Ғаламға махаббатпен қара
Ғаламға махаббатпен қара
17.07.2020
1002
0

Қазіргі таңда ғаламда болып жатқан келеңсіздіктер мен жаңалықтарды естісеңіз, есіңіз кетеді. Сотқарлық, ұрлық пен түрлі қылмыс және оның жазасы тағысын тағы оқиғалар орын алуда. Бірақ, өмірге шынайы көзбен бір сәт зер салып қарап көрдіңіз бе?! Сылдырлаған судың үні, аңқыған жусанның иісі, кең – байтақ дархан даланың самал желін иіскеп, тамаша табиғатқа тамсану үшін Алла адамдарға екі көз берді. Онымен екі түрлі көзқарасты көруге болады. Бірі - «Махаббат көрінісі», ал екіншісі – «жеккөрушілік көрініс». Біреуі адамды екі дүниеде де бақытты етеді және бейбіт өмір сүруге үндейді. Екіншісі болса адамды құрдымға кетіріп, мазасыз ғұмыр кешуге жетелейді. Адамдар арасында бүкіл ғаламды, өсімдіктер мен жануарларды, керек десеңіз адамзатты да махаббатымен, сүйіспеншілігімен азықтандырушы жандар кездеседі. Олардың жүректері қаншалықты таза, қаншалықты кең десеңізші! Бұл адамдар нағыз мақтауға лайық пенделер. Адам ата (а.с) жер бетіне орнаған кезден бастап, Алла Тағала ондай пенделерді сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, Өзінің Рақымына алуда.  

Әуелде Адамның (а.с) екі перзентінің бірі Абыл махаббаты мен ықыласы арқылы дүниесінің ең жақсысынан садақа берді және бауырына сүйіспеншілікпен қарым-қатынас жасады. Ал бауыры Қабыл болса, барлық нәрсеге жеккөрушілікпен назар салып, құрбандығы да қабыл болмады. Жеккөрушілігі арқылы Абылды өлтіріп, бауырының өлі денесін қайда жасырарын білмей қаншама уақыт сергелдең болды. Қияметке дейін болатын өлім күнәларының бір бөлігін арқалайтын адамға айналды.

Сүлеймен (а.с) Сабағ патшайымы Билқисты иманға шақырып, оған бір хат жолдады. Сол уақытқа дейін ешкімге мойынсынбаған патшайым хатты ашқан соң: «Ей адамдар! Маған жақсылық толы бір хат келді. Бұл - Сүлеймен пайғамбардың хаты. Ол Мейірімді және Рақымды Алланың атымен басталады» - деп, хатқа махаббатпен қарады. Мұндай құрметті кейбір ғалымдар: «Патшайым Сүлейменнің хатына құрмет көрсетіп оны қадірлегені үшін иманға жетті»- деп түсіндірме жасаған болатын.

Пайғамбар (с.а.с) сахабалары арқылы жіберген хаттарына парсы патшасы Кисра жеккөрушілік көзімен қарап, оны жыртып тастады. Алла Тағала соңында  оны жазалап, дүние - мүлкін сан – саққа таратып жіберді.

Құранда ең көп айтылған Мұса (а.с) және Перғауын қиссасы тек ғибрат үшін. Мұса (а.с) Перғауынға Алланың әділдігімен өмір сүріп, адамзат баласына зиян келтірмеуге, мәңгілік азаптан құтылуға шақырған еді. Перғауын да патшалығы мен мүлкіне иек артып, «мәңгілік билік иесімін» - деген болатын. Өтірік айту мен жалған істері арқылы адамдарды алдап, байлық арттыруға кіріскен адамдарға ерді. Алла тарапынан елші болып келген Мұсаны (а.с) «сиқыршы» - деп айыптап, өзге сиқыршылармен бәстесуге шақырды. Сиқыршылықта алдына жан салмаған, Перғауын сарайында абыройға ие болған сиқыршы бір топ қауым Мұсаға (а.с) махаббат назарымен қарап, әуелі арқандарын жерге тастауға рұқсат сұрады. Пайғамбардың (а.с) мұғжизасын көргенде: «Мұса мен Харунның Раббысына иман келтірдік» - деп, сәждеге барды. Ғұламалар: «Алланың елшісіне деген сүйіспеншіліктері үшін Жаратушы оларға бүткіл дүниеден жоғары болған иман беріп, жәннатта биік дәрежеге ие болушылардан етті» - дейді. Перғауын болса «жеккөрушілікпен» Алланың қаһарына ілікті. Ертедегі шығыс ақындары осыған орай: «Тарихта мысалдар көп өте оған,

Тек ғибратпен қарау қажет бұған.

Әттең, жеккөрушілік басым онда

Бір ұрпақ тұрса да алдына көрмейді сонда» - деп, Перғауынды зұлымдық тұмарына теңеген.

«Сүйіспеншілік» назары адамдағы ең қымбат мінез және барша жақсылықтың кілті деуге болады. Алла мұндай қасиетті қалаған пендесіне береді немесе өзін тәрбиелеу арқылы осындай игілікке жетеді. Осы көркем мінездің арқасында барлық тіршілік иесіне «Раббымның бұл да бір жаратылысы» - деп қарайды.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Күмәннан сақтаныңдар. Өйткені күмән - сөздің ең жалғаны. Бір- бірлеріңді аңдымаңдар, тыңшылық жасамаңдар. Көреалмаушылық, жеккөрушілік танытпаңдар. Бір - біріңе теріс бұрылмаңдар. Ей  Алланың құлдары! Бауыр болыңдар» - деген.

Ал қазіргі таңдағы «сәләфилік» ұстанымдағы азаматтардың өзге дін өкілдеріне, тіпті мұсылмандарға деген көзқарасын байқап көрдіңіз бе?! Оның пікірін қолдамасаңыз, оның алдында сізден жаман адам көрінбейді. Осы мінез Пайғамбар (с.а.с) мақтаған «көркем мінезге» жатады ма?! Теологиялық түсіндірме жұмыстары барысында: «Сендер жәһилдерден де жамансыңдар» - деген пікірлерді білдіруші азаматтар да кездесіп жатты. Өкініштісі, ағым өкілдерінің көбі білімсіздік, адамилық қасиеттерді жоғалту арқылы осы жолды таңдауда.  Мінез – адамның айнасы. Құлықты көрсету арқылы шынайы бейнемізді паш етеміз. Сол себепті, барша адамзат баласына, барлық жаратылысқа «махаббатпен» қарайық.

 Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы маманы  Б.Шаймерден

0 пікір