Еліктеумен ұстанған дін ұзаққа бармайды
Еліктеумен ұстанған дін ұзаққа бармайды
08.01.2026
469
0

Қазіргі қоғамда жыл сайын дінге бет бұрған адамдардың қатары артып келеді дегенімен, барлығы саналы түсінікпен, біліммен және жауапкершілікпен дінді ұстанады деп айту қиын. Себебі, қазіргі жаһандану дәуірінде дін мәселесі бұрынғыдан қарағанда оның  ақпараттық ашықтығы, әлеуметтік желілердің ықпалы, түрлі діни ағымдар мен көзқарастардың қатар өмір сүруі адамның діни танымына тікелей әсер етуде. Осындай жағдайда дінді саналы түрде түсініп ұстану мен еліктеуге негізделген діндарлықтың ара-жігін ажырату маңызды.

Бүгінде кейбір азаматтар дінді досына қарап, әлеуметтік желідегі уағызшыға еліктеп, сыртқы келбет пен әрекетке мән беріп қабылдап жатады. Ал кейбірі шетелде діни білім алып, жат елге қарап бағады. Бұл – еліктеуші діндарлықтың сипаты: белгілі бір ортаға, тұлғаға немесе уақытша әсерге қарап қабылдауы.

Еліктеумен ұстанылған дін алғашқы қиындықта-ақ шайқалады. Себебі ол білімге емес, эмоцияға сүйенеді. Орта өзгерсе – қиындық туындайды, сыни пікір айтылса – күмән туады. Түбінде еліктеуге негізделген діни ұстаным да әлсірейді не мүлде жойылады.

Бұл – діни тұрақсыздықтың айқын көрінісі. Мұндай жағдайда дін адамның рухани дүниесін тәрбиелемейді, тек сыртқы бейнеге айналады. Ал сыртқы әсерге құрылған діни таным – уақытша. «Еліктеумен ұстанған дін ұзаққа бармайды» деген тұжырым – осы мәселенің түп мәнін ашатын өмірлік қағида.

Еліктеуші діндарлықтың басты себептерінің бірі – діни сауатсыздық. Дінді үстірт түсінген адам жалған уағызға, теріс ағымдарға тез еріп кетуі мүмкін. Діни сауатсыздық – теріс ағымдардың басты құралы. Өз сенімін дәлелдей алмайтын, діннің мәнін білмейтін адам бөгде идеологияға тез еріп кетеді.

Нағыз діндарлық – саналы таңдау. Ол сұрақ қоюдан, сыни ойланудан, ізденуден басталады. Дәлел мен танымға сүйене отырып, ұлттық құндылық пен дінді қатар сабақтастыра біледі, дәстүрлі діни көзқарасты нығайту арқылы қоғамдық тұрақтылықтың маңызды тетігін құрады.

 Осы мәселеде Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп, сенімнің де ақылмен бекітілуі керектігін ескерткен. Еліктеуге негізделген сенім уақытша болса, ақыл мен жүрекке орныққан дін – өмірлік бағдаршам. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Сенім – ақылдың таразысынан өткенде ғана шын сенім болады» деп, дін мен ақылдың үйлесімін айқын көрсеткен. Дін – ең алдымен ақылмен ұғынылатын, жүрекпен қабылданатын рухани құндылық.

Саналы ақылмен табылған дін адамды – радикал көзқарастан қорғайды. Сондықтан ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерінің басты мақсаты – қорқыту емес, түсіндіру, тыю емес, ойландыру.

Қазақ халқы дінді ешқашан соқыр еліктеумен ұстанбаған. Біздің дәстүрлі діни танымымызда ақыл, ар-ождан, үлкенге құрмет, елге қызмет ету басты орында болды. Бұл – бүгін де өзектілігін жоғалтпаған құндылықтар.

Қорытындылай айтқанда, дін – сыртқы киімде емес, ниетте. Дін – еліктеуде емес, жүрек пен ақылда. Сондықтан еліктеумен ұстанған дін емес, санамен қабылданған сенім ғана адамды да, қоғамды да дұрыс жолға бастайды. Дінді еліктеу арқылы емес, саналы түсінікпен, біліммен және жауапкершілікпен ұстану – әрбір адамның рухани кемелденуінің кепілі.

 

 А.Дүйсен

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                  

 

 

0 пікір