риуаят бойынша Пағамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Күмәнсіз менен кейін бір қауым шығады. Құранды оқиды бірақ оқыған Құрандары кеңірдектерінен аспайды. Оқтың садақтан шыққаны секілді діннен шығады да қайта оған оралмайды. Барлық адамдар мен хайуандардың ең жаманы осылар» (Муслим, Зәкат 158). Хазіреті Әли (р.а) былай деді: «Ей, жамағат! Мен Расулалланың былай дегенін естідім: Үмметімнен сондай бір қауым шығады. Құран оқитын болады, сендердің оқығандарың олардың жанында ештеңе емес. Намаздарың да олардың намаздарының жанында ештеңе емес. Оразаларың да олардың оразаларымен салыстырғанда еш мардымсыз қалады. Құран оқиды және оны өздері жайында айтылған деп ойлайды. Керісінше, олардың зияндарына болады. Исламнан оқтың ауды тесіп өткені секілді тез шығып кетеді» (Муслим, Зәкат 156).
Біз фиқһта Ханафи мәзһабын, діни сенімде Матуриди мектебін ұстанамыз. Бұл – біздің мызғымас сара жолымыз. Осы мектеп талай ғасырлардан бері өз құндылығын жойған жоқ. Ханафи мәзһабы халқымыздың ұлт ретінде қалыптасып, ұйысуына себепші болды. Ол әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізбен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіз елдің әрбір саналы жастары осыны дұрыстап түсініп алуы қажет. Бүгінде бүлік тудырып жатқан жат ағымдардың іс-әрекеті баршаға аян. Олар – адасқандар. Саяси астар жатқан, бұл пиғылдардың ар жағында жауыз ниетті күштер тұрғанын түсінуіміз керек. Солардың сойылын соғып кетуден азаматтарымызды сақтандыруымыз ауадай қажет.
Ислам діні тек бейбітшілікті қалайды. Ең әуелі халыққа дұрыс діни білім қажет. Кез келген бір сұрақ туындаса, көшедегі көлденең көк аттыдан сұрап кете бермей, мешітке келіп арнайы имамдардан жауап алу қажет. Соларға келіп дұрыс бағыт алып, діни білімнің нағыз қайнар көзінен сусындау қажет. Сонда ғана еліміздің азаматтары адасудан аулақ болады. Бұл өз кезегінде еліміздің тыныштығы мен тұрақтылықтың кепілі болмақ.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы теолог маманы А. Жәлел
Хауариждер білімсіздік құрбандары