Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
20.09.2024
427
0

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени құндылықтарды дамытуға бағытталған. Тіпті бұл ойындар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді.

Бұл додалы сайыстың мақсаты мен міндеттері: Қатысушы елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту арқылы дүние жүзіндегі көшпелі халықтардың мәдениетін сақтау және жаңғырту; Әлемнің көшпелі халықтарының ұлттық спорт түрлерін сақтау және халықаралық деңгейге көтеру; Әлемде этникалық спортты дамытуға және насихаттауға арналған мекемелерді қолдау.

Ойындарды өткізудің тағы бір мақсаты – ойындарды өткізетін елдің туристік әлеуетін арттыру.

Тарихқа көз жүгіртсек, бірінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2014 жылы өтіп, кейінгі екеуі де (2016 және 2018 жылдары) осы елде ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті.

Әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 8-13 қыркүйек күндері Қазақстан Астана қаласында өтті.

Астанада «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылып, онда әрбір келуші қазақ халқының және қатысушы елдердің мәдениеті, салт-дәстүрімен таныса алатын мүмкіндікке ие болды. Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны – «Ұлы дала дүбірі»

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.

Көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 21 түрінен жарыс өтті. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.  Дүбірлі додаға 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысты.

Шетелдік құрамалардың өтініші бойынша жарыс барысында дәстүрлі садақ атудан қосымша «пұт», «қалқан» және «жамбы» нысаналары бойынша қыздар сайысы қосылды. Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43 алтын, 32 күміс және 37 қола жүлде.

Екінші орынды Қырғызстан ойыншылары еншіледі. Қырғыз спортшыларының қоржынына 65 медаль түсті. Оның 19 алтын, 21 күміс және 25 қола медаль.  

Медаль саны бойынша үшінші орынды Ресей спортшылары иеленді. 12 алтын, 12 күміс және 25 қола – жалпы 49 медаль жеңіп алды.

Астанадағы этноауылда өткен жабылу салтанатында келесі алтыншы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылы Қырғызстанда өтетіні жарияланды. Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа ДКО символы – торсықты табыстады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – түбі бір түркі елдерін, көшпенділер өркениетінің әлем елдеріне танылуына әсері мол. Көшпенділер ойындары олимпиадалық спорт секілді әлем халықтары тарапынан мойындалып, дүниежүзілік спортта өзіне лайықты орнын алады деп сенеміз.

  

Айдана Сейдуәлі

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір