Адамзат тарихында еркіндік әрдайым негізгі құндылықтардың бірі болып келген. Ол – тұлғаның өз өміріне, ойына, сөзіне және іс-әрекетіне ерік бере алуы. Дегенмен, кез келген еркіндік жауапкершілікпен шектелмесе, ол хаосқа, заңсыздыққа және басқа адамдардың еркіндігін шектеуге алып келуі мүмкін. Осы тұрғыда еркіндік пен жауапкершілік мәселесі – бүгінгі қоғам үшін өзекті әрі күрделі тақырыптардың бір.
Еркіндік – адамның өзінің ішкі наным-сенімі мен құндылықтарына сай әрекет ету мүмкіндігі. Бұл жеке тұлғаның дамуына, шығармашылықпен айналысуына, пікір айтуына және таңдау жасауына жол ашады. Еркін қоғамда адам өзін еркін сезініп, өз болашағын өзі құра алады.
Жауапкершілік – адамның өз әрекеттерінің салдарын түсініп, оны мойнына алуы. Яғни еркін адам тек қана өзіне емес, айналасындағы адамдарға, қоғамға, тіпті табиғатқа да жауапты. Мысалы, сөз еркіндігі бар адам өз пікірін ашық айтуға құқылы, бірақ оның сөзі басқа адамның намысына тиіп, қоғамда алауыздық тудыратын болса – бұл жауапсыздық. Нағыз еркіндік тек жауапкершілікпен ғана толыққанды бола алады. Егер адам өз бостандығын пайдаланып, қоғамға зиян келтірсе, бұл еркіндік емес, өзімшілдік болады. Сондықтан әр азамат өз құқығы мен бостандығын пайдалана отырып, қоғам алдындағы міндетін де ұмытпауы тиіс. Қоғамдық тәртіп пен үйлесімділік осы тепе-теңдік арқылы қамтамасыз етіледі.
Еркіндік – адам болмысының өзегі. Ол адамды жануарлардан ажырататын басты ерекшеліктердің бірі. Әр адам дүниеге келген сәттен бастап, саналы болмыс ретінде еркін ойлауға, сөйлеуге, әрекет етуге қабілетті. Алайда, абсолютті еркіндік деген ұғым қоғамда мүмкін емес. Әр адамның еркіндігі екінші адамның еркіндігі басталатын жерде шектеледі.
Жеке тұлғаның еркіндігі заңмен және қоғамдық моральдық нормалармен шектеледі. Мысалы, адам өз ойын еркін білдіре алады, бірақ ол басқа адамның ар-намысына тіл тигізуге дейін бармауы керек. Демек, еркіндік әрдайым белгілі бір шеңберде жүзеге асады. Еркіндікке ие бола отырып, адам өз әрекеттерінің салдарын түсініп, олар үшін жауап беруі тиіс.
Жауапкершілік – адамгершіліктің, азаматтықтың және парасаттылықтың белгісі. Мысалы, жасөспірім оқуын еркін таңдауға құқылы, бірақ таңдауының нәтижесі үшін – болашақтағы кәсібі мен өмір салтына жауапты болады.
Жауапкершіліксіз еркіндік – анархияға, өзімшілдікке, тіпті қоғамға зиян келтіруге әкелуі мүмкін. Сол себепті де еркіндік пен жауапкершілік тепе-тең болуы керек. Адам қандай да бір шешім қабылдағанда, оның өзіне ғана емес, айналасына, қоғамға әсерін де ескеруі қажет. Қазіргі қоғамда азаматтық қоғамның дамуы үшін адамдардың еркіндігі мен жауапкершілігі бірдей маңызды. Демократиялық мемлекеттерде адамның құқықтары мен бостандықтары қорғалады, бірақ бұл құқықтарды дұрыс қолдана білу де азаматтың жауапкершілігінде. Мысалы, сөз бостандығы бар елде адам өз пікірін білдіре алады, бірақ ол жалған ақпарат тарату немесе арандатушылық жасау үшін пайдаланылмауы тиіс.
Медиада, әлеуметтік желілерде еркіндік кең ауқымда көрініс табады. Бірақ сол еркіндікті пайдалану барысында адамдар жауапсыздық танытса, ол қоғамда келеңсіз жағдайларға әкеп соқтырады. Сондықтан цифрлық мәдениет пен медиа сауаттылық та қазіргі заманғы жауапкершіліктің бір түріне айналды.
Қорыта айтқанда еркіндік – адамның ең қымбат байлығы, ал жауапкершілік – сол байлықты дұрыс пайдалану шарты. Бұл екі ұғым бірін-бірі толықтырып, адамды кемелдікке жетелейді. Шынайы еркін адам – өз шешімдері үшін жауап бере алатын адам. Сондықтан әрбір адам қоғамда еркін өмір сүре отырып, өз іс-әрекетінің салдарына дайын болуы керек. Еркіндік пен жауапкершілік үйлескен жерде ғана өркениетті, әділетті, тұрақты қоғам қалыптасады. Еркіндік – адамға берілген ең үлкен құндылық. Бірақ бұл құндылықтың шынайы мәні тек жауапкершілікпен бірге іске асады. Жауапкершілігі жоқ еркіндік – өзге адамдардың құқықтарын бұзады, ал жауапкершілікке негізделген еркіндік – өркениетті қоғамның негізі. Сондықтан әр адам еркіндікке ұмтылған сайын, өз іс-әрекетіне де жауап беруге дайын болуы қажет. Еркіндік адамның таңдау жасау қабілеті, ой-пікірі мен әрекеттерінде өз бетінше болу мүмкіндігі болса, жауапкершілік – сол еркін таңдау үшін жауап беру міндеті. Бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты, бірінсіз бірі толық мәнге ие болмайды.
Ғ.Өгембай
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Еркіндік пен жауапкершілік мәселесі
