«Еңбек түбі – береке» – адал тірліктің исламдағы орны
«Еңбек түбі – береке» – адал тірліктің исламдағы орны
25.06.2025
195
0

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан даналық қазынасында «Еңбек түбі – береке» деген ұлағатты сөз жиі айтылады. Бұл мақалдың түп-төркіні қарапайым: адам өмірде қандай іспен айналысса да, маңдай терімен, адал еңбегімен өмір сүрсе ғана шынайы берекеге, тыныштық пен құрметке қол жеткізеді. Бұл ұғым тек ұлттық таныммен шектелмейді. Еңбекті қадірлеу, адал табысты дәріптеу – бүкіл адамзатқа ортақ құндылық. Оған әлемдік діндер мен өркениеттер де зор мән берген.

Адам үшін еңбектің қадірі – тек күнкөрісте емес, оның тұлға болып қалыптасуында, қоғамға пайдалы болуында жатыр. Әсіресе, адамгершілік пен ізгілікке негізделген діни дүниетанымдар. Соның ішінде ислам – еңбек пен адал тірлікті ерекше бағалайды.

Еңбек – адам өмірінің негізі. Адамзат тарихында даму мен өркендеудің басты қозғаушы күші – еңбек. Кез келген қоғамның алға жылжуы – оның мүшелерінің еңбекқорлығына, табандылығына тікелей байланысты. Бұл қағида бүгінгі таңда да өзекті. Еңбек – адамның өзін-өзі табуына, жеке қабілетін ашуына, қоғамға үлес қосуына жол ашады.

Еңбек арқылы адам тек материалдық байлыққа ғана емес, рухани кемелдікке де жетеді. Күн сайын бір істі тындырып, бір нәтиже көрген адам өзін қажет, маңызды сезінеді. Бұл – өмір сапасының маңызды бөлігі. Ал керісінше, жалқаулық пен немқұрайлық адамның өзіне де, айналасына да зиян.

Қазақ халқы да еңбекке ерекше мән берген. «Еңбексіз күн көрмес», «Еңбекпен ел көгерер», «Еріншектің ертеңі бітпейді» деген мақал-мәтелдер соның дәлелі. Мұндай нақылдар ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналған.

Адал табыс – берекенің бастауы. Еңбектің бағасы оның адалдығына байланысты. Адам қандай кәсіппен айналысса да, адал жолмен табыс тапса, оның берекесі де мол, өмірге әсері де оң болады. Ал керісінше, әділетсіз жолмен келген дүние адамға түбінде опа бермейді. Бұл өмір заңдылығы.

Адалдық – тек дінде емес, бүкіл адамзаттық моральдық құндылықтар жүйесінде ең жоғары қасиет ретінде бағаланады. Жас ұрпақты еңбекқорлықпен бірге адал болуға тәрбиелеу – отбасынан, мектептен, қоғамнан басталуы тиіс.

Ислам діні де осы ұстанымды қолдайды. Дінде адал жолмен табыс табу – сауапты іс, ал алаяқтық, өтірік, қулық – тыйым салынған әрекеттер екені баршаға белгілі. Бірақ бұл талаптар тек діни міндет емес, жалпы адами нормалармен де ұштасып жатады.

Ислам тек құлшылық пен рәсімдерді емес, адамның күнделікті өміріндегі жауапкершілікті де маңызды санайды. Бұл тұрғыдан келгенде, кез келген мұсылманның, жалпы кез келген адамның отбасы, қоғам, жұмыс алдындағы міндеті – адал әрі пайдалы тірлік ету.

Қазіргі таңда еңбек пен адал табыстың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ғылым мен технология қарыштап дамыған заманда еңбек бұрынғыдай тек физикалық күшпен емес, ақылмен, біліммен де жүзеге асады. Бірақ қандай салада болса да, адам адал еңбектенсе ғана ұзақмерзімді табысқа жете алады.

Жас ұрпақты еңбекке баулу – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Қолында барға мәз болмай, үнемі ізденіс үстінде болу, кәсіпке үйрену, пайдалы болуға ұмтылу – әр азаматтың парызы. Бұл – дінмен немесе идеологиямен ғана емес, өмірдің өзімен дәлелденетін шындық.

Мемлекет те, қоғам да еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азаматтарға зәру. Жастар тек дайын жұмыс іздеп қана қоймай, жаңа идеялармен, тың жобалармен еңбек нарығына келсе – еліміздің болашағы жарқын болмақ.

Адам қандай дінді ұстанса да, қандай ортада өмір сүрсе де, адал еңбек пен жауапкершілікті бағалау – нағыз кемелдіктің белгісі.

 

 

 М.Серікұлы

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                                                       

 

0 пікір