Экстремизмнің алдын алу: тәрбие мен түсіндірудің маңызы
Экстремизмнің алдын алу: тәрбие мен түсіндірудің маңызы
04.02.2026
299
0

Қазіргі жаһандану кезеңінде әлемде болып жатқан өзгерістер адам өміріне тікелей әсер етуде. Ақпараттың жылдам таралуы, интернет пен әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылуы қоғамға пайдалы мүмкіндіктермен қатар, түрлі теріс ықпалдардың да таралуына жол ашып отыр. Осындай жағдайда адамдардың, әсіресе жастардың санасына дұрыс бағыт беру бұрынғыдан да маңызды бола түсті.

Бүгінде жастар әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді толық сүзгіден өткізбей қабылдап жатады. Кейбірі өмірлік тәжірибенің аздығынан немесе өз орнын таба алмай жүргендіктен, күмәнді ойларға еріп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайлар олардың болашағына ғана емес, жалпы қоғамның тыныштығына да қауіп төндіреді. Сондықтан мұның алдын алу үшін ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу қажет.

Отбасында берілетін тәрбие баланың тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етеді. Ата-ананың балаға уақыт бөліп, оның ойымен санасуы, дұрыс пен бұрысты сабырмен түсіндіруі – кез келген теріс жолдан сақтайтын басты факторлардың бірі. Үйінде жылулық пен түсіністік көрген бала сырттан келген күмәнді ұсыныстарға қызыға бермейді, өз таңдауына жауапкершілікпен қарайды.

Білім беру мекемелерінде де бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс. Мұғалімдер мен ұстаздар тек білім беріп қана қоймай, жастарға адамгершілік, төзімділік және өзгенің пікірін құрметтеу сияқты құндылықтарды сіңіруі қажет. Ашық пікір алмасу, өмірлік мысалдар арқылы жүргізілген әңгімелер жастардың ой-өрісін кеңейтіп, кез келген ақпаратқа сын көзбен қарауға үйретеді.

Түсіндіру жұмыстары адамдардың санасына шынайы ақпаратты қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге бағытталуы керек. Көп жағдайда теріс бағыттағы ойлар әдемі сөздермен, жалған уәделермен ұсынылады. Егер адам оның салдарын алдын ала түсінсе, мұндай ықпалға ермейді. Сол себепті қоғамда ашық диалог орнатып, әрбір мәселені қорқытпай, қысымсыз түсіндіру маңызды.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер жастардың негізгі ақпарат көзіне айналғандықтан, интернеттегі мазмұнға да ерекше мән беру қажет. Пайдалы, ой салатын, дұрыс бағыт көрсететін ақпараттың көбеюі жастарды күмәнді көзқарастардан алыстатады. Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да маңызды рөл атқарады. Спорттық, мәдени және шығармашылық шараларға қатысқан жас өз қабілетін дамытып, қоғамға пайдалы болуға ұмтылады.

Жастарға қолдау көрсету, олардың болашаққа деген сенімін арттыру – экстремизмнің алдын алудағы маңызды қадамдардың бірі. Жұмысқа орналасу, мамандық таңдау, өз орнын табу сияқты мәселелерде көмек алған жас өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінеді. Ал өзін қажет сезінген адам теріс бағыттағы ойларға қызығушылық танытпайды.

Экстремизмнің алдын алу – бір ғана салаға жүктелетін міндет емес, бұл бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр адам өз ортасында сабырлылықты, сыйластықты және түсіністікті сақтай білсе, қоғамда бейбіт өмір қалыптасады. Үлкендер жастарға сөзбен емес, ісімен үлгі көрсеткенде ғана тәрбие өз нәтижесін береді.

Осылайша, қазіргі қоғамда тәрбие мен түсіндіру жұмыстарының маңызы күн сайын артып келеді. Адам санасына ерте жастан дұрыс құндылықтар сіңірілсе, ол кез келген теріс ықпалға қарсы тұра алады. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – әрбір азаматтың саналы таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты.

                            

 Г.Бекжан

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  теолог маманы                                                           

 

 

0 пікір