Ғаламтордағы түрлі радикалды көзқарастар
Ғаламтордағы түрлі радикалды көзқарастар
05.03.2025
389
0

         Әлеуметтік желі қазіргі таңда ақпарат пен коммуникацияның күшті құралы болып табылады. Бірақ осы ғаламтордың еркіндігі кейде радикалды идеалогияның таралуына жол ашады. Интернеттегі экстремистік идеялар көбіне діни, саяси немесе әлеуметтік мәселелерді қозғайды және олар қоғамға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Қазіргі таңда жастар мен ересек адамдардың басым көпшілігінің назары осы ғаламтордағы түрлі әлеуметтік желілерде екені баршамызға мәлім. Радикалды топтар осы сәтті өздерінің мақсаттары үшін пайдалануда. Әсіресе,  жастарды қызықтыратын сапалы контент арқылы оларды өз қатарларына тартуға тырысады. Көптеген радикалды ұйымдар жалған ақпарат таратып, шындықты бұрмалауға тырысады. Бұл ақпараттар адамның эмоциясына әсер ететіндей жасалады, осылайша адамдардың санасын улап, оларды белгілі бір әрекеттерге итермелейді.

        Радикалды топтар өздерінің көзқарастарын насихаттайтын бейнежазбалар, мақалалар мен блогтар арқылы кең аудиторияны қамтуға тырысады. Жасөспірімдер мен әлеуметтік осал топтар радикалды насихаттың ықпалына тез түсіп қалып жататыны белгілі. Бұл олардың өмірлік құндылықтарын бұрмалап, қоғамнан оқшаулануына әкелуі мүмкін. Сол топтардың арбауына түскен адам мемлекеттің зайырлы қағидаттарына, ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығаруға, билік пен дәстүрлі дін өкілдеріне және  қоғамға зиян келтіруі мүмкін. Радикализмді насихаттайтын контент көбіне белгілі бір психологиялық және риторикалық тәсілдерге сүйенеді, қаралым санын арттыру үшін жасап жатқан контенттерін барынша заманауи стильде және сапалы етіп жасайды. Өздерінің ұстанымдарын ғана шындық деп санап, басқа да пікірлерді қате , бұрмаланған немесе зиянды деп көрсетеді. Ғаламтордағы радикалды идеологияның  жақтастастары плюрализмді, балама көзқарастарды қабылдамайды. Әлемді қарама - қайшылықтарға бөліп қарастырады, біз және олар, дұрыс және қате яғни ақиқат бізде басқалары адасқан деп көрсетеді. Мұндай контент адамдарды таңдау жасауға итермелейді, бейтарап көзқарастарды жоққа шығарады.

          Радикалданудың алдын алу үшін ақпараттық сауаттылықты арттыру қажет. Адамдар дереккөздерді тексеріп, манипуляциялық контентті ажырата білуі тиіс. Отбасы мен мектеп жастарға дұрыс дүниетаным қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Діни және тарихи білімнің шынайы әрі дұрыс берілуі – экстремистік көзқарастармен күрестің тиімді жолы. Сонымен қатар, интернеттегі бақылауды күшейтіп, радикалды контентті анықтау және жою шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.

          Радикалдық көзқарастармен күресу жолдары:                                           

          1. Ақпараттық сауаттылықты арттыру адамдар, әсіресе жастар,  ғаламтордағы ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауды үйренуі керек.       Дереккөздердіді тексеру, жалған ақпаратты анықтау дағдыларын дамыту маңызды.

         2. Отбасы мен мектептің рөлі

Ата-аналар мен мұғалімдер балаларға дұрыс дүниетаным қалыптастыруға көмектесуі қажет. Дін мен тарих туралы дұрыс білім беру – радикалданудың алдын алудың тиімді жолы.

         3. Ғаламтордағы бақылауды күшейту

Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар радикалды контентті анықтап, оны таратпау үшін арнайы бағдарламалар мен шаралар ұйымдастыруы қажет.

         4. Ашық диалог және ағартушылық жұмыс

         Радикалды идеологиялардың таралуына қарсы тұру үшін қоғамда толеранттылық, бейбітшілік және сындарлы пікірталас мәдениетін дамыту керек.

          Көптеген радикалды топтар жабық чаттарда, форумдарда немесе жасырын платформаларда әрекет етеді. Бұл олардың бақылаудан тыс қалуына мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған радикалды топтардың ғаламтордағы белгілерін, қауіпті ақпарат көздерін ерте анықтап, оның ықпалынан сақтана аламыз.  Ғаламтордағы радикалды көзқарастар – бүгінгі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Оның алдын алу үшін адамдардың ақпараттық сауаттылығын арттырып, қоғамда дұрыс құндылықтарды насихаттау қажет. Дін мен мәдениетті дұрыс түсіндіру, жастарға қолдау көрсету және интернет кеңістігін қауіпсіз ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.   

 

 

 Қ.Мырзабай

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  теолог маманы                                                          

0 пікір