Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес
Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес
04.12.2025
462
0

Әрбір ұлттың санасында сақталған рухани асыл қазыналар бар. Қазақ халқы үшін бұл сөз жауапкершіліктің бір мысалы десек те болады. Соның ішінде мақал-мәтелдер – өмірдің өзіндей шынайы, уақыт сүзгісінен өткен тағылым. Бұл мақал жүрекке тоқитын, санаға салмақ түсіретін даналықтың бірі. Бұл жай ғана сөз емес, бұл – ұлттың ер азаматқа қойған талабы, ел сенімінің өлшемі.

Бүгінде қоғам өзгеріп жатыр. Ақпарат дамыды, технология өсті. Бірақ ер азаматқа артылар рухани жүк жеңілдеген жоқ. Керісінше, ар мен намыс, жауапкершілік пен парасат биігіне шығу үшін күресу қажет. Тақырыбымызға арқау болған осы мақал бүгінгі күнде бұрынғыдан да маңызды. Өйткені ұрпаққа үлгі болар тұлға азайып бара жатқандай. Қоғамға сөзінде тұратын, уәдесін бұзбайтын, тайсалмай турасын айтатын ер керек. Ол – өз мойнына түскен ауырлықтан жалтармайтын, сенімге селкеу түсірмейтін адам.

Мойындағы «қыл арқан» – халықтың сенімі. Ол көзге көрінбейді, бірақ әр сөзде, әр істе байқалады. Ол – ұрпақ алдындағы парыз, ата-ананың аманаты, елдің үміті. Кейде ол ауыр, кейде ол тағдырдың сын-қатеріне айналады. Бірақ нағыз ер жігіт сол арқанды шірітпей өтеді. Жеңіледі – бірақ берілмейді. Қиындық көреді – бірақ шындықтан таймайды. Осындай ұстаным ер азаматты тұлға етеді. Қазіргі кезде қоғамда жауапкершіліктен жалтару, уәдеге салғырт қарау жиі ұшырасады. Мұндай кезде бізге қайтадан ұлттық түпқазығымызға оралу қажет.

Халық даналығы – әркез өзегін жоғалтпайды. Ол – бір буыннан келесісіне берілер тәрбие. Қоғам тыныштығы, ұрпақ тәрбиесі, отбасындағы береке – бәрі осы мақалдың мәнімен үндес. Ер – елдің тірегі, ал тірек мықты болмаса, үстіндегі жүктің бәрі құлайтыны анық. Сол үшін қыл арқанды ұстап тұру – парыз емес, аманат. Аманатқа қиянат жүрмейді.

Ендеше, бұл сөзді тек ескі дәуірдің ескерткіші деп емес, бүгінгі қоғамның темірқазығы ретінде ұғынуымыз қажет. Мойында шірімейтін арқан барын сезінетін азаматтар көбейсе, ертеңіміз де еңселі болады. Себебі сөз емес, әрекет сөйлейтін заман туды. Ал әрекетке арқау болатын – ар мен намыс.

Кейбіреулер ерлік тек соғыс пен қауіп-қатерде ғана көрінеді деп ойлайды. Жоқ. Бүгінгі ерлік – адал болу, отбасын асырау, баласына мейірімді болу, сөзіне берік болу. Осындай қарапайым, бірақ маңызды істер – күнделікті көрінбейтін ерлік. Қоғам да осыны күтіп отыр. Себебі ұсақ-түйек көрінгенімен, осы ұсақ нәрселерден үлкен сенім мен тұрақтылық құрылады.

Жас буынға осыны үйрету керек. Ер адам болу – тек жыныстық белгі емес, бұл – рухани мәртебе. Оған лайық болу үшін жүрек пен жауапкершілік қатар жүруі керек. Бала бойына осыны кішкентайынан сіңіру – үлкендердің міндеті. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесі – кешегі ұрпақ тәрбиесінің нәтижесі. Егер біз болашақта мықты, адал, ұлтжанды ұрпақ көргіміз келсе, бүгін әр баланың бойына ар мен ұяттың, уәде мен сенімнің, парыз бен аманаттың не екенін жеткізуіміз керек.

Сондықтан бұл сөз – ескі дәуірдің емес, әр күнгі өмірдің темірқазығы. Бұл – ұлы жауапкершіліктің үнсіз анты. Ер жігіттің мойнындағы арқанды ешкім шеше алмайды, оны өзі шірітсе ғана үзіледі. Ал оны сақтап қалатын – ар алдындағы адалдық, ел алдындағы жауапкершілік.

Бұл мақалдың астарында тек жеке адамның емес, бүкіл ұлттың тағдыры жатыр. Өйткені әр ер азамат – бір отбасының тірегі ғана емес, тұтас ұлттың болашағының бір бөлшегі. Ердің иығына артылар жауапкершілік тек өзінің өмірімен шектелмейді. Ол – ел алдындағы борыш, қоғам алдындағы парыз, ұрпақ алдындағы аманат. Осындай ауыр жүкті арқалау үшін тек күш емес, жүрек пен жігер, ақыл мен парасат керек. Ал бұл қасиеттер бүгінгі заманда туа бітпейді, тәрбиемен, орта ықпалымен, ішкі рухани ізденіспен қалыптасады.

Кейде өмірде сын сәттер болады – жақыныңнан да, туыстан да, қоғамнан да қысым көресің. Бірақ дәл осындай кезде ердің кім екені білінеді. Өзге үшін жеңіл көрінетін шешімді, ол ішкі ар-ұятымен таразылап барып қабылдайды. Өйткені ол мойнындағы көзге көрінбейтін арқанды сезінеді. Сол арқанды – ата-бабаның сенімі, анасының батасы, елінің үміті жіптей етіп есіп қойған. Осындайда ер азаматтың ішкі ар-намысы оның компасы болады. Қай жақтан дауыл соқса да, бағытынан таймайды.

 

 М.Серікұлы

 

 Түркістан облысы Дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

«Талдау» бөлімі маманы                                        

0 пікір