Экстремизм - «шеттеу» яғни орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету деген мағына береді – жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы дегенді білдіреді.
Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм, терроризм деген ұғым да, түсінік те жоқ. Бұлар ислам дінінің өзегімен мүлдем сәйкеспейді. Мысалы, ислам дегеннің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты-әлемдегі адамзат арасында бейбітшіліктің болуына негізделген. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталатын топтардан басқа мүдделер мен себептерді іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.б. мақсаттарына зер салып тексеру қажет. Тағы бір мәселе, «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың пиғылы бөтен екендігін де білгеніміз жөн. Егер олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористерді немесе экстремистерді айыптар еді. Алайда олардың білместіктен немесе әдейі белгілі бір мүдде үшін исламға тіл тигізіп жатқандықтарына куәгер боламыз. Террорист ұйымның мүшесі кез-келген бір мұсылман мемлекетінің азаматы болуы мүмкін. Осы тұсты пайдаланып, кейбір ақпараттар дереу «мұсылман террористер» деп айыптауға көшеді. Өзге діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың дініне тіл тигізбей, басшысының аты, шыққан жері немесе саяси көзқарасы туралы ғана айтылады. Мысалы, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашан «Христиан террорист Баск тобы» деп айтылмайды. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «Католик христиан террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес. Токио метросында улы газ шашып көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапон буддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористер» деген сөзді қолданыста да кездестірмейсіз. Біреулер үшін террор – саяси және жеке мәселелерді шешудің әдісі болса, ал тағы біреулер үшін – ұлы апат. Сондықтан, мұның негізінде белгілі бір дінді жағымсыз етіп көрсету секілді көзқарастарды қалыптастырудың тұрғанын айта кетуге болады. Терроризмнің түп-тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдемелер ешқандай сын көтермейді. Өткені, терроризм белгілі бір идеологияны пайдаланатын құрал болып табылады.
Діни экстремизм – тарихи дәстүрлі қалыптасқан ортаның өзіндік қарым-қатынасын бұзатын және оны көпшіліктің еркінен тыс тек өз мақсатына жұмсау үшін азаматтардың ерік-құқығын түрлі тәсілмен шектеу арқылы ортада тарихи қалыптасқан тіпті, саяси экономикалық қалыптардан тыс көзқарасты ұстану және шектен шыққан бұзақы, теріс пиғылды әрекеттер. Оның салдары қандай да бір қоғамды бүлік, көпшіліктің талабына қарсы әрекеттер: аласапыран анархия, қан төгу, қылмыстар жасалуына азаматтарды мақсатты түрде дайындау, бағыттау, мәжбүрлеу түрінде ел, ұлт, мемлекет жетістігін жоққа шығарып, ұзақ ғасырларда қалыптасқан ұлт түзуші құндылықтар – әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр, діни ұстаным негіздерін жоққа шығару.
Діни экстремизм дегеніміз – саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе айтқанын орындатуға ұмтылады. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығы – осының дәлелі. Сонымен қатар, көптеген діни ағымдардың пайда болуына байланысты, қоғамда кері саяси ұғымдардың пайда болуы, адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр.
Экстремизмнің бірінші белгісі адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Экстремистердің екінші себебі, олардың ешбір қажеті болмаса да әр істе шектен тыс шығып кетуге бейім тұруы. Басқаларды да осыған итермелейді. Нәтижесінде адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқып, әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады. Экстремистік көріністің үшінші түрі, сырт көзге байқалмайтын, адамдарға деген күдік пен сенімсіздіктен туады.
Экстремизмнің алдын алу:
- Келешек ұрпаққа рухани тәрбие беру;
- Халық арасында діни сауаттылықты арттыру;
- Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру;
- Жастарға салт-дәстүрді үйрету;
- Жастарға ұлттық құндылықтар мен ұлттық тілді дәріптеу.
Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта қоғамда өзекті болып жатқан мәселелердің бірі. Экстремизмнің алдын алу үшін жоғарыда айтқандай, халықтың арасында діни сауаттылықты арттыру ең маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ, болашақ жастарға қазақтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрді дәріптеу керек. Осыншама кең байтақ жерді сақтап қалу үшін тарихты, дінді, тілді сақтап қалу басты міндеттеріміздің бірі. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы Н.Әмзеев
Экстремизмнің алдын алу мәселелері