Экстремизм – бүгінгі күннің басты күн тәртібінен түспей тұрған тақырып. Шағын конференциялар мен БҰҰ деңгейінде үнемі талқыға түсіп жатады. Қазіргі таңда жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер деп айтсақ артық болмас. Экстремизм деген терминге нақты берілген анықтама жоқ. Ғалымдар мен сарапшылар түрлі мағына береді. «Экстремизм» (extremus) латын тілінен енген термин, сөздік мәні «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді, саяси мағынасы экстремизм бойынша бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл тікелей немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі. Қазіргі таңда экстремизмнің келесідей түрлері жайында жиі айтылады: саяси, діни, ұлттық, экономикалық, экологиялық экстремизм, интернеттегі экстремизм және жастар экстремизмі. Барлығына болмаса да ішін ара шолып өтейік.
1. Саяси экстремизм - бұл саяси идеологияның шектен тыс дәрежеде қабылдануы, өз көзқарасынан басқа барлық көзқарастарға төзбеушілік, басқалардың өміріне, бостандығы мен құқықтарына немқұрайлы қарау көрініс тапқан саяси мақсаттарды қабылдау. Ол саяси билік пен саяси күрес пайда болғаннан бері бар. Көп жағдайда белгілі бір елдегі мемлекеттік жүйені, саяси режимді түбегейлі өзгертуге бағытталған.
2. Діни экстремизм – белгілі бір дінді түсіндіруде өте радикалды және фундаменталистік көзқарастарды ұстануымен ерекшеленетін әртүрлі діни ұйымдар мен конфессияларға, топтар мен ағымдарға жататын жеке тұлғаларға тән белгілі бір діни идеология мен іс-әрекетке негізделген экстремизмнің бір түрі болып табылады. Олар қолданыстағы діни дәстүрлерді түбегейлі өзгерту немесе жою мақсатымен бітіспес қарсыласуға (физикалық зорлық-зомбылықты жан-жақты қолдану, билікті күшпен басып алу, мемлекеттік жүйені күштеп өзгерту секілді әрекеттерді қоса алғанда) барудан тайсалмайды.
3. Ұлттық экстремизм – ұлттық мәселені шешудің ең тиімді құралы басқа ұлттар мен нәсілдерге төзбеушілік, ұлттық эксклюзивтілікке, максимализмге деген сенім ретінде күш қолдану тәжірибесінің идеологиясы."Өз ұлтының" мүдделерін, оның құқықтарын, мәдениеті мен тілін қорғау тұрғысынан әрекет ете отырып, басқа ұлттың және этникалық топтардың осындай құқықтарын қабылдамайды. Экстремизмнің бұл бағыты сепаратизммен тығыз байланысты және көпұлтты халқы бар мемлекеттердің құлдырауына әкеліп соғады. Осы анықтамаларды талдай келе «экстремизм» сөзінің қоғамда көрініс табуының негізгі белгілері пайда болады.
1) Мемлекетте діни диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни, бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық кұқыктарын кемсіту;
2) Елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды;
3) Заңсыз қарулы жасақтар құрады;
4) Елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді;
5) Елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға тырысады.
Діни экстремизмнің шығуының басты үш негізі бар. Біріншісі діни сауатсыздық. Дінге толыққанды діни таным-түсінікпен келмеу, оның негізгі қағидаттарын дұрыс ұғынбау діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып табылады. Екіншісі теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еру арқылы қалыптасқан жаңсақ сенім. Ал, үшіншісі әлеуметтік мәселелер. Көп жағдайда жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеология жетекшілері олардың санасына шетін көзқарасты сіңіреді.
Экстремистік бағыттағы қылмысқа жыл сайын әлем бойынша қаншама адам тартылып жатады. Соның бірі біздің еліміз. ҚР ҰҚК мәліметіне сәйкес 2025 жылы қараша айындағы діни экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген айыппен 83 адам ұсталып 97 адам сотталған. Көбісі әлеуметтік желіде діни экстремистік материалдарды таратқан. Осыған байланысты 2005 жылдың 2 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. Экстремизм туралы заң ҚР ҚК 174 бабында көрініс береді. 174-баптың 1 тармағында: «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасаған адам екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Бұл баппен жауапкершілікке тартылатын қоғам өкілдерінің жас ерекшелігі де әр түрлі. Көбіне көп сот залында жауап беруші тұлғалар деструктивті діни ағым мүшелері екенін байқап жатамыз. Себебі не? Әрине радикализмге негізделген Таяу Шығыс елдеріндегі қатаң доктриналарды пайдаланып біздің еліміздің Конституциялық нормаларына қарсы шығу және жоққа шығарып азаматтарды сол сенімге иландыру. Әлеуметтік желінің күшін пайдаланған теріс діни ағым өкілдері өздерінің арам пиғылдарына түрлі жастағы азаматтарды торға түсіріп жатады. Әрине оның ішінде егде жастағы адам, бозбала мен бойжеткен де бар. Сондай-ақ аталмыш баппен еліміздің солтүстік өңірлерінде тұратын кейбір азаматтар еліміздің заңды шекарасын мойындамай сепаратистік пиғылмен тәуелсіздігімізге қатер төндіретін кейбір жат пиғылды пікірлерін айту арқылы да сот залында жауап беріп темір торда жазасын өтеп жатады. Ал қылмыс жас таңдамайды. Жаза басқан соң оның өтемі де болады.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru