Ислам діні қазаққа жат емес. VII-VIII ғасырдан бастап Тұран даласына келген ислам дінімен түркі жұрты ерте танысқан. Қарахан мемлекеті кезінде мемлекеттік дін деңгейіне жетті. Тарихшылардың жазуынша Баласағұн қаласында моңғол шапқыншылығына дейін 240 мешіт, 10 медресе, 20 ханака болғандығын жазады. Ал Алтын Орда кезеңінде Өзбек хан тұсында ислам діні кең құлашын жайды. Қазақ хандығы кезеңінде өзінің жүрісінен жаңылмады. Көптеген қазақ хандары сыртқы дипломатиялық хат алмасулар кезінде өзін таныстыру мақсатында Аллаға мадақ айтып Пайғамбар (с.а.с.) салауатпен бастайтын.
Тұран даласындағы ислам мәдениеті араб жазирасына қарағанда ерекше дамыды. Соның бірі киіз үй жылжымалы мешіт ретінде өз қызметін атқарды. Ал медреселер әсіресе қазіргі Түркістан аймағында өте көп болды. Сол медреселерде тек қана исламның қатаң шариғи талаптары емес дүниелік ғылымдар да оқытылыпты. Ол уақтарда «он екі пән» деп аталған. Сол он екі пәннің ішіне – әліп, әбжат, әдеп, әптиек, тәпсір, әділет, әлеумет, көркем әдебиет, астрономия, медицина секілді ғылымдар оқытылған екен. Ал ең атақты медреселер – Көкілташ, Қарнақ болды. Қазақ даласына Кеңес үкіметі орнағанға дейін бұл медреселер өзінің қызметін атқарды.
Большевиктік билік бірінші орында қазақ даласындағы мешіт пен медреселерді бірінен соң бірін қиратып кейбірін қойма, атқораға айналдырды. Бәлкім содан болар Кеңес үкіметінің құрсауынан шыққан қазақ жұрты үшін дінмен қайта қауышу жұмақтың кілтін ұстағанмен тең болды десек артық айтқандық болмас. Осы жолда көптеген жас пен жасамыс мешітке ағылып сапқа тұрып діни құлшылықтарын өтегенге мәз болғаны бар. Қаржысы жеткендері Меккеге барып «қажы» атанып зәм-зәм суын елге ала келіп ағайын туысты шақырып бөліске түсіп жатты. Ал кейбірі білім қуып шетелге өздері нағыз таухид орнаған жер деп атайтын Таяу Шығыс елдеріне барып бірнеше жыл білім алып, елге оралды.
Сырт елдегі ішкі жағдайдан бейхабар жастарға сонда барып білім алу өмірлік мақсат болғандай. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде діни мамандар аз болды сол себепті ақ-қарасын айырып берер адам жетіспеді. Осыны пайдаланған шетелде оқып келген деструктивті діни ағым мүшелері көбейе бастады. Радикалды ойларға арбалғандары ел жұртты қойып өз ата-анасына кәпір деп, үстел басында бірге ас ішуден бас тартты. Тіпті шетелдік қорлар арқылы дін оқытамын деп колледж бен ЖОО-лар ашылды. Ал кейіннен жұмыстары заңсыз деп танылып барлығы дерлік жабылды. Қазіргі таңда шетелде діни білім алу қауіпті. Алғашқы діни танымын елімізде қалыптастырмаған жас талапкер онда болып жатқан жағадайлардан хабарсыз болса діннің орнына радикалды уағыздарға шырмалып өз еліне талақ айтуы да мүмкін. Сол себепті алғашқы білімді өз елімізде алып одан кейін ортақ меморандумға отырған ЖОО-ларға ғана баруға кеңес беріледі. Дегенмен еліміздің теологиялық оқу орындары жинаған тәжирибесі жоғары. Діни білімді шетелге шықпай-ақ осында алуға барлық мүмкіндіктер жасалған.
Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 ислам университеті, имамдардың біліктілігін арттыруға арналған институт пен 9 медресе жұмыс істейді. Бұл медресе-колледждерде «исламтану» мамандығы бойынша 3 жыл білім алып шығады. Атай айтар болсақ: «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі, «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресе-колледжі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледждері бар. Шетелдегі діни білім беретін ұйымдармен тәжірибе алмасып, тығыз жұмыс жасайды. Бұл колледжді бітіру арқылы дін саласынының маманы деген арнайы куәлік алып шығуға болады және еліміздегі кез-келген мешітте имам қызметін атқара алады.
1993 жылы Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Еліміздің діни ахуалын жақсартуда өзіндік маңызы жоғары. Сондай-ақ дінтанушы-теологтарды даярлайтын ЖОО-да баршылық. Бұл бағытта 1992 жылы ашылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін атай кету керек. Қазіргі таңда дінтану және теология кафедрасы ашылып студент саны көбейген. Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде еліміздегі жоғары оқу орнында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ және Ө.Жәнібеков атындағы Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті дінтанушы мамандар әзірлеуде. Бұл университеттерде жоғары білікті мамандар, профессор дәрежесін алған ғалымдар, докторлар мен магистрлер аз емес. Олар «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша оқытады. Ал елімізде емес шетелде оқимын деген талапкерлер үшін де елімізде қолайлы жағдай қарастырылған.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru