Қазақ халқының жүрегінен орын алған киелі аспап – домбыра. Екі ішектің үнімен талай тарихты толғаған, елдің мұңын да, қуанышын да жеткізген домбыра – халқымыздың мәдени коды, рухани мұрасы, ұлттың үні. Домбыраның шанағынан төгілген әрбір күй – бір-бір дастан, бір-бір тарих. Ол ұлттың басынан өткен кезеңдерді, ерлік пен елдікті, махаббат пен сағынышты шебер жеткізеді. Күй арқылы сөзсіз сөйлеп, тыңдаушыны тербейтін мұндай өнер әлемде сирек.
Домбыра – жай ғана аспап емес. Ол – тәрбие құралы. Ұлттық болмыстың өзегінде тұрған бұл мұраны ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Домбыра тартуды үйрету арқылы біз ұлттық сана, эстетикалық талғам, тарихты құрметтеу сынды маңызды құндылықтарды жастарға дарытамыз.
Ислам дінінде өнер атаулы адамның жан-дүниесін көркемдеуге, жақсылыққа үндеуге қызмет етуі керек. Домбырадан төгілген күй – дәл осы мақсатқа сай: ол жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа жетелейді. Нағыз күйдің үні – тыныштық пен тәртіпке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулиды. Бұл – ислам құндылықтарымен үндесетін асыл қасиеттер. Домбырамен айтылатын терме, толғау, жырлардың көпшілігі жастарды имандылыққа, ата-ананы сыйлауға, адал еңбек етуге, ұят пен арды сақтауға тәрбиелейді. Қаншама жырларымызда «Алланың алдында жауап бересің», «Ата-анаңа жақсылық қыл», «Біреудің ақысына тиме» деген тәрбиеге толы сөздер кездеседі. Бұл – қазақы болмыстың дінмен біте қайнасып жатқанын көрсетеді.
Домбыра – қазақ үшін тек аспап емес, ол – насихат құралы. Бұрынғы жыраулар мен ақындар елді дінге, бірлікке, тәртіпке шақырып, термемен тəрбие берген. Сол себепті жастарға домбыраны үйрету – оларды мәдениеттілікке, сабырға, тәртіпке, діни құндылықтарды құрметтеуге баулудың жолы.
Бүгінде жастардың арасында домбыраға қызығушылық артып келеді. Бұл – қуанарлық. Алайда сол қызығушылық мазмұнмен, мәнмен толығуы керек. Жастар тек күй шертіп қана қоймай, оның ар жағындағы тәрбие мен руханиятты да сезіне алуы қажет. Сонда ғана домбыра – иман мен рухты тәрбиелейтін құралға айналады.
Кейбір радикалды діни ағымдар (мысалы, уахабизмнің жекелеген өкілдері) домбыраны, күй өнерін және дәстүрлі жыр-термелерді харам деп санайды. Олар музыканы «саз» ретінде ғана көріп, оны исламға қарсы нәрсе деп қабылдайды. Бұл ағымдардың пікірлері көбінесе:
• «Домбыра – уақытты босқа өткізу»,
• «Музыка – адамды күнәға итермелейді»
• «Шариғатта музыкалық аспаптарға рұқсат жоқ»
– деген сияқты біржақты және шала түсініктерге негізделген. Алайда дәстүрлі ислам (ханафи мәзһабы) мен қазақтың салт-дәстүрінде мұндай түсінік жоқ. Керісінше, ислам діні жақсылыққа, тәрбие мен рухани кемелдікке шақыратын өнер түрлерін қолдайды.
Домбыра:
• Халықтың рухын көтерген;
• Жақсылық пен жамандықты айырып беретін термелерді жеткізген;
• Имандылыққа, ата-анаға құрметке, сабырға шақырған.
Мұндай мазмұндағы өнер исламның тәрбиелік мақсаттарымен қабысады.
Домбыраны жоққа шығару – бұл тек аспапқа емес, қазақтың тарихи жадына, мәдени коды мен рухани тамырына қарсы әрекет. Мұндай ағымдар ұлтты өз болмысынан айырып, рухани жұтаңдыққа апарады.
Домбыра – қазақ халқының тарихын, дінін, салтын, рухын бойына сіңірген киелі мұра. Бұл аспап ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, ұлттың рухани діңгегіне айналды. Домбыра арқылы қазақ тек өнер емес, тәрбие, имандылық, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді де ұрпағына жеткізді.
Қазақ үшін дін мен дәстүр ұштастығы – бір-бірінен бөлек емес, біртұтас ұғым. Домбыра – осы бірліктің нақты белгісі. Жастар домбырамен тәрбиеленсе, олар салтты да, иманды да, ұлттық болмысты да бойына сіңіреді. Бұл – ел болашағы үшін маңызды рухани іргетас.
Д.Зиябек
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Домбыра – асыл мұра

Көп оқылғандар