Заманауи технологиялар дәуірі қоғам өмірінің әр саласына ықпал етіп, ақпарат алмасу мен білімге қолжетімділікті түбегейлі өзгертті. Діни сала да бұл үрдістен шет қалған жоқ. Ғаламтордың дамуы мен жасанды интеллект технологияларының пайда болуы діни таным мен практиканы кеңейтуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді де туындатты.
Соның бірі – діни манипуляцияның жаңа деңгейге көтерілуі. Ғаламтор ақпарат алмасудың негізгі көзіне айналғандықтан, дәстүрлі діни мекемелердің ықпалын айналып өтетін түрлі платформалар пайда болды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралатын мазмұнның көпшілігі ресми бақылаудан тыс қалады. Бұл жағдай жат ағымдар мен радикал топтардың өз идеологиясын насихаттауына оңтайлы мүмкіндік туғызды. Олар адамдардың діни сауатсыздығын пайдаланып, манипуляцияның түрлі әдістерін қолдануда:
1. Қате ақпарат тарату
Ғаламторда діни мәтіндер мен хадистерді контекстен жұлып, бұрмалап тарататын материалдар жиі кездеседі. Бұл, әсіресе, діни тәжірибесі төмен жастарға қатты әсер етеді.
2. Эмоционалды манипуляция
Жеке видеолар мен арандатушы жазбалар арқылы адамдардың эмоциясына әсер ету кең таралған. Әсіресе, қайғылы оқиғаларды немесе қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздікті діни негізге сілтей отырып түсіндіру жиі байқалады.
3. Жалған діни тұлғаларды танымал ету
Жасанды интеллект көмегімен дайындалған материалдар арқылы өздерін «діни ғұлама» ретінде таныстыратын тұлғалар ғаламторда көбейді. Олардың діни білімі жоқ болса да, әсерлі видео немесе тартымды мәтіндер арқылы үлкен аудитория жинай алады.
Ал қазіргі таңда белең алған жасанды интеллект технологияларының дамуы діни манипуляцияның жаңа әдістерін дүниеге әкелді:
1. Жалған мазмұн дайындау
Ол арқылы жалған мәтіндер, аудиолар және видеолар жасау оңай. Мысалы, белгілі бір тұлғаның атынан жалған ақпараттар жазылып, кең таратуға болады.
2. Нысаналы аудиторияны таңдау
Жаңа технологияның алгоритмдері адамдардың онлайн әрекеттерін талдап, оларға қызықты және «тиімді» мазмұнды ұсынуға бейімделген. Радикал топтар бұл технологияны өз идеологияларын тарату үшін қолдануы мүмкін.
3. Автоматтандырылған үгіт-насихат
Чатботтар мен виртуалды кеңесшілер арқылы адамдарға нақты сұрақтарға «жауап беру» әдісі кең қолданыс тапты. Алайда, бұл кеңестер діни негізден алыстап, манипуляция құралына айналуы мүмкін.
Діни манипуляцияның теріс әсері тек жеке тұлғалармен шектелмейді. Бұл құбылыс қоғамдық тұрақтылыққа да қауіп төндіруі мүмкін. Әлеуметтік бөлінушілік, экстремизмнің таралуы және дәстүрлі діни құндылықтардың әлсіреуі ғаламтор мен жаңа технологияларының бақылаусыз пайдаланылуынан туындайды.
Бұл мәселелерге тап болмас үшін діни сауаттылықты арттыру, ғаламтордағы ақпараттарды сүзгіден өткізе отырып пайдалану, қоғамның жетістіктерін жаңа технологияларды дұрыс пайдалану маңызды. Сондай-ақ, дәстүрлі дінді қолдайтын беделді тұлғалардың ғаламтордағы ықпалын күшейту – манипуляцияға қарсы тиімді құралдардың бірі.
Ғаламтор мен жасанды интеллект дәуірі діни насихат пен білім беруді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл құралдарды теріс пиғылды мақсатта пайдалану қаупі бар екенін ескеріп, оны бақылау мен реттеу тетіктерін жетілдіру қажет. Қоғамдық сана мен білімділік бұл мәселеде негізгі рөл атқарады. Тек сауатты, ақпараттық қауіпсіздікке мән беретін қоғам ғана манипуляцияның кез келген түріне қарсы тұра алмақ.
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Ғаламтор мен жасанды интеллект дәуіріндегі діни манипуляция