Қазіргі ақпараттық қоғамда әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Интернет арқылы ақпарат тарату жылдам әрі кең аудиторияны қамтитындықтан, дін мәселесіне қатысты уағыз айтатын түрлі пікірлер де еркін таралуда.
«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, осы күндері жасына жетпей ата сақалы беліне түсетіндерді де, арнайы діни сауат алмаған жап-жас басымен уағыз айтатындарды да көріп жүрміз. Тіпті, жас қыздар да елге уағыз айта бастады. Әсіресе бүгінгі күні ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде шетелдік уағызшылардың саны көбейді. Қарапайым халық бұл дін насихатшыларын тыңдағанда қайсы дұрыс, қайсы бұрыс айтып жатқанын ажырата алмайтын жағдайға жетті. Олардың айтылған насихат мәселесіне келсек, Отан, ұлттық құндылықтар деген сөз шықпайды. Тек бір дінмен шектеледі. Қазір осындай дінге қатысы жоқ дүмше білгіштер дінді насихат көзіне айналдырып жіберді.
Осы жағдайда діни білімі жеткіліксіз, белгісіз адамдардың әлеуметтік желілерде дін туралы уағыз айтуы кең таралған құбылысқа айналды. Қазақ халқы мұндай жағдайды ертеден «Дүмше молда дінді бұзар» деген нақыл сөзбен сипаттаған. Қазақ тіліндегі «дүмше молда» термині діни білімді толық меңгермеген, бірақ өзін дін маманы ретінде көрсететін адамды білдіреді. Мұндай адамдар көбіне діни мәтіндерді үстірт түсініп, оларды ғылыми немесе тарихи контекстен тыс түсіндіреді.
Бүгінде әлеуметтік желілер дүмше молдалар үшін өз идеяларын таратуға қолайлы алаңға айналып отыр. Олар қысқа бейнероликтер, посттар немесе тікелей эфирлер арқылы аудитория жинап, өз көзқарастарын діни ақиқат ретінде ұсынуы мүмкін.
Әлеуметтік желілердегі діни ақпараттың ерекшелігі
Ақпараттың тексерілмеуі – кез келген адам өзін дін маманы ретінде көрсете алады.
Діни білімсіз адамдардың дінді түсіндіруі қоғамда қате түсініктердің қалыптасуы
Эмоциялық әсердің басымдығы – қысқа әрі әсерлі контент адамдардың эмоциясына ықпал етеді.
Тексерілмеген ақпараттың жылдам таралуы – бір пікір немесе бейнеролик мыңдаған адамға қысқа уақытта жетеді.
Осындай жағдайлар дін туралы қате түсініктердің таралуына жол ашуы мүмкін.
Дүмше молдалардың қоғамға әсері
1. Діни мәтіндерді бұрмалау
Құран аяттары немесе хадистер контекстен тыс түсіндіріліп, олардың шынайы мағынасы өзгеруі мүмкін.
2. Қоғамдық алауыздық тудыру
Кейбір уағыздар қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды немесе ұлттық салт-дәстүрді терістеуі мүмкін.
3. Жастардың санасына әсер ету
Жастар әлеуметтік желілердің негізгі аудиториясы болғандықтан, олар радикалды немесе қате діни идеяларға оңай еруі мүмкін.
4. Дін мен дәстүрдің арасын қарсы қою
Дүмше молдалар кейде ұлттық мәдениетті дінге қарсы құбылыс ретінде көрсетуге тырысады.
Мәселені шешу жолдары
Әлеуметтік желілердегі дүмше молдаларды шектейтін арнайы заң шығару. Нәтижесі сапалы діни контенттің көбеюі жалған ақпараттың ықпалын азайтады.
Қоғамдағы діни-құқықтық сауаттылықты арттыру. Адамдар интернеттегі ақпаратты сын тұрғысынан қабылдауды үйренеді.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану білімін жүйелі түрде оқыту маңызды.
Кәсіби дінтанушылар мен имамдардың ақпараттық кеңістіктегі белсенділігі ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға серпін береді.
Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы, діни экстремизм мен жалған діни ақпараттың алдын алады.
Әлеуметтік желілердегі дүмше молдалардың белсенділігі қазіргі қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Діни білімсіз адамдардың дінді түсіндіруі қоғамда қате түсініктердің қалыптасуына және әлеуметтік қайшылықтардың туындауына әкелуі мүмкін. Діни сауатты қоғамда радикалды идеялардың таралу ықтималдығы төмендейді, дін мен ұлттық мәдениет арасындағы үйлесім сақталады, діни мәселелерге қатысты сындарлы көзқарас қалыптасады.
А.Дүйсен
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім басшысы
Дүмше молда – дінді бұзар

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru