Қай кезеңде болсын ғылым саласы мен білімнің дамуына қызмет ету кез келген мемлекет болашағына әсер ететін маңызды сатыдағы құбылыс. Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Бүгінгі мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі – білім беру жүйесін жастар талабына сай ету болып отыр.
Жастар – елдің ең белсенді, алғыр, жаңашыл қозғаушы күші. Қандай да бір жаңа технология, ғылыми жаңалық, қоғамдық өзгеріс – көбінесе жастардың бастамасымен іске асады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастарға артылар жүк бұрынғыдан да ауыр. Ақпараттардың жылдам алмасуы, ғылым мен технологиялардың ғарыштап дамуы, әлемдік бәсекеге қабілетті болу сынды мәселелерде жастардың алар орны орасан зор.
Білімді, тәрбиелі жас – болашақтың кепілі. Егер жастар жақсы білім алып, ғылыммен айналысып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірсе, елдің дамуы мен өркендеуі қамтамасыз етіледі. Әр бір жас әрбір мемлекеттің, ұлттың ертеңі – сол елдің жастарының тәрбиесі мен білім деңгейіне, олардың патриоттық рухы мен еңбекқорлығына байланысты. Жастарға инвестиция – елге инвестиция. Мемлекет пен қоғам жастардың дамуына жағдай жасағанда, сол жастар ертең елдің дамуына үлес қосады. Халқымызда «Ел ертеңі – жаста» деген терең мағыналы сөз бар. Бұл нақыл сөздің астарында үлкен үміт, сенім және жауапкершілік жатыр. Расында да, қай заманда болсын елдің болашағы сол елдің жастарына тікелей байланысты болған. Жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар.
Бүгінгі мектеп оқушысы, студент, болашақ жас маман – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын басшы, ғалым, мұғалім, дәрігер, құрылысшы сондықтан да олар білімді, тәрбиелі, отаншыл және елге пайдалы болуға ұмтылуы тиіс. Кез келген елдің болашағы – сол елдің жастарына байланысты. Сондықтан жастардың дамуы, тәрбиесі мен білімі – мемлекеттің стратегиялық маңызды мәселесі.
Тәуелсіз Қазақстанда жастарға үлкен сенім артылып отыр. Бүгінде Қазақстан жастарына барлық мүмкіндік жасалған. Тегін білім, жатақхана, шәкіртақы, түрлі гранттар мен бағдарламалар – мұның бәрі жас ұрпақтың дамуына бағытталған. Мемлекет білім алуға, кәсіп үйренуге, шығармашылықпен айналысуға, кәсіпкерлікпен шұғылдануға жол ашып отыр. Бірақ елдің ертеңі тек мүмкіндіктермен емес, сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланатын жастармен құрылады. Алайда мүмкіндікті пайдалану – әрбір жастың өз қолында.
Бос уақытын мәнсіз өткізбей, өзін дамытуға, жаңа нәрсені үйренуге, туған еліне, жеріне пайдасын тигізуге күш салу – бұл нағыз елін сүйетін жастың ісі. Хакім Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп жастарды елге қызмет етуге шақырған.
Қазіргі жастар – тәуелсіз елдің еркін ойлы, заманауи технологияларды меңгерген, бірнеше тіл білетін, әлемдік ойлау қабілеті бар ұрпағы. Бұл – үлкен жетістік. Жастар тек білімді ғана емес, ұлтжанды, тәрбиелі де болуы тиіс. Өйткені нағыз мықты ұрпақ – рухани бай, ел мен жерге адал қызмет ететін азамат. Енді осы білім мен мүмкіндікті ел игілігіне пайдалану – жастардың парызы.
Елдің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан әрбір жас өз болашағына ғана емес, елінің де болашағына жауапты екенін сезінуі керек. Жастар тәрбиелі, білімді, еңбекқор, отаншыл болса – еліміз де жарқын болашаққа сенімді қадам басады. Ендеше, еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, келешекке сенімді қадам басу үшін бүгінгі жасты жан-жақты дұрыс тәрбиелеу – басты міндетіміз. Әрбір жас азамат өзінің еліне, халқына қызмет етуді өмірлік мақсат етіп қойса еліміз әлемдік өркениет көшінің алдыңғы қатарынан бой көрсетеді. Ел ертеңі бүгінгі жастардың қолында екенін әрқашан есте ұстанумыз қажет.
Е.Ештай
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Ел ертеңі жастар!

Көп оқылғандар