Халық дәстүрі – асыл қазына
Халық дәстүрі – асыл қазына
21.09.2022
1712
0

Ғ.Мустафин бір сөзінде «Халықтық  жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес, әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ»-деген.                                 

Дәстүрдің де жақсы-жаманы болады. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы ғасырдан ғасырға кете барады. Қазақ дәстүрі ата-ананы, үлкенді сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, жол беру, алдынан көлденең кесіп өтпеу, қонақты қарсы алу, төрге шығару, жақсы қабақпен аттандырып салу, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты дәстүрлер өмір бойы ескірмейді. Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес, әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ.

Халқымыздың ата салтын адам баласының ғана игілігі үшін пайдаланып қоймастан, оны қоршаған ортаға қатысты қолдану арқылы өздерінің өмір салтын берік ұстанғанына көз жеткізеді. Сондай-ақ халық арасында кім болса да, атақ-даңқына, дәрежесіне қарамастан, ата салттан аттамау, оны сақтап, қадір тұтудың мәні қандай болатынын, жастарымызға халықтық дәстүрге деген сый-құрметтерін арттырып, мақтаныш сезімдерін тудырады, терең ой салады.

Қазақтың қанатты сөздерінде халық дәстүріне байланысты: «Алты жыл аш болсаң да, ата салтыңды ұмытпа», «Салтын, тілін, дінін ұмыту – мәңгүрттікке бастар жол», «Аспалы сөзге арсыз да тоқтайды», «Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды», «Алтын емес, ата салтым қымбат»-деп бекер айтпаған.

Ресей шығыстанушысы В. Радлов «Қазақтар әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт» - деп айтып кеткен.

Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында:

«Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.

Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстардан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар.

Әр ұлттың болмысы мен өмір сүру дағдысына сәйкес дәстүрі мен салты қалыптасады. Ұлттың әдет-ғұрыпы көпшіліктің қалауымен қалыптасады.

Әдет-ғұрып мұсылманның күнделікті өміріндегі кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады. Әдет-ғұрыпты айғақ ретінде қолдану мәселесін Ислам ғұламалары құптаған. Ханафи мәзһабының кейбір ғалымдары Ислам қағидаларына сай келген ғұрыпты нақты шариғи дәлел ретінде қарастыруға болатынын айтқан. Өйткені Құранда Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» («Ағраф сүресі», 199-аят) деп әмір етеді.

Аллаға шүкір, қазақ халқы ежелден мұсылмандықты ұстанып келе жатқан ұлт. Біздің ұлттық сана-сезіміміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз асыл дініміздің құндылықтарымен бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды. Біздің әдептілік, адамгершілік қағидаттарына айналған моральдық принциптеріміз бен даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымыз Ислам дінінің ажырамас бөлігіне айналды.

Қорыта айтқанда халқымызды «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар» деген аталы сөз бар. Біз дәстүріміздің озығынан үйреніп, сол арқылы түрлі теріс діни ағымдардың алдын кесіп, дәстүр мәдениетіміздің жауһарын ұрпақтарға аманат етіп кетуіміз керек.

   

Қ.Салықбаев

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

және үйлестіру бөлімінің басшысы                                                                      

0 пікір